Айтқаны шындыққа жанасады. ~ Қыдыш. Мұғалім! Тегі, соған сіз бірдеме айтып қоймасаңыз болмас өзі, тәрізі мынаның мына сөзінің жаны бар. Нұрқан. Шақыртшы сол мұғалімді. М.Әу. ~ Шофердің бұл сөзінің жаны бар. Америка одақтасымыз соғыс кезінде көмекке берген әлгі аталған машиналар, шіркін, машина — ақ қой. Жол талғамайды. Б.Соқ. ~ Сөзіңіздің жаны бар, аға. Бұл мәселе менің де ба сымды ауыртады. Бірақ жөндеу, қайта қарау қолымнан не келмеді, келмейді де. М.Қаб.
Автор: Админ
СӨЗІНІҢ КІЛТІ АШЫЛДЫ
Айтқан сөзінің шын мағынасы ашылды. * Көзінен ұшқын ұшқан ер Болаттың Сөзінің бір заманда кілті ашылды. С.Мұқ.
СӨЗІНІҢ ШЫРАЙЫ КІРДІ
Әңгімесіне жан бітті, қызықтыра бастады. ~ Елеместің сырын манадан бері ұйып тыңдап едім. Шарықтау шегіне жеткенше дәтім шыдамай: − Сөзіңнің шырайы жаңа кіріп келе жатыр, айта бер,- дедім. С.Ом.
СӨЗІҢ АУЗЫҢДА
Біреудің әңгімесін бөле қалғанда айтылатын сөз, "бір сәтке сөзіңді бөлуге рұқсат бер" д.м. ~ Бұдан кейінгі әңгіме–дүкеннің қызығы аң аулағанның өзінен кем болған жоқ. Әркім өзі сөйлегісі келіп, «сөзің аузыңда» деп бірін–бірі тоқтатып, кейде екеу–үшеуден қатар сөйлеп, у–шу, азан–қазан болды. Т.Әбд. ~ Е, құдай– ай,— деді еркек дауысты әйел. Аттан түсіп, мама қазыққа байлап жатқан сияқты. «Тә, тә» деп қояды. Етжеңді, көксесі болуы керек.— Қазықбау шалып….е сөйтіп… Сөзің аузыңда, жеңеше. Айта бер. Ие?.. М.Сүн.
СӨЗІҢДІ ЖЕЛ АЛЫП КЕТСІН
Жаман сөз айтпа д.м. ~ — Аһ – у — уһ! Айықпайтын шығармын, сірә. — Мына сөзіңді жел алып кетсін, Тәліп ағай. Сабантойдың қарсаңында кісі сырқатын ойлай ма екен, — деп Уәлетдин сөзді басқа жаққа бұрды. М.Кәрім.
СӨЗІҢЕ БОЛАЙЫН!
Біреудің сөзін қош көрмегенде айтылатын кекесін, "сол да сөз бе екен" д.м. ~ — Ой, сөзіңе болайын!- десіп, Жүндібайды орнынан тұрғысыз қылды жігіттер. Бір уақытта Қартқожаға көзі түсіп кетіп: — Е, мынаны қайда апарасың?деді. Ж.Айм. * Нұрқан. Е, бәсе, Мөржанды айтсайшы! Мен десе аза бойы қаза тұрады. Тәрізі, қорықса керек менен. Не жазған кісі екем осы мен? Білдің бе, жеңеше? Жүзтайлақ (жақтырмай). Сөзіңе болайын! М.Әу. ~ – Бә-ә-ле, неге тартындыңыз? Астыңыздағы қаракөктің жүрісі, тіпті ерен еді ғой. Жарыспағаныңыз бекер болды, — деп өкініш айтты. — Ау-у, сөзіңе болайын, бауырым, — деп қарқылдай күлген Маро. С.Ғабб.
СӨЗІҢЕ ҚҰЛДЫҚ
Біреудің сөзін мақұл көріп, қолдау ретінде айтылады. ~ Сол жақ бүйірде, төменде отырған орнынан: — Уа, Тайлеке! — деп жан кеудесі жұлқынғандай саңқ ете түсіп: — Сөзіңе құлдық -ақ болсын! Мен өзгедей ел басқарып, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бұл сөзіңде жұмысым жоқ — ақ кісі болайын! Ж.Ахм. ~ Осыған екеуміз сенейік, – деді Сейіт «сөзіңе құлдық» дегендей екі қолын көтеріп. – Бірақ сен мынаны білесің бе? Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Т.Әбд. ~ Сондықтан сен енді бұдан былай жаман жездеңді қырғыз-қырғыз деп қоңаштай бермей, қазақ-қазақ деп қолпаштай берсеңші! — Сөзіңе құлдық! Сені қолпаштамағанда, кімді қолпаштаймын? Б.Нұрж.
СӨЙЛЕП КЕТСЕ СӨЗІ БАР
Тілге жүйрік, ойын әспеттеп жеткізе алатын адам туралы. * Егер, менің айтқан ақылымды қабылдасаң, жұрт алдында беделі, сөйлеп кетсе сөзі бар ел арасын алыс татпай, жақындата білетін біреуді жіберерміз. Ә.Шәр.
СӨЙЛЕС ҚЫЛДЫ
Үй иесін сыртқа шақырып, жөн айтысты. ~ Жолаушылар сол отаудың сыртына келіп тұра қалды. Есік алдында көрінген бір балалау жігітті шақырып, сөйлес қылды. Ж.Айм. ~ Сусар бөрік басында, Үстіне киіп құлпыдан, Керейұлы Келмембет Сөйлес қылып кідірді, Ауылдың келіп сыртынан. Аяғын жерге жай басып, Манаурап көзін зорға ашып, Әзімбай шықты далаға, Тұрғандай болып ұйқыдан. "Қамбар батыр". ~ «Сіз», «біз» деп сыпайысуына, киіміне, түріне қарап, «алыстан келе жатқан қонақ болар және мына түрімен тегін де кісі болмас» деген оймен, сөзін сыпайы бастап: — Жол болсын, қонағым! — деді бұрыла қарап қойып. — Жол болса әлей болсын!.. Жолдамақ сізден болсын!.. — Таныспадық па, қалай, қонағым!.. — Сөйлес қылмасақ айып бізде. Сөзге шықпасаңыз айып сізде. Сыртта көрісіп, төс тақасып амандаспаған соң, енді жата- жастана таныса береміз де… С.Мұқ. ~ Ер Ғалы елге қарай жүрді дейді, Бір шалқардың ілгіне кірді дейді. Бір еркек жоқ көрінген, бәрі ұрғашы, Бір қараша үй көріп, келді дейді. Келді де қараша үйге сөйлес қылды, Сөйлес қылса, бір жаман кемпір келді. — Кемпір-ау, тірі еркегің еліңде жоқ, Сұраймын, жөніңді айтшы, не елсің? — дейді. М-Ж.Көп.
СӨКЕТ (СӨЛЕКЕТ) КӨРДІ
Әлдебір істі орынсыз, ұятты санады. * Тіпті сол сәттерді кейінде, әйелі екеуі еске алғанда: «сондағымыз не, ей, біздің? Ақымақ екенбіз- ау! » деп сөкет көретін. С.Мұр. * Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет таныттым. Қ.Мүб. * Еркек пен еркектің сүйісуін сөлекет көрген Балжан құдағи: — Кім білген, бажа деген немелер күшік тәрізді болады екен ғой, — деп, мысқылдап күліп қояды. Б.Соқп.
