Ашық, мейірлі жүзді. Шұғылалы, сәулелі, сұлу дидар. ~ Әжейдің ақшыл, ашаң жүзіне қан жүгіріпті. Нұрлы ажарында кәрілікке онша жеңдірмеген отты өжеттік бар. Жасыған шырай білінбейді. Т.Рыс. . ~ Тізілген меруерттей отыз тісі. Нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас. М.Дул. * Әр үйдің төрінен, шәкірт дәптерінің мұқабасынан, арақ бөтелкесінің бүйірінен… Ұлұғ сәруардың нұрлы жүзі күлімдеп қарады. Т.Сәу. * Өртенуші ем көрген сайын Сенің нұрлы жүзінді. Сүюге де едім дайын Басып кеткен ізінді. Ә.Нұрш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НҰРҒА ШОМЫЛДЫРДЫ
НҰРҒА ШОМЫЛДЫРДЫ Айналасын ажарландырды, жарық сәулеге бөледі. ~ Енді- енді ғана ыңырана көтерілген ай сәулесін емген қар өзгеше жарқырап, дүниенің баршасын ақ сүт нұрға шомылдыра бастап еді. О.Бөк. ~ Таң толықсып атты. Дүние сынаптай толқиды. Жыл тәулігінің көркі көктем таңы Шәукенді нұрға шомылдырды. Т.Әл.
НҰРҒА ТОЛДЫ
НҰРҒА ТОЛДЫ Жарқырап, арайланып кетті. ~ Алашта тағы сендей ер тууын Төбеде тас боп шөгіп күтіп қалам». Осы сөздерді айтып қарт ғайып болды, Таудың үсті тамаша нұрға толды. М.Жұм. ~ Көйлегін судыр еткізіп, Ақбілек кіріп келді. Бекболатқа отырған үйі нұрға толып кеткендей болды. Ж.Айм.
НҰРҒА МАЛЫНДЫ (МАЛШЫНДЫ)
Арайлы аппақ түске шомды. ~ Бүкiл дала әнге кенелiп, ендi-ендi бозамықтанып, алтын нұрға малынып күмбiрлеп тұрғанда, … кiм ұйықтап қалушы едi? М.Қан. ~ … арқан бойымен әрлі-берлі, әлме-әл қатынап тұрған паром да, оның үстіндегі қара-құралар да қызғылт нұрға малынды. Н.Сер. ~ Нұқыл бір жасөспірім бозбаланы сапқа тізіп қойғандай нұрға малынған теректер: «Мені көр, жоқ, мені көр», — деп сыптай тартылып, бой түзеп тұр екен. Ә.Тар. ~ Бәденді толық кескін қызғылт нұрға малынды. С.См. ~ Осынау нұрға малынған тыныштықты сықылықтай тербеген қыз күлкілері, тіпті құлпыртып жібергендей болды. С.Ғабб. ~ Мамасы босат, еркімен өссін тал шыбық! Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып. Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық. М.Мақ.
НҰРҒА БӨЛЕДІ
НҰРҒА БӨЛЕДІ Мейірін төкті, айналасына жылы шуақ таратты. ~ Айналаны аппақ нұрға бөлеген күміс сәуле көңіліңді әлденеге құмартқандай неше алуан қиялдарға жетелей беретін сияқты. С.Ғабб. ~ Адам жүрегіндегі жылылық бейне бір атып келе жатқан таң шапағаты секілді. Бүкіл дүниені нұрға бөлейтіндей адамдық ықылас ішкі әлемге де сәулесін түсіреді. Ә.Ысқ. ~ Ай шатқал ішін де сүт нұрға бөлеп, тас қараңғылықтың етегі түріліп кетті. Қырсық дүние деген осы… Ә.Асқ. ~ Тағы да шық моншақты нұрға бөленген, жасыл көктем келді. І.Ес. ~ Ол сыңғырлап күлiп жiбердi де, үнсiз әңгiменiң соңғы нүктесiн қойғысы келгендей, маған күн шұғыласындай шуақты жанарымен мейрiмiн төге қарап, төңiрегiмдi аппақ нұрға бөледi. Т.Әбд.
