БАСЫҢА ТАР КЕЛЕ МЕ

Артық болар деймісің д.м. ~ Болымсыз болса да ұлықтығымызды біріміз үкірдайлық, біріміз тәйжілік мәнсәбімізді жан бағар алғауға айналдырсақ, басымызға тар келді ғой дейсің бе?! Ғ.Біл.

БАСЫҢА ТАР КЕЛЕ МЕ Read More

БАСЫҢА НЕ КҮН ТУДЫ

Не себепті осындай жөнсіздікке бардың, мұндай күнге қалай жеттің деген мағынада. ~ …мына түріңе қарашы. Сұмдық! Не басыңа күн туды? Неден қысылдың соншалық? Жазушы деп сені кім айтады. Б.Соқ. ~ Қайдағы бәлені шығарып, басыңа не күн туды соншама? М.б.Т. ~ Ғұмырында аузы аққа жарып көрмеген біздің үй мен Таңатардың туған жер, өскен елін тастап тұра қашатынындай басына не күн туды … О.Бөк. ~ Көзің- көзің дей бересің! Менің көзім сау, құрттап кеткен өз көзің емес пе, Лимажан- ау, сенің басыңа не күн туды? Ә.Тар.

БАСЫҢА НЕ КҮН ТУДЫ Read More

БАСЫҢ ҚАЛДЫ МА

Неге сонша ынтығасың д.м. ~ Онымен де қоймай: «Түсіме тау кіріп жүр … Кірпігім ілініп кетсе болды, Ақшоқыны көремін», — деп еді, әйелі: «Осы тау, тау деп қақсағаныңды қашан қоясың сен! Тауда басың қалды ма? Д.Әш.

БАСЫҢ ҚАЛДЫ МА Read More

БАСЫҢ-КӨЗІҢ ДЕМЕЙ

Аямай, бас-көзге қарамай (ұрды, соққыға жықты). ~ Шөке жамба-жам орнынан тұрғанша екі азаматта жетіп үлгіріп тепкілеп, басы-көзің демей қамшымен шықпырттай келіп. Б.Жұм. ~ Даланың бүкіл масасы бізді күтіп тұрыпты. «Шатырға тығылып алып шықпай қойып едіңдер, бәлем, енді шықтыңдар ма?» – дегендей, басың-көзің демей төпелей жөнелді. Ж.Шәк. ~ Өршелене түскен қатынға ендігі керегі осы дегендей, қойшы орнынан атып тұрып босағада тұрған қамшымен әйелін басы-көзің демей тартып-тартып жіберді. Б.Жұм. ~ Әсіресе әйелін басы-көзі демей сойылдап жүрген батырдың қолындағы қамшыны жұлып алды да тізесіне салып екіге опырып лақтырып жіберіп … Б.Жұм.

БАСЫҢ-КӨЗІҢ ДЕМЕЙ Read More

БАСЫНЫҢ САҚИНАСЫ БАР

Жиі-жиі ұстап қалатын бас ауруы туралы. ~ Айқай-шуды жақтырмаймын, тек өлі тыныштықты қалаймын. Басымды таңып алып, жатқанды білем. Не ұйықтап тұрсам, не құссам, сонда тәуір болам. Жұрт енді мені: – Бұның басының сақинасы бар, – дейтін болды. Б.Соқ. ~ Күн бата бір қазандық үйіне келдік. Бұрыннан түсіп жүрсе керек, әкемді танып қондырды. Тәтемнің тамыршы екенін біледі екен, тамырын ұстатып, басының бұлтты күні ауыратыны, сақинасы бар екен, қан алдырып, келесі күні де сонда болып ат күйледік. Ертеңіне орыс деревнясына келдік. С.Бег.

БАСЫНЫҢ САҚИНАСЫ БАР Read More

БАСЫНДА БІР ШАЙНАМ АҚЫЛ ЖОҚ (БОЛСА БҰЙЫРМАСЫН)

Топас, мисыз. ~ Өзіне де обал жоқ: басында бір шайнам ақылы бар кісі бұрын талай тас лақтырысқан әлдебіреуге барып жағдай айта ма?! О.Сәр. ~ Жарма есіктің сыртынан келін мен ененің сөзін тындап тұрған Қарасай шошаланың кілтін аша берген Жәміштің білегінен ұстай алып зірк етті:
– Өй, есуас неме! Ми бар ма сенде өзі. Мына басыңда бір шайнам ақыл болса бұйырмасын. Неменеге апың кіріп, күпің шығып аптығып жүрсің. Қайда жібермексің Ақбөпені? С.Жүн.

БАСЫНДА БІР ШАЙНАМ АҚЫЛ ЖОҚ (БОЛСА БҰЙЫРМАСЫН) Read More

БАСЫНАН ТАЯҚ КЕТПЕДІ (АЙЫРМАДЫ)

Көрген қорлығы таусылмады, зорлық-зомбылықтан көші ашылмады. ~ Нағима бұл елге ауыр кінәні арқалап келген болды. Абысын-ажынның табасына қалды. Жұрт күлкісіне ермек болды. Басынан таяқ кетпеді. Б.Май. ~ Сартжан сол камерада отырып, мойыны ырғайдай болып азады, аузына тамақ тимейді, басынан таяқ кетпейді. Б.Қыд. ~ Байы басынан таяқ айырмай отырса да, ел өсегінен аяқ алып жүргісіз болса да, соның ешбірін елең қылмай, өтірік жайдарлықпен күні өтетін арсыз, намыссыз адам ғой — деп ойлайтын еді Жұмакүл мұны. Б.Май

БАСЫНАН ТАЯҚ КЕТПЕДІ (АЙЫРМАДЫ) Read More

БАСЫНАН ТАЯҚ АЙЫРМАДЫ

Ұдайы озбырлық жасап, басына әңгір-таяқ ойнатты. ~ Нағиманың соңғы сөзі көз жасына булығып шықты. Нағиманың жылағанын Жұмакүлдің бұл бірінші көруі. Байы басынан таяқ айырмай отырса да, ел өсегінен аяқ алып жүргісіз болса да, соның ешбірін елең қылмай, өтірік жайдарлықпен күні өтетін арсыз, намыссыз адам ғой — деп ойлайтын еді Жұмакүл мұны. Б.Майл.

БАСЫНАН ТАЯҚ АЙЫРМАДЫ Read More

БАСЫНАН СОР АРЫЛМАДЫ

Көрген күні қараң болды, басынан қайғы кетпеді. ~ Енді қытайдың қырғынынан қашты… Қазинені де бір көріп, қоштасып қалмадық. Бәсе, байғұс бала түсіме жақсы кірмеп еді… басынан сор арылмады- ау! Т.Рыс.

БАСЫНАН СОР АРЫЛМАДЫ Read More