МАҢДАЙҒА ЖАЗҒАН (БІТКЕН)

Тағдырдың бұйыртқаны. * Сырттай ғана аяушылық білдіріп, мүсіркегеннен басқа олар саған не істейді. Кімді кінәлайсың, маңдайға жазған тағдыр. Қ.Жиенб. * «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар», — дегенді де қазақ айтқан. О баста тағдыр маңдайға соны жазған екен, құдайдың басқа салғанын не де болса көріп алады. Қ.Жұм. ~ Қайтып келіп отыр демесең, қалыңдығың қолға түсе бермейтін қимас жан. Осы ауылдың маңдайға біткен тағалы жалғыз көлігіндей талайға мініс берген бала еді, тек ұзағынан сүйіндірсін де!.. Қ.Ысқ. * Маңдайға жазылғаннан қаша алмайсың деген осы шығар. БАҚ

МАҢДАЙҒА БАСҚАН

Қадір тұтқан; алақанынына салып әлпештеген; көзінің қарашығындай сақтаған. * … сонау Семейде мұсылман медіресесінде дәріс алып жүрген жылдарда татар саудагерінің ай десе аузы, күн десе көзі бар маңдайға басқан жалғыз қызына құрық салған. О.Бөк. * Құлеке, маңдайға басқан бір атың болу дегеннің не екенін білесіз бе? Ойбай — ау, ол — тұсауың алынып, шідерің шешілгенмен бір ғой. Әй-әй, шіркін тезірек сөйтсем екен! С.Смат. * «Мал, малдан соң ал! » — дейтін қазақ тігерге тұяқ қалдырмай қи сыпырып әкеткенде де қыңқ еткен жоқ еді, маңдайға басқан жалғыз жүйрігін аударып алғанда жаны шырқырап қоя берді. Қ.Ысқ. * Мамозы осыдан үш жыл бұрын Арыппайдың маңдайға басқан жалғыз бәйге қара атын қолқалап сұратқан. Ж.Ахм. * Басқа жігіт сенен үлгі алса болады. Керек болса, керей саған тағы бір қызын берсін, әдеттегі емес, маңдайға басқан керімін берсін! Ғ.Біл.

МАҢДАЙ ТҮЗЕДІ

Белгілі бір бағыт алды. * Көкжиектен бас жарып Күн көрінгенде ауыл көші де тізіліп қоңыраулатып ойпаңнан шыға берді. Таңды сол бүйірге ала отырып көш түстікке маңдай түзеді. С.Елу. ~ Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп иесін ала кеп қашқан. Р.От. ~ Сәлден кейін орнынан тұрып, о баста мақсат қылған бағытына қарай маңдай түзеп, бет алып кете берді. С.Үс.

МАҢДАЙ ТІС

Күрек тіс. ~ Маңдай тістерінің арасынан фонтанша атқытып, шырт түкіре тастап, аналар ойнап жүргендей жәп-жәй ғана қарап отыр. М.Әу. ~ Шындығында жалап үлгермеді, аузы жетер-жетпесте тілінің ұшы жабыса жаздап, қызыл-шақа сыдырылып шықты. Маңдай тістері қан-қан, бақырып үйге қашқан. Қанаса да біржола жабысып қалмапты. М.Мағ. ~ Сонымен Арғын — Тобықтының билepі өздepi тоқтам жасай алмаған соң сөз аяғын Ұлы жүз Үйсін eлiндeгi Төле биге жүгініске келген жерде Мырза биге қарап сол жақ қолымен оң жақ қолтығын басыпты да, тілінің ұшын шығарып, бармағын маңдай тісімен басыпты. Бұнысы «Қол көмекші, тіл жалғарым жоқ, жалғызбын. Дұшпандықпен маңдай тісімді қағып алды. Әділ билігіңе жүгіндім» деген cөзі екен. «Ел ауз.»

