НҰРЫ ТАЙДЫ

Көзі қарауытты, бет-жүзі солғын тартты, өмір нышаны бәсең тартты. * Талтаңдай басып келіп — көп жыл бойы тепеңдеп, ат үстінен түспеген кісінің әдеті — үнсіз еңкейіп, өлген аюдың көзін ашып көрді. — Нұры тайған… су қараңғы соқырдың аз-ақ алды, — деп бір қойды. М.Қаб. * Көзінің етегі көгіс тартып, жүзінен нұры тайып, бейне, «Жо-ға!.. Қоя тұрыңдар!.. Көмуге асықпаңдар!..» деп табыттан тұрып кеткен арыған әруақ, құр қауқар, сүлесоқ сұлба секілді ме. Д.Досж. * — Шолпанымнан қалған жалғыз ұрпақ сен едің. Әкеңе амал жоқ, әйтпесе шымбайыма батып-ақ тұр,— дегенде, кемпірдің нұры тайған қызыл көзінен жас тамып кетті. Ғ.Мұст. ~… сүйенішке қойылған көрпежастыққа арқасын сүйеп, нұры тайған жанарының әлсіз жарығын жартылай ашылған шаңыраққа, шаңырақтан арғы түпсіз шыңырауға жіберіп, ұзақ жатты. Ғ.Біл.

НҰРЫ ТАЙМАҒАН

~ Көркінен айрылмаған, күш-қуаты өзінде. * «Қандай көрікті, пәтшағар! Әлі нұры таймаған. Дұрыстап киіндіріп қойса… » деп ойы бұзыла бастаған Мақан алғашқы сесінен айнымай ақырып жіберді. С.Смат. * Апам қуанып кетті, әлі нұры таймаған қара көзі күлімдеп сала берді. Н.Сер. * Байғұс әйел кеше кеште Демежан қазасын естіген сәтте- ақ, қара шашын жайып жіберіп, әлі нұры таймаған ал- қызыл, сұлу жүзін тырнағымен осып, қан жоса еткен. Қ.Жұм. * Сол есіне түссе, бұның кез алдына бетінен нұры таймаған ақ сары әйел тұра қалады. Қолынан талай дәм татқан-ды. Ә.Нұрп. ~ * Орта жастан асқанмен, Ұлбергеннің көзінің өткір нұры тайған жоқ еді. С.Мұқ.

НҰРЫ СӨНДІ

Бояуы қашты, күңгірт тартты, өңі қашты. ~ Жауыздық атаулы қаншама қаратүнек болғанымен, тіршілік нұры сөніп, ақтаңдақ арай шашқан алыс сапарынан ешқашан аялдамақ емес. С.Ғабб. ~ Өмір екі келмейді, дүние боқты тергенмен, Жанның нұры сөнбейді, жаққан отың сөнгенмен Н.Айт. ~ Аспанның батыс жақ етегі әлі де бозамықтанып тұр екен. Батып кеткен күннің қызғылтым нұры сөне бастапты. С.Ғабб.

НҰРЫ ҚАШТЫ

Жарығы сөнді, жүзі күңгірт тартты. ~ Көбісі соққы жеген, арып-ашқан, Көздерін қасіреттің соры басқан. Қызыл әскер мылтықпен ұрған кезде Әкеміздің көзінің нұры қашқан. Ө.Нұрм. ~ … сол ағаш бастарында нұры қашып сұрланып, бозара түскен күн мен беймезгіл тыныштықтан қысылып, үн-түнсіз мүлгіп отырған қарғалар көрінеді. В.Расп.

НҰРЫ ЕНДІ (КІРДІ)

Қуаныш биледі, жүзі бал-бұл жанды. ~ Ол қарағым оңалса, Тыншыр еді жүрегім. Жүздеріңді сау көрсем, Екі көзім нұры еніп. Қосылысып бір жүрсем, Әр нәрсені үйреніп. Абай. ~ Гауһар ондайда қатты желпініп, көзіне шаттық нұры енетін. К.Жүн. ~ Тамақтың қалай қуаты, Болса да мейлі ұяты, Қыздағы нұры кіріпті. Екі беті албырап, Жас қалпына келіпті. «Алпамыс б.»

