Менсінбеді, ~ Сонда әңгіштайдың өзім секілді бар баласы маған қызыға да қызғана қарайтынын сезетінмін. Жағымсып менімен дос болуға, менімен ойнауға құштар екендерін біліп танауымды шүйіремін. О.Бөк. ~ Көктерек ауылының тұрғындары арқаны кеңге салып, пішеннің қалғанына менсінбей қарауға айналды. Қорадағы қой мен сиыр бейпіл шөпке бас қойғандай еді, көпке бармай олар дағы танау шүйірді. М.Байғ. ~ Қара ала гүжбан қара — ала сиырға қарызын өткізіп қойғандай танауын шүйіріп қойып күресін басында көң тарпып түр еді, қышқырып — ышқырып: "мен бармын, мен бармын ө-ө-өһ!", — деді. Қ.Ысқ.
ТАНАУЫН ТЕРІС БАҒЫНДЫРДЫ
Әлдеқандай болып, кісімсіді. * … сары кемпір өзін де, Асекеңді де біраз жерге жеткізіп салды. — Танауыңды теріс бағындырмай айтарыңды айтсай, неге шақырдың?!. Қ.Ысқ.
ТАНАУЫМЕН КӨК ТІРЕДІ
Паңсыды, менсінбеді, әлдеқандай болды. ~ Өкінішке қарай, біздің танауымен көк тіреген «аса білімді» режиссер көкелеріміз мұндай «арзан-қол» фильм түсірмейді. БАҚ. ~ Әлдебір қатын пұшық танауымен көк тіреп, өзгені болмаса да өзін-өзі жұлып жейтіндей мықынын таянып шығып еді, Мәтпұсаның жорғасы екен … Қ.Ысқ.
ТАНАУЫ ШЕЛЕКТЕЙ БОЛДЫ
Мақтанды, күпінді, әлдеғандай болды. ~ Қайта, реті келсе: «Өкіметке шын берілген, нағыз отаншыл, сенімді ру сендерсіңдер. Өйткені сендер басқалар сияқты ешқайда ауа көшкен жоқсыңдар» деп біреулерінің қолтықтарына дым бүркіп, еліртіп қояды екен. Соған-ақ аңқау ағайынның танауы шелектей болып, өзге руларды мүйіздейтін көрінеді». Ж.Шәк. ~ Ол әйелін сүйгенде жай емес, кәдімгідей күйіп-пісіп сүйеді. Кейде өзін қорсынып, бұртаңдап жоқ нәрсеге өкпелеп таусылып қалса, кейде әйелін мақтаныш етіп танауы шелектей болады. Т.Ахт.
ТАНАУЫ ҚУСЫРЫЛДЫ
Ашу қысты, анын ішіне тартты. ~ Әттең, кәпір өлімінде кетемін — ау, уға толған ішімді жарып жіберер едім! — деді. Өңі құп-қу боп, танауы қусырылып, даусы қалтырап кетті. Ашуланғанда әйел баласының көзі қанталайтынын Біркімбай бірінші рет көрді. Т.Әл. ~ Базарға келгенде мал басына төніп тұрған осы қатерді айта келіп едім, ол үндеген жоқ. Маған әлі де өкпелі сияқты, үлкен мұрны сорайып, танауы қусырылып кетіпті. Ә.Әб.
ТАНАУЫ ЖЕЛПІЛДЕДІ (ЖЕЛПІНДІ)
Елірді, ерекше күйге түсті. ~ — Құлады, құлады! — деді Володя. Көзімен емес мұрнымен көріп тұрғандай, екі танауы желпілдеп кетіпті. Ғ.Мүс. ~ – Абдолла! — деп саңқ ете қалған дауыстан селк ете түсіп, жалт бұрылып төмен қарады. – Тәтем үйде ме? — деп сұраған ер баланың танауы желпілдеп, алқынып тұр. С.Ғабб. ~ Аузың дуалы әйтеу. Секратар да сескенеді сенен. Қанатпен қауыштырғаның абзал болған екен оны. Мақтаған сайын көпсіп, көңілі түлеп тұратын Айдынбай, алшаң басып, еңсесі көтеріліп қалды. Танауы желпініп, тамағындағы күре тамыры білеуленіп, бүлкілдеп тұр. Т.Рыск.
ТАНАУЫ ЖЕЛБІРЕДІ
Көңілі алабұртып, ерекше сезімге бөленді, елірді. ~ Разия үн қатпай кемпірдің бетіне сазара қарады. Бұл да кірпігін қақпай қадалып қалды. Екі танауы желбіреп, сұрлана түсті. Ж.Сәм. ~ Осы сәт қапелімде тұрып кете алмай тыпырықтап жатқан торы айғыр басын қақшаң еткізіп, оқыс көтеріп, қос танауы желбіреп, жан дәрмен қышқырып-қышқырып жіберді. Н.Сам. ~ Қайсардың үнінде сенім мол. Танауы желбіреп барады. — Әй, қайдам, сөзі көптің ісі аз деуші тұғын. Ха- ха- ха… Б.Мом. ~ — Тайыз екен деп барып, қойып кетсең аман бол… қайтып шығуың неғайбыл шығар.- Саламаттың танауы желбіреп кетті. М.Сүн. ~ — Вася атай, қараңызшы! Шыңына алау тұтатқан Алатау қандай әсем! — Балтаның танауы желбіреп кетіпті. С.См.
ТАНАУЫ ДЕЛДИДІ
Тұла бойын ашу кернеді. ~ Қабағы қайрақтай боп, танауы делдuіп тұр екен, дәу де болса көкайыл, долы шығар, — депті. Ж.Айм. ~ Махамбетшенің қолында тобылғы сапты сары ала қамшы, ашуланғаны сонша, кең танауы делдиіп, демінен ұзын сақалы желп-желп етеді. Қамшымен бір тартқан сайын ұрыға бір сұрақ қойды: — Айт шыныңды, Мұстапаның боз биесін қайсың ұрладың ? Ғ.Мұст. ~ Онсыз да үлкен көздері шарасынан шығардай, пісте мұрнының танауы делдиіп кеткен. Ә.Тар.
ТАНАУДАН ТІЗДІ
Бір-бірлеп санап шықты, түгендеді. ~ Осы кеңес тобында Кімдер бар да, кімдер жоқ? Кімдер жоқтан бастайын, Қысқа қайырып, саспайын. Танаудан тізіп санайын: Жалпы айтқанда, жоқ жауыз – Жатып сорар жалмауыз Еңбекші момын маңайын. М.Жұм. ~ Жалпы айтқанда, жындар жоқ. Жоқтарды осылай көгендеп, Танаудан тізіп түгендеп, Кімдер барға келейін. М.Жұм.
ТАНАУ ҚАҚТЫ
Барын салды, қан сорпасы шықты. ~ Аудандық қаладан шығып, Асқар мен Асан асығып келеді. Аттары қан сорпа боп, танау қаққан күйде ауылға кеп түсті. М.Әу. ~ Қазір де бүгінгі күннің бар ауыртпалығы соған түскендей, астындағы атын танау қақтырып, арбаға жол ашып, көшедегі бейсауат елді қуып жүр. Қ.Жұм.