НҰРҒА БӨКТІ
Әдемі жарық түске боялды. ~ Дүние көл– көсір қырмызы нұрға бөгіп, дене біткен қызыл арай кешкендей. С.Ел. ~ Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Ә.Нұрш. ~ Олжасын белiне байлап, арқанды өрмелей сыртқа шықты. Жердүние көгiлдiр нұрға бөгiп, жайнап кеткендей. Т.Сәу. ~ Басы көтеріңкі жатқан жылқышы, сол сәуле құйылған әйнектен тысқа қарап еді, күн нұрымен шағылысқан қар көз қарықтырарлықтай нұрға бөгіп, күміс шашып жібергендей күлім қағады. О.Бөк.
НҰРҒА БАЛҚЫДЫ
НҰР ШАШЫРАДЫ Сәулелі жарық түске малынды. ~ Қызғылт нұр… Анау сұрша белден бергі ұлан– асыр ой– жайлау мынау Мұхтар тұрған Көктөбеге дейін жұқа қызғылт нұрға балқиды. З.Қаб. ~ Төңірек түп– түгел талаурап, манаурап жатыр. Ойланған жер беті күлімсіреген аспан ажарымен арайланып, айрықша тамылжыған тəтті нұрға балқып маужырап тұр. З.Қаб. ~ Таң деңдеді. Шығар күннің сүйіншілеген от кірпігенен қаймыққан түн еркелері көздерін жұма-жұма қалысты. Бозала нұрға балқыған шығыс көкжиек алаулап жана бастады. Ө.Кәр.
НҰР ШАШЫРАДЫ
Адамның көзі, жүзі, бойынан сезілетін сәулелі, шұғылалы, нұрлы сезім хақында. ~ Таң атқалы жайма шуақ нұр шашырап келе жатқан отты жанары оқыс мұздап тұнжырап сала берді. Ә.Кек. ~ Еті аппақ жауған қардай, беті айдай, Ерітер тірі жанды сары майдай. Бетінен бедерленген нұр шашырап, Жатыпты бала құдай сәнін жоймай. «Нұрғазарын». ~ Тамағынан күн жұтып қойғандай, ерекше бір нұр шашырап тұратын, әлсіз аппақ мойын құс-мамық төсекке шалқалап құлай берді. Ә.Кек.
НҰР ШАШТЫ
НҰР ШАШТЫ Жан-жағына жылу септі, жарық сәуле таратты. ~ Жан-жағына нұр шашып өткен өмірден ардақты не болсын! Ә.Нұрш. ~ Бүгін шаттық ұласып, Қойындасып көк пен жер, Өлкесіне нұр шашып, Ертістің күй шертісі-ай! І.Жан. ~ Момақан мойыл көзі ылғи бір жып-жылы нұр шашып жәудірей қарап тұрғаны. Ә.Кек. ~ Торғындай үлбіреген ақша жүз, нұр шашып жайнаң қаққан аялы отты жанар, керме қас. Т.Сәук.
НҰР ШАПАҒАТЫН ТӨКТІ
НҰР ШАПАҒАТЫН ТӨКТІ Қуаныш, шаттық, рақым сыйлады. ~ Түз адамы жарық дүниеге келгелі Көкті – Жаратқан құдіретім, Жер-Суды – Жаратқаным-анам деп таниды. Рух – Көктен болғанда, Күш – Жерден. Көк құдірет Нұр шапағатын төгіп, Рух берді, ал Жер-ана бауырына басып, төсін ашып емізіп, күш береді деп түсінеді. Е.Әл.
НҰР ШАПАҒЫ ТӨГІЛДІ
Айнала жарық сәулеге бөкті. ~ Бірақ Дарья батар күннің нұр шапағы төгіліп, шымшық құстары секектеп жүрген осынау жарық дүниеге қайта оралғысы келмеді — ол уақыт әлі соққан жоқ еді. В.Расп.
