БОЙЫНДА ШЫБЫНЫ ҒАНА ЖАТЫР

Әл үстінде. * Қазақта адам жанын шыбынға теңейді. Сондықтан, бір ауырған адамның әл үстінде жатқанын басқаларға ескертіп қоюына тура келгенде – бойында жаны бар демейді, бойында шыбыны ғана жатыр дейді, бұл әлгі хабарлы сөйлемді әрлендіріп, түрлендіріп өлеңдік бояумен айтудың тәсілі. Ғ.Біл.

БОЙЫНДА ШЫБЫНЫ ҒАНА ЖАТЫР Read More

БОЙЫНА ШАҢ ЖҰҚТЫРМАС

Асқан жүйрік, сәйгүлік тұлпар хақында. ~ Апырмай, мақтаса мақтарлық, алдынан аң құтылмас, бойына шаң жұқтырмас, нағыз ауыздығымен құс тістеген жануар екен. Мен көрген сәйгүліктердің ішінде мұнымен үзеңгі қағыстырып, тізе соғар жылқы баласы әлі бұл өлкеде туған жоқ. Пай-пай, мынау Ғазіреті Ғалінің Дүлдүлі ғой,— деп тамсанғанда, жұрттың аузы ашылып, Құлагерге тесіле қарады. С.Жүн.

БОЙЫНА ШАҢ ЖҰҚТЫРМАС Read More

БОЙЫНА ШАҚ

Өзіне сай, жарасымды. * Бірақ адам баласы бойына шақ, ойына пар тірліктен асып төгіледі дегенге қайтып сенген жоқ. Қ.Ысқ. * Ұлдарыңыздың намысқойын- ай! «Қазақ қашпайды» дегенге кiлт тоқтағанын қараңызшы. Бұны өзiнiң бойына шақ әрi үлкен ерлiк- ау. Ж.Шағ. * Шекспир болмасаңда өз бойына шақ шындықты айтуға шамаң келе ме? Ш.Айт. * Бетінен ешкім қақпайды, біреудің бетінен алған бейбастақта емес. Қайта, өз бойына шақ инабат пен еркелігі, ошақ басынан озбайтын әйел затына тән сынық та наз қылығы жарасымды — ақ. Қ.Ысқ.

БОЙЫНА ШАҚ Read More

БОЙЫНА САҚТАДЫ

Әлдебір қасиет, сезім жүрегінде, бойында, мінезінде орын тепті. ~ Біріміз – бойында еш кір, былғаныш сақталып тұра алмайтын, ағынды өзен тәрізді болсақ, екіншіміз – бар жамандықты бойына сақтаған, тұнып қалған, ағар жері жоқ қара су екенбіз. Сен сол қара сулығыңа тарттың. Енді түсіндім, еш жаққа аға алмадың, өзіңнен–өзің тұрып борсыдың. І.Ес. ~ Аса әсем галстук тағып, биік тақалы етік киген, бейне бір жастықтың бар албырттығын бойына сақтағандай кескінмен өкше темірлерін сыңғырлатып, қолдарын айқастырған осы бір тырысқан шалды қайда көргенін еске түсіргелі Валентен көп толғанды. О.Бальз. ~ … күндіз айналаң қар, қыс жұмбақтарын бойына сақтап мүлгіп тұрған ормандар мен мұздақтар, биік таудағы қыстақтың «Таубе» мейманханасындағы өзің түнеп шығатын орның, ал түнде орыс жазушылары өзіңе сыйға тартқан өзге керемет дүние — міне, ғажап десеңізші! Э.Хэм.

БОЙЫНА САҚТАДЫ Read More

БОЙЫНА ЛАЙЫҚ

Өзіне жарасымды, сай. * Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: «қиылып қана қалайын» деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Абай. ~ Абай аттың құлағын «қамыс құлақ» деп қиған қамысқа теңемей, «бұтақ құлақ» десе ешкім нанбас еді. Сол сияқты дене күшін ерлермен салыстырып, аң алғыш қыранмын десе, Сара сияқты XIX ғасырдағы ауылдың қызының бойына лайық болмас еді. С.Мұқ.

БОЙЫНА ЛАЙЫҚ Read More

БОЙЫНА ҚҰТ (ҚҰТ-ҚУАТ)

Пайдаға асты, сіңді, қызығын көрді д.м. * Түпкi мақсатқа жету үшiн қандай айла қолдансаң да айып емес. Қонаев – күнi өткен адам. Осы өмiрiндегi көрген қызығы да бойына құт. Т.Сәук. ~ Одан да ең оңай жол — бұл үш ақша жегіш шеберді мемлекетке бір тиын табыс бермепті деген көп ауыздың, шөп ауыздың бірі шөпшең ете түссе, «ініне су құйған күзендей қызметтен қуып шыққанмын» деу әлдеқайда женіл ғой. Жыл бойы жегендері бойына құт, үш шебер қалтаны толтырып қайқайып шыға берді. Б.Қыд. ~ Атап айтқанда, жалы берік жирен бие мен қазысы қалың қара жорға қас пен қабақтың арасында жол тартты. Ақтабан торы биені тексеруші телімсек сойып тартты. Ақшасы бойына құт. Әркімдер жақсы аттың майын сұрап мініп, қаңқасын да қайтармайды. Б.Қыд.~ Ақтөбе рентген заводының қоладан құйылған маркасы отыз елге таныс. Сол елдердің ішінде Куба, Гана, Мали, Непал, Индия да бар. Оралдың арматур, Ақтөбенің ферросплав, Шымкенттің химфарм заводтары жөнелтіп отырған бұйымдардың мазмұнымен мақтанбасқа ешбір еркім жоқ. Ол бұйымдар — әлі де буыны бекімеген, әлсіз елдердің бойына құт-қуат, керек десек, дәл айтқан боламыз. Х.Ерғ.

БОЙЫНА ҚҰТ (ҚҰТ-ҚУАТ) Read More

БОЙЫНА ҚОНЫМДЫ

Жарасымды, шақ киім туралы. ~ Аққұба, маңдайы да жарық, əнтек мұрыны шошағырақ болмаса, өзі де
биязы, киімі құбатөбел болса да, кірі жоқ, таза, бойына қонымды, не керек, қазақша биялайға лайық бір əйел.
Ж.Айм. ~ Сол заманның iскер адамдары «дүниеде бұдан артық терi жоқ, адамның бойына қонымды,
мықты, оның үстiне күдерi сияқты жұмсақ келедi» деп жазды. Т.Әсем.

БОЙЫНА ҚОНЫМДЫ Read More