Ерекше қамқорлыққа алды, әлпештеп өсірді. ~ Ауылдың сол бір-кезі-ай самала күн. Жасаңмын, көңілім шат. Дала жаным. Бетіме шаң тигізбей жүруші еді Қырандай қайран менің ағаларым. Ф.Оң.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІНЕ ТҮКІРДІ
Әлде біреуді (бірдеңені) жек көретінін, одан еш қорықпайтынын көрсетті. ~ Ханның алдында қалтырап тұратын дәстүрдің бетіне түкіріп, қасқайып шыққан ер Сырым… Осыдан он жылдай бұрын еді. З.Шүк. ~ Революционерлер оттан, судан қорықпайды. Айлар, жылдар бойына қол-аяғы кісенделіп түрмеде жатады. Аш-жалаңаш болады, неше түрлі қинау көреді. Сонда да дұшпандарының алдында тізе бүгуді, жалынуды білмейді. Өз дегендерінен қайтпайды. Өлімді қасқайып, бетіне түкіріп қарсы алады. Б.Соқ.
БЕТІНЕ ТУРА ҚАРАЙ АЛМАЙДЫ
Ұялып, әлде жасқанып, жүзін төмен салады. ~ Берік жон арқасын беріп әлі тұр. Балаша ызақорланып көзіне жас алғанына ұялғандай, жігіттердің бетіне тура қарай алмады. Б.Тоғ. ~ Қолында жамаулы тостағаны бар, жалаң аяқ, жалаң бас, бұтындағы дамбалы өрім-өрім, он екілер шамасындағы ер бала бұлардың жанына келді. Жазған баланың назары төменшіктеп, кісінің бетіне тура қарай алмайды. Төмен қарап тостағанын созып тұр. С.Ел.
БЕТІНЕ ТАҢБА ТҮСІРДІ
а). Намысын аяққа басты, қорлады. ~ Күзеттім дүкеніңнің пұлы бар деп, Бір нәрсе ұрдың ба, ата, ұрлады деп. Апарып алтыныңды боққа тықсаң, Кетер ме ең алмай тастап былғанды деп. Арты түгіл, бетіне таңба салдым, Мәнісін ойланбадың ұрған-ды деп. БС «Болат, Жанат».
ә) Бетін жарақаттады, дақ түсірді. ~ Сонда ықылым заманнан келе жатқан үрдісті бұзып жілік шатыстырсаң, маңдайыңнан бұзау тіс қамшымен бір ақ тартып, айдап шығады. Бетіне таңба түскені ештеңе емес, сені тапқан ата-ана тірілей жерге кіреді. Ә.Кек. ~ Есберген «есемді қайтарам» деп елірген Қаражігітке ермей қалды. Кейде тіпті оны қуып жетіп, «Кейін қайт! Маған Қайыптың қатынының керегі жоқ!» деп, орта жолдан кері қайтарғысы да келеді. Бірақ, бетіне таңба түсірген Бегейдің бас бұзарлығын қалай жазасыз жібермек?! Ү.Жлк. ~ Сауербериге де аямасын деп айтыңыз. Көзін көгертіп, бетіне таңба түсірмей одан ештеңе шығара алмайсың, — деді ақ кеудешелі жентльмен. Ч.Дик.
БЕТІНЕ САЛЫҚ ҚЫЛДЫ (ҚЫП БАСТЫ, ЕТТІ)
Біреудің шалыс басқан қателігін, ұятты ісін есіне салды, бетіне басты, ұялтты, табалады, қорлады. ~ Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді…Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…- деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ Сенімен отқа жансам арманым жоқ, Жуылмаған Жұман атты періменен. Хатыңда «бай емеспін» деп жазыпсың, «Бетке салық қылма» деп, көп жазыпсың. М.Дул. ~ Бәрінен бұрын күйеуі ұрысқан са йын: «Өзіңдей ана Ақбалаға қараш! Жүріс-тұрысына ішпей-жемей ырза боласың» – деп, сұлу келіншекті ылғи да бұның бетіне салық қып басатын. Ә.Нұрп. ~ Сөйтіп‚ түрме жастығын жеті жыл жастанып‚ жарма көжесі мен қара нанына жүрек жалғап келгенде‚ бір мүшел мерзімді араға сап аяғын шалыс басқанын бетіне салық еткені қырыққа келген қырқылжың шағында жанына қатты батты. Қ.Түм. ~ Тайлеке! Сол сырт ағайынға ықпал бергеніміз қалай болар екен осы?! Жылы қойын, салқын арқам деген емес пе. Ұялы терек, үйелменімізбен отырып, ес таппағандай көрінгеніміз болмас па екен? Бақ — баталы қара орнымен қамалып, ес таппай сасқандары еді деп, күннің — күнінде бетке салық етпесе?..— дегенде бұл сөзге Молтанның да бейімі бар екен… Ж.Ахм. ~ Хатыңда «бай емеспін» деп жазыпсың, «Бетке салық қылма» деп, көп жазыпсың. Байды сүйсем, Жұманға бармас па едім, Мұны ойламай, әшейін тек жазыпсың. М.Дул.
