Тегін тамақ іздеп, қай үй қазан түсіргенін аңдитын адам. ~ Сағымбай мен Ниетқара әсіресе осындай сәтті дүр жібермеуші еді. Ауыл арасында түтін аңдушы деген ертеден келе жатыр. Түтін аңдушының баққаны әлбетте қазанның оттан түсуі ғой. Түтіні басылған үйдің кілті бұрап ашылып Ниетқара кіріп барсын деңіз… Ғ.Сл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮТІП ЖЕДІ
Қатты қысты, ұрысты; басына әңгір таяқ ойнатты. ~ — Сабыр етіңдер! Болысқа айтайық! Айтқандарыңды істейік,- деп, топты тоқтатып болыс үйіне кетті. Жігіттер желдей гулейді, судай толқиды, ду-ду етеді. Кідірмеді. Тілмәш шықты. Жігіттер түрі бұзық, тілмәшті түтіп жеп қойғандай. Ж.Айм. ~ — Ол ұзақ кеңес, мырзам. Қайтқанда қайық үстінде айтармын ол кеңесті. Әзірге өз көңілімді аяқтайын. Сенің де, әкеңнің де жаны сол Кераланың бұйрығымен қалды, әйтпегенде, түтіп жейтін еді, сендерді балықшылар. С.Мұқ. ~ «Біраз тексерген болып, аты-жөнін, мекен-тұрағын, онан соң өзі сияқты «оттан көйлек киіп», өрепкіп жүрген идеяластарын сұрап көр. Бізді түтіп жегелі тұрған мына тобыр тарасын. К.Сег. ~ Сұр жейделі бейтаныс бәсекелесін түтіп жеп жіберердей өршеленіп, атын тебіне түсті. Б.Ыбырай.
ТҮТІН АҢДЫДЫ
Тегін тамақ іздеп, қай үйден түтін шығып, қазан көтеріліп жатқанын бақылады. * Түтін аңдып жүретін, өлеңінде бес тиындық құн қалмаған салдаман әншілер де, тарысы піскеннің тауығы бола кететін «Бөстекі» даяшылар да келді. Ж.Айм. ~ Тезекбай ел қыдырып, зекет, садақа жинаған, ет, қымыз іздеп түтін аңдыған кісі емес, ондай сұқым, сімтік шалдарды қайта шенеп жаратпай; «Не бар екен? Жатсайшы!» — деп отыратын. Ж.Айм. * Келмек тұрып сұңқа адым, жұлық жамап қаңғып жүр, қатқан бар деп қай үйде – көкше түтін аңдып жүр, Жамауменен жан сақтап, қара басын қамдап жүр. Ж.Айм. ~ Ал Рекең елдің жақсы- жаман көруін елеп- ескермейді. Әсіресе көктемнің көк ішек, күздің тоқты тоймас жүдеу бүрсең кезінде, өз үйінде күтімі болмаған шақта, әр үйдің түтінін аңдиды. Т.Рыс.
ТҮТІП ЖІБЕРГЕНДЕЙ
Қыспаққа алып, жер жебіріне жете ұрысты. * Майбасар мен Тәкежан Дәркембайдың екі жағынан алқына сыбырлап: – Өшір үніңді, қақбас! – деп, сол арада бүріп, түтіп жібергендей болып еді. М.Әуез. ~ Долырған Жанымбике тіке мені түтіп жіберердей боп төбемнен төнгенде, ежелгі бұққыш әдетіме басып құнысып, жерге кірердей боп қатты састым. Ө.Кәр. ~ Бірақ мұны өзі аңғарған жоқ, баласына төнген қауіп-қатер атаулыны осы қазір ұстап ап түтіп жіберетіндей тарамыс, салалы қолдарын алға созып, бөлмеде әрлі-берлі теңселе бастады. Ж.Нәж.
ТҮРТКІ БОЛДЫ
Әлдебір іс-әрекеттің қозғаушы күші, себепшісі, бастауы, итермелеуші негізі болды. ~ Содан ойлана жүріп ой түйді ме екен, әлде бүгінгі менің мына жағдайым… екеуімізге ортақ, жан біткен нәресте түрткі болды ма екен, не де болса жәй ұйқы ашар әңгіме емес, күйеуімнің ар жағын ашып келеді. Т.Ахт. ~ Осы екі журнал мен бір газеттің жұмысына қазақ иялыларының атақты тұлғалары араласып, қазақ халқының мүддесіне қатысты маңызды тақырыптарды қозғап, ұлттық ой-сананы оятуға түрткі болды. Жабыла оқитынбыз. Бас қосқан жерде қызу талқылайтынбыз. А.Жақс.