МАҢДАЙ ТІРЕДІ

Әлдебір жерге тақап келіп тоқтады. ~ Ауыз үйге шығып, сыртқы есікке маңдай тіреді. Екі мәрте нығыта итеріп еді, міз бақпады. М.Қаб. ~ Тұйықтағы темір есікке маңдай тірей тоқтаған, жолбасшы бұларды сыртта қалдырып қойды да, өзі сып етіп ішке кіріп кетті. Обалы нешік, кіруінен шығуы тез болды. Т.Сәу. ~ Маңдай тірер жері – Ташкент шәһарының түстігіне қарай қырық шақырымдай жердегі Ахангиран өзенінің теріскей жағалауындағы Күлтөбедегі Тәуке ханның «Ханабад» атты рабаты. С.См.

МАҢДАЙ ТЕРІНІҢ АҚЫСЫ (ӨТЕУІ)

Адал істелген ауыр жұмыстың өтемі. ~ Қымсына «маңдай теріңнің ақысы» деп ұсынған көк тиын қара бақырларын да алмайтын ғой. М.Сүн. ~ Тіпті зорлық-зомбылық жасап, малын кедейлерге тартып әпереді дейді. Бұл болмайды, шырағым… ― Кедейлердің табан ақы, маңдай терінің өтеуі болуы керек емес пе? Б.Тоғ.

МАҢДАЙ ТЕРІН АҚТАДЫ

Жанын салып істеген ауыр жұмыстың сауабы болды. ~ — Түу, көке-ай, маңдай терімді ақтар баяғының тұлпарын қайдан табам. — Әке сөзінің дұрыстығын іші сезсе де Жолдан күрестен біржола шығып кететінін мойындағысы келмей жорта тулаған. К.Жүн.

МАҢДАЙ ТЕРІМЕН ТАПТЫ (ЖИНАДЫ)

Ауыр еңбекпен келген пайда хақында. ~ Жарлы да болса аршыл Әділ бала– шағасының тамағын табан еті, маңдай терімен табуды жөн көрді. Ү.Жәл. ~ Қанша айтса да, әке тілін алмаған қатыгез ұлға өмір бойы байдың малын бағып, нәпақасын маңдай терімен тапқан Қарабала қатты наразы болып: «Түбі оңбассың! » – деп еді. Ү.Жәл. ~ Бірақ жергілікті елдің бұқарасының маңдай терімен табылатын бұл алтын қазына олардың өзіне пайдасы болмай, бірыңғай әкімдерімен саудагерлердің ашық талауында болады. Ә.Марғ. ~ «Мен жұмысшымын, папa. Қорықпа. Сені, ұятқа қалдырмаспын. Дүниеде өз маңдай теріңмен тапқан наның тәтті болады екен»,— депсің. М.Сүн. Әрқайсысының көңілінде күмән, сенбестік ой бар еді «қалайша біреудің маңдай терімен жинаған мал мүлкін жылатып, еңіретіп, күшпен зорлық жасап, тартып алады, қой бұл тіпті ақылға симайтын қисынсыз ой, іс, шикі хабар. К.Өтж.

МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КҮН КӨРДІ

Адал, ауыр еңбек етіп өмір сүрді. ~ Осындай зор уақиғалар көз алдымызда тұрған уақытта біз Россия және Күншығыс мұсылмандарына табан ет, маңдай терімен күн көретін жарлы-жақыбайға, сыбағадан шетте қағыс қалған мұсылмандарға мынаны ұсынамыз. С.Сей. ~ Шәкір ешкімге жалданбаған. Әлгіндей тіршілігінің арқасында табан ақы, маңдай терімен күн көрген. Б.Тоғ.

МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КЕЛДІ

Ауыр еңбекпен табылған табыс туралы. ~ Бәрі де, қол жетер жетістіктер де, табыс та үлкен қиындықпен, зор маңдай терімен келмеуші ма еді. «Ешкім маған көмектеспеді» — деп қолдан қайғы жасаудың қажеті қанша. Ә.Ысқ. ~ Еңбексіз таппа деп ақыл үйретпек. Алдымен өзіне неге айтпайды ол ақылын. Мынаның бәрі адал ақы, маңдай терімен келген– ақ шығар. С.См. ~ Содан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір өзі кішігірім бір мемлекет сияқты совхоздар мен колхоздар жаппай таратылып, халықтың маңдай терімен келген бар байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді ме? С.Дос.