БЕТІНЕ ӨҢ КІРДІ
Жүзі жылыды, көңілі ашылды. ~ Елші мен Әбілқайыр бұның алдын орап, Сәмекеге ат шаптыртып, ант қағазға қол қойдыртқанда, абдырап қалған Батырға кеп ақыл айтып, күлдей боп көгеріп кеткен бетіне өң кіргенде солар-тын. Ә.Кек.
БЕТІНЕ НҰР ТЕПТІ
Өңіне қан жүгірді, қобалжыды, қызарып кетті. ~ Әйтеуір есікті құлаштай серпіп ашып қалғанда дәліздегі шарайнадан күндегі тұнжыраңқы обер–секретарьды емес, жасы биыл аттай қырық беске шығып тұрғанына қарамастан оңашада қызбен жолығып, жолы болып қайтқан бозбала жігіттей екі бетіне нұр теуіп бал–бұл жанып тұрған бейтаныс еркекті көрді. Ә.Кек.
БЕТІНЕ ҚЫЗЫЛ ТЕПТІ (ЖҮГІРДІ)
Қызарып кетті, жүзі нұрланды. ~ Гүлайым бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. С.Ел. ~ Енесінің арт жағында отырған Тотияның кеудесі тыпыр- тыпыр етті. Бетіне қызыл теуіп, құлпырып қоя берді. Қ.Ысқ. ~ Алғашында қыз бетіне қызыл жүгіріп қана жанарын аударып әкетіп жүрсе де, сол бір қарастардың жанға жайлы шуағы бар екенін сезген. Г.Сейт.
БЕТІНЕ ҚАРСЫ КЕЛМЕДІ
Қарсы уәж айта алмады, айтқанын екі етпеді. ~ Мұрданың сөзі – өзгелерге заң. Бұл руда оның бетіне қарсы келер жан жоқ. Көсеміне əкімдер қарсы болғанына өз адамдары таң қалды. Қалай батылы барды десейші! Ж.Айм. ~ Ақсақ, сірә, тегін ақсақ болмауы керек. Басқалар жым боп, жай-жайына кете барды. Бір де біреуі оның бетіне қарсы келмеді. Әкелген нәрселеріміздің бәрін біз соған қотарып беріп тындық. Б.Соқп. ~ Бойковтың бетіне қарсы келіп, сөз таластырайын десе, яки болмаса, әзірге құрғақ уәдемен шығарып салайын десе, оған батылдары бармайды. С.Ом. ~ Дүниеде әйелінен қорықпайтын еркек жоқ. Адам атаның өзі Хауа анамыздың бетіне қарсы келе алмаған көрінеді. Қ.Жұм.
БЕТІНЕ ҚАРАТПАДЫ
Ешкімді өзіне қарсы сөйлетпеді, адуынымен басып отырды. ~ «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деп! .. Отау иесі болғанша бетіңе қаратпап едің, енді ел адамы болғанда да тілін шығармаймын деп әлекке түсесің! Қ.Ысқ. ~ Бүгінгі ана сені тіпті қайран қалдырды. Өзінің баяғыда жиынды жерде бір жанды бетіне қаратпай өрлеп сөйлейтін отты шағын қайта тапқандай. Ә.Нұрп. ~ Бозжігіт ағамыз көп жыл колхоз басқарды, жөпшеңкіні бетіне қаратпайтын ағамыз: «осы кісінің үндемей қадалатын көзінен жасқанам» деуші еді. Қ.Ысқ.