ТҮСІ ҚАШТЫ
Өңі бозарды, құп-қу болды. ~ Шұңғыл шатын, мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан ғой. Ж.Айм. ~ Бейшара Оразкеннің түсі қашқан, Жылауға, қозғалуға есі адасқан. «Аяғым ауыр, қой деймін!» – деп айтқанда, Дүр қамшы ойнап кеткен қайран бастан. М.Жұм.
ТҮС АУА
Түс қайтып, күн екіндіге бет алған кезде. . ~ Түс ауа босқындарды барып көріп кел деп үлкен ұлын жұмсап еді, көп ұзамай қайтып келді. Өңі сұп-сұр Қалың кірпіктері жаппай көтеріліп, бадырақ ала көзіндегі бар үрейді жарқыратып жайып салыпты. Ә.Кек.~ Арысқа түс ауа жетті. Күн жексенбі еді. Балалары үйде екен. Есік алдына тоқтаған арбаны көріп, Есіркеп майкасымен далаға жүгіре шықты. Д.Ис. ~ Орта жайлаудың мал тұяғымен шаңы шыға бастағасын төр жайлауға қарай көшкен ауыл араға екі қонып межелі қөне қонысқа түс ауа әзер жеткен. Қ.Мүб.
ТҮСІ СУЫҚ (ТҮСІН СУЫТТЫ)
Жүзінен ызбар зіл, қаскөйлік нышаны байқалады. Бұларды қуып үш-төрт жылқышы да шауып кетті. Жылқышылар екі-үш рет ұрысып, қағысып, байқасып шықты, Бұл жолғы жау бұрынғылардан гөрі бата қимылдайтындай түсі суық, екпінді еді. М.Әу. ~ Оның ойын есіктің сықыры бөліп жіберді. Әкесі екен. Түсі суық, қабағы қатыңқы. К.Сег. ~ Жатқанда екі кісі түсіме енді, Қасыма түсі суық кісі келді. Кісінің сипатынан қорыққаннан: «Жаһанда мен көрмеген кімсің? — дедім. Шортанбай а. ~ Бәлем саған қылармын, Сен сыяқты шұбардың Түсі суық жыланның, Жағасынан алмаққа, Жыға сүңгі салмаққа Қашаннан-ақ құмармын! Ж.Жаб. ~ «Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлитынын» білесің бе? Қалалы жерде татардың баласы бұзық боп өседі қанына тартып, — деп түсін суытты. С.Досж. ~ Құлайғыр мынадай малғұн мұндарға ишарат етіп, өз аузы мен аттың аузын қолымен ымдап «ауыздығын ал» деп момақан ғана белгі береді. Бірақ шерік оны істемейді. Қайта бой тартыңқырай, сыр бергісі келмегендей түсін суытады. Ж.Ахм. ~ Егер Рәш: «Ал айт! » деп түсін суытқанда, бала жым болатын еді. Рәш босқа сасқалақтады. Бұдан хабарсыз Тұрғанқұл.- Рәш тамақ суып барады деп отыр ғой. Кейін айтарсың! — деп желеу шақырды. Т.Әл.
ТҮС АУДЫ
Тал түс өтіп, күн батысқа еңкей бастады. ~ Түс ауып бесін болды, жолаушылар жарым жолды да жүрген жоқ. Ә.Бөкей. ~ Жақпар тастың иек артпасынан басын шығарып қана айналаны шолып жата берген. Күн түс ауды, Шекеннен әлі хабар жоқ. Уақыт өткен сайын тыпыршуы да көбейген. К.Жүн. ~ Бәлкім, ештеңеге көңілім соқпай, үй төңірегінде айналақтап жүрдім. Немесе, алыс дала, бұлдыр тауға қарап, көлеңкеде отырдым. Әйтеуір, түс ауды, бесін өтті, екінті болды. Қып-қызыл, қанды шапақ күн көкжиекке жанасты. М.Мағ.
ТҮС ЖОРЫДЫ
Түске енген жағдайларға қатысты жорамал айтты. ~ Қанат оның оң ұртындағы әдемі шұңқырға көзі түскеннен-ақ бір түс жорытқалы келе жатқанын сезеді де: — Бүгін қандай түс көрдің? — деді күліп. Н.Сер. ~ Ендеше, оқып көр, — деп Бескемпір шалқалап жатты. Қыздың кекжиген иегін көрді, қараңғыда аппақ бұғағы қара суда жүзген аққудың алқым төсіндей көрінді. — Түнде түс жорымайды дейді қазақ. Дегенмен, азабың көп болса да сен бақытты екенсің. Қ.Ысқ.
