Арамдық ойлады, шын ниетін ішіне жасырды. * «Ляуқисың, ұйқышылсың, тамақсаусың», – деп мені келемеждегенде патефондай сайраушы едің, бір бармағымды бүгіп жүрдім деші… О.Бөк. * Араларындағы бір бармағын ішіне бүккен тақыстауы – Темішбай. «Һің» деп мұрнынан бір күліп қояды да дарылдаған ана екеуін арандатуға құмар. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР БАҚЫРДАН ДӘМ ТАТЫСТЫ
Қиын күндерді бірге өткізді, жолдас, сапарлас болды. ~ Сол арада дауысынан мен де тани кетіп, семсерімді тастай бердім. Тоғай байындағы Бура — Алтаяқ деген батыр екен. Бұрын жорықта кездесіп бір бақырдан дәм татысқан тату едік. М.Әу.
БІР БАҚСЫЛЫҚ ЖЫНЫ БАР
Ашушаң, долданғыш, қит етсе зәрін шашатын адам туралы. ~ Аяғыңды аңдап бас, ей Жақсылық! Өз басыңда жының бар бір бақсылық. Борышқорлық — адамға қиын нәрсе, Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық. Абай.
БІР АЯҚ АСҚА АЛҒЫСЫЗ
Тексіз, нашар. ~ Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз. Жақсыдан туған жаман бар Күндердің күні болғанда, Бір аяқ асқа алғысыз. Шалкиіз ж. ~ Күндердің күнінде Жалмұқанның бір аяқ асқа алғысыз сорлы боп, қолдан жасалған әдебиетте «жағымсыз кейіпкер» атануы кімнің каперіне келген? Жалмұқан сондай бейбақ па, еді? І.Жақ. ~ — Еее, білемін оны! — деп күйіне жауап қатты батыр. — Бай баласы демесең бір аяқ асқа алғысыз, шөккен түйеге міне алмайтын мәнжубас ініміз бар еді, сол екен ғой! Н.Қам.
БІР АЯҒЫ ЖЕРДЕ, БІР АЯҒЫ КӨРДЕ
Әбден қартайған, өлер күні жақын. * Біздің де жеткен жеріміз осы… бір аяғымыз жерде, бір аяғымыз көрде дегендей. Д.Досж. ~ Екіншіден, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған ана автолавщик ит те болса, адам баласы. Мақалаңыз онсыз да екі дүниенің арасында халсіреп жатқан ауруды мүрдем кетірмей ме. М.Қаб. ~ Е-е, Нұртаза-ай Нұрмағанбет алжушы ма еді. Ол түгілі бір аяғы жерде, бір аяғы көрде отырып мына Мәтекең де тіріге есесін жібермес. С.Жүн.
БІР АШУЫҢДЫ БЕР
Кешірім сұрау, ашуын басып, сабырға шақыру мақсатында айтылатын тілек. ~ Әзбергеннің үйі маңына бұ кезде ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналып қалған. Текеше бақылдап, секіріп, ыршып үйді тоқпақтап жүрген Торқа кемпірді екі-үш әйел қолтықтап ұстап әрең тоқтатты. — Сабыр! Шешей, сабыр! Бір ашуыңды бер! — деп. С.Ел. ~ Басы салбырап, көзі жыпылықтап, қорбаң-қорбаң басып бұжыр қараның алдына жеткен бойда бір тізерлеп отыра кетті. Бөркін шешіп алдына тастады: — Бір ашуыңды бер, Ереке! Шайтан түртіп, ит болдым. Саған тиген қол менікі емес, шайтандікі. Кесем десең — бас міне, қылша мойным — талша, көтеріп алдым айыбымды. Кешіре алсаң, кеш бір жолғы иттігімді! Т.Сәу. * – Жеңеше, бір ашуыңызды беріңіз! Елміз ғой, бір тентекке əліміз жетуге керек, асасы! С. Елубай, Ақ боз.
БІР АУЫМ
Едәуір, біршама. * Жақан екеуміз бүгінгі сатып алған киімдерімізді киіп, өзімізше қатып кеттік деп ойлап, міне енді қалалық паркке қыз аулауға келіп отырмыз. Халық мұнда бірі ауым. Бәрі дерлік көңіл көтеруге, сейілдеп бой жазуға шыққан жандар. Б.Соқп.
БІР АУЫЛДЫҢ ИТІ БІР АУЫЛҒА БАРЫП ҮРМЕС
Әркім өз жерінде, өз үйінде қожайын д.м. (мәтел) ~ «Бір ауылдың иті бір ауылға барып үрмес» деген, менің шаруамда не шатағың бар сенің? «Бұралқы ит үргенімен жағады» деп, қатынға жағынып қалайын деп пе ең? Д.Әш.
БІР АУЫҚ
Бір уақыт, бір мезет. * Қыз ойнақта отырғандар жанжал кезінде бір ауық өрекпіп қалып, жым болды. С.Ом. * Қасымның бір ауық көңілін сейілтетін Керімбаланың әні, домбырасы. К.Қаз.
БІР АУЫЗ СӨЗДІ КӨТЕРМЕЙДІ
Не болса соған өкпелеу туралы. ~ Жақсылық кенет бұрылып, ірі адымдап албардан шыға беріп еді. — Ей, тоқта!.. Шіркін, неғып адам боласың, бір ауыз сөзді көтере алмай?.. Істей бер әрі жұмысыңды! — деген Кәкімнің дауысы шықты. Б.Май. ~ Ол басын менің кеудеме қойып, иығымнан ұстады: ― Өкпелеп қалдыңыз ба, маған ұрысқан жоқпысыз. Мен сізді таяқтағым келді. Бір ауыз сөзімді көтере алмағаныңызға налыдым. Қ.Қази.
