АДАЛЫНАН ЖОЛЫҚҚАН ДОС

Жақсы дос — тағдыр сыйы д.м. ~ Кім-кімнің де үлкен сұрағы ішінде жатыр, шын досы бар адам бақытты, ал таппасаң ше, сондықтан да кім-кім де дос іздейді, бірақ досты да Алла беретін болса керек, адалынан жолыққан дос тағдырдың бір сыйы! Қ.Құр.

АДАМ БОЛДЫ ДЕГЕН ОСЫ

Жас баланың үлкендерге тән кескін-кейпіне, іс-харакетіне риза болғанда айтылатын қошемет сөз. ~ Қайтейін, қу жоқшылық адамға не істетпейді? Сол жеңгем сол кезде сөйтіп еді деме, шығар есіңнен. Құдай қаласа, әлі-ақ адам боласың. Адам болды деген міне, осы… Б.Соқ. ~ ― Е, міне, адам болды деген осы!.. Кішкентайыңда бір көріп едім… Тоғысбай марқұм қолдан тастамай, алақанына салып, арқалап жүруші еді… Б.Тоғ. ~ — Айналайын мұрныңнан, адам болды деген осы, — деді. Ақылжан екі беті қызарып, жұрттың мынау ықыласынан нарттана түскендей. К.Қаз.

АДАЛЫНАН КЕЗДЕСТІ (ЖОЛЫҚТЫ)

Жақсы жанмен тағдырыңның тоғысуы — өмір сыйы д.м.
~ Соған қарағанда деп ойлайтын кейде Нағима: бiр кездескенге тұрмысқа шыға ма, әлде байқап, талайды сын көзiнен өткiзiп барып шыға ма, әйтеуiр қыз пақырға адалынан кездестiрсiн де. Ш.Құм. ~ Кім-кімнің де үлкен сұрағы ішінде жатыр, шын досы бар адам бақытты, ал таппасаң ше, сондықтан да кім-кім де дос іздейді, бірақ досты да Алла беретін болса керек, адалынан жолыққан дос тағдырдың бір сыйы! Қ.Құр.

АДАМ БОЛМАЙДЫ

1. Ауруы дендеп, өлім халіне жеткен адам туралы. ~ – Қап, тірі екен ғой! – деді шүңіт көз қара кісі. – Бәрі бір адам болмайды, – деді қауға сақал. – Бүгін болмаса, ертең өледі. Қайта жанын қинамай баратын жеріне тезірек барғаны жақсы!.. Т.Сәу. ~ — Мен білсем, бұл адам болмайды,— деді Темірбек.— Кешелі-бері көзін бір ашқан жоқ. Судан басқаны аузына алмайды. Б.Тоғ.
2. Алға баспайды, осы дәрежесінен көтерілу жоқ бұған д.м. ~ Қазанғап байғұс Сәбитжаным мұқтаждық көрмесін, басқалардан кем болмасын деп тапқан-таянғанының бәрін соның аузына тосты – не шықты? Білімді – білуін біледі-ақ. Бірақ жетесіздің аты жетесіз. Аузынан ақ май ағызсаң да адам болмайды. Ш.Айт.

АДАЛЫНАН ҚАҚ ЖАРЫЛҒАН +++

Қара қылды қақ жарған турашылдық, әділдік хақында. ~ Ал қыпшақ Төре би бұл от тісті, орақ ауызды, өр көкірек, адалынан қақ жарылған адуынды би емес. Ол тілі жұмсақ, діні қатты, бар саясатын өз басынын абыройлы болуына құрған би. І.Ес.

АДАМ БОЛМАЙСЫҢ

Біреуге қатты кейіп, сен енді түзелмессің, осы кеткенің кеткен д.м. айтылатын нала сөз. ~ — Сен бе, сен! Түк адам болмайсың. Басыңда саңлау жоқ. Сені пішенге шықсын. Машинаның өреліне отырсын. Соғыстан бұрын оқыған дейтін кім? М.Сүн. ~ — Әй, сен адам болмайсың. Еркек деген қазаннан алып тамақ жей ме екен?! Отыр әрі. Қ.Ысқ. ~ — Ай, мына түріңмен адам болмассың! Оқу оқиын деп жүрген сен жоқ, көше кезіп, қалтаға түсіп шпана болып кетесің әлі! Айтпады деме! Отыр орныңа! Д.Дос. ~ — Ой, атадан кем туған ит. Сен бе… сен асыраса да адам болмайсың. Ойбай-ау, бұл қара нар Науан ағамның көзін көрген ата малы емес пе еді. Ә.Нұрп.

АДАМ (АДАМЗАТ) АТАУЛЫ

Бүкіл адам баласы; жалпы халық. ~ Тым-тым шығандап ұшқан тырнаның үні тұрмақ‚ кәнтөжін қылған “керман” соғысының арқасында адам атаулының ащы даусы мен тұщы тілін естімес мылқау кепке түскен. Оған да тәуба! Қ.Жиен. ~ Жүйрік, шаба жөнелсе адам атаулыға қарасын көрсетпейді. М.Мағ. ~ Минуттар сағатқа жалғасты. Маған осылай көрінді. Әшірді, өзімді, Жамалды, ең аяғы осыған қарап отырған асханадағы адамзат атаулыны жек көріп кеттім. М.Қаб.

АДАМ (АЗАМАТ) ҚАТАРЫНА ҚОСТЫ

Аяғынан тұрғызды, ел санатына кіргізді, адам қылды. ~ Үш жыл оқ астында жүріп одан да аман қалдым. Мына сендерді не ішем, не кием дегізбей тәрбиелеп, адам қатарына қостым. Қ.Жұм. ~ Сонда Итжемес күнде алдарына барып жүрген ескі көзтаныста. ~ Шам жанған соң отағасы тағы да: ─ Әкеңе қарызым көп еді, – деді күрсініп. – Жетелеп жүріп жеткізді, сүйрелеп жүріп адам қатарына қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарығым есіме түседі де өзімнен – өзім қысыламын. Қ.Ысқ. ~ «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» дейді. Жаңылған мен сүрінгеннің қолтығынан демеп, азамат қатарына қосып жібермесек, біздің азаматтығымыз, қала берді, тіпті елдік дәстүріміз қайда? О.Сәр.

АДАМ (КІСІ) БЕТІНЕ ҚАРАЙ АЛМАДЫ

Ұялғаннан не жасқанғаннан жанарын төмен сала берді, біреудің көзіне тік қарай алмады. ~ …әйтеуір қазір Ақбасов тергеуші емес. Шолпан адам бетіне қарай алмайтын халде. Бұл сорлы әйелдің басына төнген қара бұлт емес пе? Х.Ес. ~ Жазған баланың назары төменшіктеп, кісінің бетіне тура қарай алмайды. Төмен қарап тостағанын созып тұр. С.Ел.

АДАМ АЙТҚЫСЫЗ

1.Керемет, ғажап, суреттеуге сөз жетпейтін. ~ Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. І.Ес. ~ Содан соңғы Имашпен істес болғаны осы жолы. Имаш Боқбасарға бұл жолы адам айтқысыз ұнады. Б.Май. ~ — Мен адам айтқысыз бір күшті кісі көрдім, — деді. І.Жанс.
2.Тым өрескел, жағымсыз д.м. ~ – Өздері ата-бабадан түсіп, адам айтқысыз тілмен боқтап-боқтап алады да, оған қарсы әділдік айтқан адамдарды сабайды, бұл қайдан келген жуандық?! Қ.Шаб.