Мұрсат бермеді. ~ Былтыр күзде аудан малшыларының ат шапқан слеті өтіп, онымен қабаттасқысы келмеп еді. Қыста кар қалың түсіп, борасын соғып, бас көтертпеді. Б.Тоғ. ~ … немістер бұл деревняны қорғауға СС, «Кубас» сияқты ең таңдаулы бөлімдерін төгіп отыр және сол себептен де жау біздің төбемізден самолеттерін қаптатып, бас көтертпей жатыр. Ә.Нұрш. ~ Көп ұзамай оны ұмытып та кеттім. Күнделікті көп жұмыс бас көтертпеді. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАС КӨТЕРЕР АЗАМАТ (ЖІГІТ, ЖАН)
Қолынан іс келетін, атқамінер азамат. ~ Әрине, жылқышы жігітті өлімші етіп сабаған, Ауылдағы бас көтерер азамат тегіс атқа қонады. М.Мағ. ~ Қараңғы елге ұлықтардың айтқанының бәрі заң, … бас көтерер азаматтарды жинап алып, үш үй, төрт үйдің ортасына бір-бір жылқыдан салық айтып, үш күн пұрсат беріп, төртінші күні құтырған бақсылардай зікір сала бастаған. С.Жүн. ~ Бүкіл әулеттің бас көтерер азаматтарын түрмеге тоғытып, мал-мүлкін қытай олжалаған кезден бұрынғы бір оқиғаны
ылғи да айтатын. Ы.Дәб. ~ Бәрі бұның өзіне қараған жанашыр жақын-жуықтар. Көбі Жақайым руының бас көтерер жігіттері. Ә.Нұрп. ~ Ой, өңкей шірік!.. Бұл үйдің бас көтерер үлкені түгел қырылып қалғаны ма, немене?! — деп гүр-гүр етті. О.Сәр. ~ Қар қалың, бұрқыраған боран, көлік қайдан болсын, жаяу күн бата үйге әрең жеттім. Келсем үйдегі малдың азығы жоқ. Ауылдың барлық бас көтерер жаны мал артында. С.Бег.
БАС КӨТЕРДІ
а) Оянды, жаны кірді; әлдебір сезім кеудесін кернеді.~ Нұрлы күн ұясынан жаңа бас көтеріп, әлемге сәулесін түсірді. Елдің көбі қалың ұйқыда жатыр. А.Байт. ~ Өстіп өмірдің түбін ойлап жатқанда — Санжардың кеуде жыны қайыра бас көтерді. Д.Дос. ~ Тұңғыш бас көтерген осындай егіз сезімдер оның көн кеудесінің басқа түкпірінде жасырын жатқан жаңа ойларды да оята бастады. Д.Ис.
ә) Бүлік шығарды; қолына қару алды. ~ Ол жерде хандардың қиянатына бас көтерген кілең жау жүрек адамдар бар. І.Ес. ~ Тіршіліктің батқан шақта бір сыны, Тұнжыраймын, Түнеремін күрсініп. Жайма-шуақ мінезім бар. Бар және Аяқ асты бас көтерер қырсығым. Қ.Мырза.
- Көрінді, көзге түсті. ~ Ел басына күн туғанда ішкі жаулар да найзасы шошаңдап, о жер, бұ жерден бас көтере бастады. Ә.Кек.
БАС КӨРСЕТТІ
Көрініп қалды, белгілі бір шамада белсенділік танытты. ~ Колхозға келуін келдім- ау, бірақ бас көрсетіп, топ көбейткенім болмаса тыңдырып тастаған дәнемем көрінбейді. Қ.Ысқ. ~ Біраз күтіп, енді атақты әнші бұл мәжіліске бас көрсетпейтін шығар деп, жұрт тарағалы отырғанда Алмагүл де жеткен. І.Ес.
БАС КЕТТІ
Жазаға ұшырады, айдалды, атылды. ~ 1937 жыл. Жаламенен бас кеткен кез. Бүкiл Алаштың қаймағы жойылды. Қазақ бұдан да өттi. Т.Әс. ~ Ауызыңнан ас кетер, Қара көзден жас кетер, Бұл қылығың қоймасаң Дулығалы бас кетер, – деп тоқтау салған, кеңес берген екен. Ғ.Біл.
БАС КЕТЕТІН (ІС, ЖАҒДАЙ, ЗАМАН …)
Жауапкершілігі мол іс д.м. ~ Сұрғылт жүзін сәл жадыратып:- Ағалар,- деді,- қазір бір ауыз сөзден бас кететін заман. Т.Рыс. ~ Сіз екі жеп биге шытасыз. Ал мен үшін бұл бас кететін қылмысты іс. Бұл күнде шыныңды айтсаң — шырғалаң, өтірік айтсаң — өлесің!.. Қ.Ысқ. ~ Құпияны сақтауға уәде беремін. Баланың ойыншығы емес, бас кететін жағдай бұл! Д.Дос. ~ Мына тақта-тақта болып сіресіп тұрған орамал, көрпе, жамылғыштарды көздің қарашығындай сақтамаса, бас кететін дүниелер. М.Қаб.
БАС КЕТЕДІ
Алда тосып тұрған өлім қаупі туралы. ~ Біле тұра қалай барам қорықпай Шындық үшін бас кететін күндерге!? Ө.Нұр. ~ Құпияны сақтауға уәде беремін. Баланың ойыншығы емес, бас кететін жағдай бұл! Д.Дос. ~ Жарлық орындалмаса бас кететінін білетін баса уәзір елдегі қарттардың бәрін бір жерге жиып алып, бәрін бір-ақ қырып салыпты, тек өз әкесін өлтіруге дәті бармай, орманда тығып ұстапты. С.Дос.
БАС КЕСПЕК БОЛСА ДА, ТІЛ КЕСПЕК ЖОҚ
Ежелгі дәстүр бойынша, кез-келген адам өз ойын айтуға құқылы. ~ Жоңғар ханы түбі жаттық істемей, бұған келтірер ме?! Келтірмесе тілдің кесілгені ғой. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Ғ.Біл. ~ Ал енді, маған мұрсат беріңіз, бас кеспек болғанмен тіл кеспек жоқ, айтарымды айтайын… Ә.Тар.
БАС КЕСЕР
Жендет, қанқұйлы қарақшы. ~ Басқалар, сенің ойыңша, бәрі де қатыгез, мейірімсіз, топас бас кесерлер болып шығады ғой сонда. Солай ма? — комиссар дауысын көтере түсті. М.Кәр. ~ Сен Орта жүздің есер алтайы болсаң, мен Кіші жүздің бас кесер адайымын, сен алтайдың қабыланы болсаң, мен адайдың балуанымын! С.Жүн.
БАС КЕЙІПКЕР
Әлдебір оқиғаның, әңгіменің, әдеби шығарманың негізгі әрекет етуші қаһарманы. ~ Гу-гу әңгіменің бас кейіпкері өзім емей кім дейсің. Қ.Түм. ~ Сонда біздер оның Бас кітабындағы Бас кейіпкеріне сиқырлы сөзбен сіңіре дарытқан сырбаз сұлулықты қаз- қалпында тап өзінен көргендей боламыз. З.Қаб. ~ Жазушының бас кейіпкер Саржан мүсіншіні ауыл мектебіне мұғалім етіп қайта оралтуы — тәуелсіздіктен кейін ұлттық құндылықтар тегеурінді күшке айналғанын тұспалдайтын ишара. Т.Жұрт.
