НЕ БЕРЕКЕ ТАБАСЫЗ?

Қандай пайда көресіз, нендей абырой аласыз д.м. * Қартайған шағыңызда бүйтіп көрінгенмен ұстасып не береке табасыз? О.Сәрс. * Он сегіздегі қыз бенен жетпіс сегіздегі қаусаған кемпірдің суретін салыстырып не береке табасыз, не мұратқа жетесіз? Обал емес пе? Ш.Мұрт.

НЕ БЕЛБЕУ КЕТЕР, НЕ БЕЛ КЕТЕР

Не де болса шыдармын деп, тәуекелге бару. ~ Тәуелсіздіктің қиын жылдары Премьердің қысталаң шаруасының қиын-түйінін шешу кезінде көзіне түскен деседі, содан осы қызметте тастай қатып, я белбеу кетер, я бел кетер деп кіріскен кәнігі палуандай, қалай шиырып лақтырып тастасаң да жығылмай, сүрінбей, керісінше жоталанып сірескеннен сіресіп отыр деседі. Д.Дос.

НЕ БЕЛ КЕТЕДІ, НЕ БІЛЕК КЕТЕДІ

Шешуші сәт д.м. ~ Аумаған былтырғы Байбатты жыққан тәсіл. Бұл не бел кететін, не білек кететін, тым аяусыз, қатыгез тәсілдердің бірі еді. Қ.Жұм. ~ — Өздерің пәле қумасаңдар, біз жанжал іздеп тұрғанымыз жоқ. – Ал пәле қусақ ше? – Онда нағыз майдан болады. Бүгін не бел кетеді, не білек кетеді. Қ.Жұм.

НЕ БАСЫҢА КҮН ТУДЫ

Нендей қиындық көрдің д.м. ~ «О, бейшара, бейшара болмасаң, өстермісің?! Осынша сұлулық аурасына көзбе- көз қиянат жасағандай не басыңа күн туды?! » Қ.Жиен. ~ — Сонша ерте оятатын, не күн туды басыңа? Е.Әбік. ~ «Қазақ қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды? М.Мағ.

НЕ БАРҚАДАР (ТАБАДЫ, ТАПТЫ)

Не абырой көреді; не пайда тапты? * Әбділдә. Дұшпан десең — дұшпанмын. Сенімен дос болған кісі не барқадар табушы еді? М.Әу. * Бейшара, бес жылдың iшiнде төртiншi рет құрсақ көтерiп тұр. Осы иттiң ұрпағын көбейтiп жылда күшiктегенде не барқадар таппақ. М. Дәу. * Былай қарасаң, жә деген жазушы кеудесін қағып қалай мақтанам десе де тақиясына тар келмейтін еңбек. Бірақ мен не барқадар таптым? Т.Сәук. * «Не жақсыңа қуана алмайтын, яки жаманыңды көтере алмайтын жанға шындығыңды айтып не барқадар табарсың. Ішкені ас болмай, түні бойы төсегі мұз болып, дөңбекшіп шықсын, бәлем». М.Қаб. * Бекер келген екенмін деп өкінді. Жүрегін жаралап жасығаннан басқа не барқадар тапты? Т.Сәук.

НЕ БАҚА, НЕ БАЛЫҚ ЕМЕС

Бірде олай, бірде бұлай. ~ Көше де Елтайдың көңіл күйіндей не бақа, не балық емес, әрі-сәрі екен. М.Қаб.

НЕ БАЙ АЛМАЙДЫ, НЕ ҚҰДАЙ АЛМАЙДЫ

Тұрмысқа шықпай отырған қыздарға қатысты айтылатын қорлау, кекету, налу сөз. ~ “Шанышқылының қыздары санды келеді, кере қарыс а… келеді деуші еді, не бай, не құдай алмайтын қыздарыңның біреуін жіберсеңдерші, батсам солардікіне батайын”, деп бұл да тілін ойнатқан. Н.Дәу. ~ Өзі де талайға келіп қалды ғой. Менен үш жас кіші, жиырма сегізде. Не бай алмады, не құдай алмады. Немене, жетісіп жүр дейсің бе. Обал- ақ. О.Бөк.

НЕ АТТЫСЫҢ?

Атың кім? * Үйiне келсем жан да жоқ, Не аттысың? Атың айт! Не жерлiсiң? Жерiңдi айт! Туған-өскен елiңдi айт! Және мұндай зар қылма, Анық қылып жөнiңдi айт! «БС.Бозжігіт»

НЕ АРМАН (БАР)

Әлде бір жағдайға қызығу ретінде айтылады. ~ Жолдасың жақсы болып, сенің айтқаныңа түсініп, сенімен бірге білімге ұмтылып отырса, не арман бар? Б.Майл. ~ Соған орай өздерін ерекше талайлы, соншама жеңіл сезінген. Жалғыз ұлдары — бар екен. Аман-есен жүр екен. Енді не арман. М.Мағ. ~ – Соғыс… аяғымнан сол соғыста айрылсам не арман еді! – аспанның көзі қанға толып кетті. О.Бөк.

НЕ АРМАН БАР

Біреудің бақытына қызығу, бұдан артық қандай бақыт болады д.м. ~ «Іздегенің табылын, сусының бір қанғанда, Осылай жауап қайтарған не арман бар адамда? Бақытты жан екенсің, ақиқат берген жалғанға! М.Мақ. ~ — Олар — ертедегі жылқылар. Көріп тұрсың, бұлар -шындықтағылар. Осындай аттарды мінген кісіде не арман бар? С.Мұқ. ~ Қайғы-қасқыр талап жесін тоқтыдай, Жесір мұңын еститұғын жоқ құдай. Сені сүйген еркекте не арман бар, Түз құсындай, уа, тәкаппар, тектім-ай?! Н.Айт.

НЕ АМАЛ

Шара жоқ д.м. * Ауыз дарбаза, Сөз самал, Құдай ұрғанға не амал?! М-М. * «Бөрілермен бірге тұрсаң – бөріше ұлы» – демекші, сендердей жыртқыштарға тап болғасын не амал… Бірақ мен… дайын емеспін… киіну керек… Қ.Русп. ~ Өтірік пәле жапты не амал бар, Зарығып жатыр мұнда талай жандар. Бұл істен қайыр үміт ете алмаймын, Шығып тұр қиыншылық түрлі заңдар. Ж.Шәк.