НҰРЛЫ ШАҚ

Бақытты, қуанышты уақыт. ~ Қол ұстасып халықтар, тұрды сапқа. Қосыл, қазақ, бас, қазақ, нұрлы шаққа! Отан деген ұлы ана перзентісің, Бауырларың өзіңмен бір құшақта. Ж.Молд. ~ О–о… қырда қойқызғалдақ шоқтай болып жайнағанда, ауада жусанның кермек иісі бұрқырап, танау жарғанда құлпырар еді біздің ауыл… ол үшін ызғарлы, қытымыр қыс өтіп, көктем келуі керек. Шуақты көктем… нұрлы шақ… Ж.Шағ.

НҰРЛЫ СӨЗ

НҰРЛЫ СӨЗ Мән-мағынасы мол, адамды жақсылыққа бастайтын ой, пікір. ~ Жаңбыры жерге таралып, Жасарып шығып гүл жайнар. Жайына біреу келсе кез, Белгілі жұмыс, сор қайнар. Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар. Абай. ~ Əйтеуір бұл кезде мен: жанға нəр, бойға қуат беретін нұрлы сөздер тек өмірге ғашық адамдардың ғана аузына түсетін шығар деп ойлайтынмын. Н.Кел.

НҰРЛЫ СЕЗІМ

Адамды билеген шуақты, мейірлі, нәзік ой-сезім. ~ Шаттанып тұрмын, жанарым Толып бір
нұрлы сезімге. Соғыста өлген ағаның Айтарсың соңғы сөзін де. Т.Молд. ~ Көрер көзге
көркіне еніп жасаңғырай түскен сайын дала жаңғыра түлеген бейнесімен сан құбылып, жан
дүниеңді кереметтей бір нұрлы сезім билейді. С.Ғабб. * Өзегімді нұрлы сезім жарып өтіп,
қолтығыма қанат біткендей болды, қашаға пәрменіммен секіріп шықтым да, ар жағына топ
ете түстім. Б.Соқ. ~ Көкірегіне сыймай бұлқынған нұрлы сезім, шартарап қиялдарға жетелеп
өрекпіте беретін сияқты. С.Ғабб.

НҰРЛЫ КӨЗ (ЖАНАР)

Мейірімі мол, ашық, шуақты көзқарас. ~ Манадан бері бұның әр сөзіне елегізе құлақ түріп тұрған Бопай ханымның шырадай жанған нұрлы көздері солғын тартып қоя берді. Ә.Кек. ~ Ол оның дөңгелек жүзі мен сопақша, сүйір иегіне жарасатын қыр мұрыны мен ұялы, нұрлы көзін де анық көріп отыр. С.Дос. ~ Жымсия күліп тұрған нұрлы жанары кенет әлем тапырықтанып әпірейіп алады. Ә.Кек. ~ … ұзын столды жағалай отырған жастарды нұрлы жанарымен бір шолып өткен Қонаев құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөз бастады. С.Дос. ~ Тайжанның жан жүйесi бiр түрлi жеңiлейiп сала бердi. Ағасы жымың- жымың етiп, нұрлы жанарымен бұған да қарады. П.Дүйс.

НҰРЛЫ БОЛАШАҚ

Жарқын, қуанышты, бақытты келер шақ. ~ Бiз өзiмiздiң түбiмiзге жете жаздаған саясатты мадақтадық. Осылайша нұрлы болашаққа бара жатырмыз дедiк. Т.Әс. ~ Мұнан да бақытты, мұнан да нұрлы болашағымыз туралы сөз бола қалса, өткен өмірдің ащы зарын көп көрген Қартекеңнің айтар өнегесі осы екен. Ә.Әб.

НҰРЛЫ БЕЙНЕ

НҰРЛЫ БЕЙНЕ Жылылық, мейір тамған жүз, жарқын, жайдары жан. ~ «Жаным! – дедi көңiлiндегi нұрлы бейнемен тiлдескендей күбiрлеп. – Қазiр жетем. Жыламашы, сәл сабыр ет, перiштем! Ақ көйлегiңдi киiп, дайын тұр. Т.Сәу. ~ Күн шыққанда ай көрінбейтіні тәрізді, сұлулықтың тәңірісі боп елестеген осынау нұрлы бейне айналасының түгелдей мысын басып, ажарын солғындатып жібергендей… Т.Сәу.