Біреудің өктемдігіне мойын ұсынды. ~ Осылай тайраңдатып қоямыз ба, әлде «қасқыр тартқан артымды иттен несін аяйын» деген қойдай бөксемізді тоса береміз бе? С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БӨКСЕ БАСТЫНЫ КӨРДІ
Амалсыз, шарасыз жағдайға тап болды. ~ Бөксе бастыны көргенде, көп көреді ғой. Азын-аулақ талшығынан айрылса, шұбырып, қор боп кететін де сол ғой!» деп, Дәркембай өзі көптен айтып келе жатқан осы сөздерін Базаралыға да айтқаны бар. Көптің күйін зілді қып айтқан Базаралы да осындай кісілердің аузынан анық жайларға мейлінше қанған болатын. М.Әу.
БӨКСЕ БАСТЫ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Қарекет етпей, өзін-өзі тежеді, әлденеден сақтанды. ~ Базаралы бұны естiгенде қатты күйiп, намыстан өртенгендей болды. – Беделсiз би, қайрымсыз қара бауырлар, өңшең. Сендерге сенем деп бөксе басты болармын ба? М.Әу. ~ — Қадалған жерінен қан алмай тыйылмайтын дерт қой бұл. Ырғасамын, арбасамын деп созалаңдауға болмас. Елді бөксе басты қылып алармыз. «Бермеймізге» бекінсек, бұған бермейміңді ашып айту керек те, елге «қамдан» деп жар шашу керек — … деді. М.Әу. ~ Ана Жебірбайдың баласы албанды сауып, осы жаздың өзінде қоралы қой жиып алып отырған жоқ па? Орыстың сорпасын ішкен қазақ оңып па еді? Тек елді азғырып, бөксе басты қылмасын де!.. М.Әу. ~ Үйелеген малдай тыпырлап, тоңқаңдап орнынан тұра алмай жатқан баласын көріп, әлі де сынын бермеген әдемі қылықпен сынғырлай күлді. – Ұлым-ау, екі жастың біріне келмей бөксе басты болып қалғаның ба? О.Бөк. ~ Қазір өмірдің бетіне тік қарағандардың заманы. Қарағайдың қарсы біткен бұтағы болмасаң, бөксе басты жалтақ күй кешесің. О.Бөк.
БӨКСЕ БАСАР БОЛДЫ
Жүріс-тұрысы ауырлап, отырып қалды. ~ Бәкизат тұрсын, қарт ана да басқа жаққа қоныс аудару керегін құлақ қағыс қыла бастады. Бұнысы, әрине, балалар басқа жақтан өріс іздеп талпынып жатса, аяққа оралып бөксе басар болмайын дегені ғой. Ертең Адай шал да көшеді. Ә.Нұрп. ~ Бұл елдің шамасы келгендері ойға-қырға көшіп жатыр. Бөксе басар кемпір-шалы барлар ғана ескі жұртта табан аумай отыр. Қарлы қара аспан басына түссе де, ата мекеннен іргесі көтерілмей, тістесіп отырған қос уыс халқына не істеді? Ә.Нұрп.
БӨКЕН САНДЫ, ҚОЯН ЖОНДЫ
Мүсініне көз тоярлық. * Жағада тұра қалып, үсті-басын ысқылап жуынуға тырысты. Ықшам мықын, жинақы тұлғасына көз жүгіртіп қояды. Бөкен санды, қоян жонды дейтін ұршықтай келіншек. С.Елу.
БӨКЕН ҚАБАҚ
Биік орналасқан, көтеріңкі қабақ. ~ Махаббаттан торыққан Ақан сұлулықты енді Құлагердің әдемі мүсінінен, бөкен қабақ жаудыраған көзінен, қаламының ұшындай әдемі құлағынан, салбөксе денесінен, бота тірсек, алмас тұнығынан іздейді. Ә.Мар. ~ Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Абай.
БӨКЕН ЖЕЛІС, БӨРІ БҮЛКЕК
Ұзақ жолға ыңғайлы, аттың бірқалыпты желісі. ~ Ендеше, ел болып, соңыма шырақ алып түскен, соғыстан қашқан Бандыларың мен боламын. Түсе берсін, бірі қалмай бәрі де түссін соңымнан. Бірақ көзімді қарға- құзғынға шоқытып, өлігімді бір далада қалдырғанша бөкен желіс, бөрі бүлкек тірлігімді артық көрдім… Ал қойыңды, сөз айтпай берген жақсылығыңды тірі жүрсем бір қайтарармын. К.Сег.
БӨКЕН ЖЕЛІС
Аттың бір қалыпты екпінді, қатты желісі. ~ Атам екеуіміз бөкен желіспен біраз жолды еңсеріп тастадық. Алғашқы аң ізін қуалап жүрген жерлерден мүлде басқа жақта келеміз. АҚ «Қансонарда». ~ Сол кең даланы қақ жарып, көз ұшында көрінген құба белге қарай тіке тартып келеміз, Жүрісіміз кейде бүлкіл, кейде бөкен желіс. Ә.Әб.
БӨДЕНЕНІҢ ҮЙІ ЖОҚ, ҚАЙДА БАРСА БЫТПЫЛДЫҚ
Құр бекерге күн өткізу, үйсіз, панасыз күн кешу туралы. ~ Міне, бір жылдан бері Ырғайты жігіттерінің ішінде болып, әбден үйренген Мардан алыс жерде бірге жүрген жолдастарынан айырылғысы келмеді. Бәрі бір «бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық!»— деп ойлады. І.Жан. ~ Сандалтып жексенбі күні қай құдайдың айдап келгенін… қаншама уақытым рәсуә кетті, — деп ренжіді Аян. — Е-е, ағайын, шофердің күні осы да, бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ деген… Запас балонның бар ма? Қ.Ысқ. ~ Қазақтың елдік тізгіні өз қолында тұрмаған соң. «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық» дегеннің кебін кимес пе? Ғ.Біл.
БӨДЕНЕ БАСЫНА, ТҰРЫМТАЙ ТҰСЫНА
Әркім әр жаққа кетті, қара басының қамын ойлады. ~ Жайлаудан түсіп келе жатқан беттері. Көш үздік-создық шұбалаңқы болатын. Аяқасты айқай-шу күшейді де кетті. Бүйірден атты әскер келіп тиді дейсің. Бөдене басына, тұрымтай тұсына. К.Қазыб.

