Біреуге көңіл айтып, шыдамға, сабырлы болуға шақыру. ~ «Шыда, шыда, Алмас! — дейді жан түкпірінен бір дауыс. — Болған іске болаттай бол!». С.Ом. ~ Болған іске болаттай берік бол демеуші ме еді. Жасымаңыз, ерлігіңіз де, еркектігіңіз де бойыңызда… О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БОЛАТЫН ШАРҒА ҚАЙРАДЫ
Қаруын баптады, өткірледі. ~ Мамай, Болатын шарға қайраған Мамай, Бедеу атын байлаған, Мамай, Шағанның бетін шаң қылып, Төрт түлік малды айдаған Мамай. А.Байт. ~ Қара қошқыл қан жұтып, Қан жұтпаса, шерленген, Болатын шарға қайраған, Бедеу атын байлаған, Шағанның бетін шаң қылып, Төрт түлік малды айдаған. А.Байт. ~ Дұшпаныңа тірелген, Айналайын әкеке-ай, Аумайтын еді табаның. Бір күндерде әке-кем Арғымақ бедеу байлаған, Болатын шарға қайраған, Наурызым, Сыпсың-екеу су. А.Байт.
БОЛАТТАЙ БЕРІК
Мықты, мығым; күші толған, тепсе темір үзеді.. * Ой, сəулем? Жарын күткен екен ғой! Күндей сұлу, болаттай берік жан жарым, көрсем тоймас құмарым! Мені тосқан екен ғой…» деп ойлап, сып етіп аттан түсті. Ж.Айм. * Бай-құлақты аластап малша қуып, Майдандастықтап болып белді буып, Біздің қатар — болаттай берік қатар, Қолыңды тарт: қанды қол, келме жуық!..» Б.Май. * Әлгі автомобиль, поезд, самолеттің басына ие болу керек, ал ол үшін үлкен өнер, болаттай берік мінез, алғыр білім қажет. М.Қаб.
БОЛАРЫ БОЛЫП (БОЛДЫ), БОЯУЫ СІҢДІ
А) Өмірді керегінше көріп, жасарын жасап, асарын асап болған адам туралы. ~ Болары болып, бояуы сіңген бізді қайтесіңдер? О.Сәрс. ~ Ғашықтықтың аяғы жасықтыққа соққаны ма? Әлде жастары жетіп, болары болып, бояуы сіңген, тоқтаған шақтың нышаны ма бұл? С.Жүн. ~ Менің ғой, менің керегім жоқ, болары болып, бояуы сіңген адаммын. Төрімнен көрім жуық. Ғ.Біл
Ә) Өткен өмірде қияс басқан қадамыңды, білместікпен жасаған қателігіңді қанша өкінсең де енді түзете алмайсың, өткен іске өкінбе д.м. ~ Соны бiлетiндердi көрсем, мазақ етiп, іштерінен сақ-сақ күліп тұрғандай елестейдi. Амалым жоқ, болары болды, бояуы сіңді. Бірақ, көңіл жұбанар емес, қатты өкiнем. Енді өкінгенмен не пайда?!. Д.Рам. ~ Болары болып, бояуы сіңген соң, амал жоқ, елдің пыш-пышынан қашып, үйлендіргенмен, ағамның алдына шығып кетсем, кенжелік статусымнан айрылуым мүмкін. Бұл дегеніңіз – «өлдің, Мамай – қор болдыңның» кері. А.Нүс.
БОЛАРЫ (БОЛАР ІС) БОЛДЫ
Енді ештеңе өзгерте алмайсың, болған іске бекем бол д.м. ~ Қой, болары болды, не де болса, тәуекел! Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің. К.Қаз. ~ Ал егер де «болары болыпты, енді маған қалың малымды әкел» десе, не дейсің? Б.Қанз. ~ Соны бiлетiндердi көрсем, мазақ етiп, іштерінен сақ-сақ күліп тұрғандай елестейдi. Амалым жоқ, болары болды, бояуы сіңді. Бірақ, көңіл жұбанар емес, қатты өкiнем. Енді өкінгенмен не пайда?!. Д.Рам.
БОЛАР-БОЛМАС НӘРСЕ
Түкке тұрғысыз, мән беруге татымайтын, жоқтан өзге нәрсе. ~ Осы мамамның не білгені бар?! Неге сонша ашуланшақ боп кетті? Мұңдай мінезі жоқ еді ғой?! Болар-болмас нәрсені сылтауратып, үй ішінің шаңын қағып-ақ жүргені. М.Мақ. ~ Бiрақ, қалай екенi белгiсiз тайынбай, жең сыбана сынға қатысуда. Әншейiнде болар-болмас нәрсеге қадалатын қазылар бұған көздерiн тас жұмып, қасақана ескермеген, елемеген сыңай танытады. Ә.Ыб. ~ Жапарлардың бiреуi оған сөйлесе көңiлiне ауыр алатын. Жақтырмай қалатын. Осыны бала неме арқалана ма, жөн-жосықсыз болар-болмас нәрсеге бұлқан-талқан тулайтын. Ә.Ыб.
БОЛ-БОЛДЫҢ АСТЫНА АЛДЫ
Асықтырып, тынышын алды. ~ Буын бұрқыратып, паровоз дайын тұр екен. Машинист Қазанғапты асықтырып, бол-болдың астына алды. Ш.Айт. ~ Арқасында мылтығы шошайып, ит жетелеген аттылы үш еркек керуеннің бас-аяғын шолып, мал айдағандай айқайлап, боқтап, бол-болдың астына алады. Т.Сәу. ~ Әдепкіде аузыма сөз түспей, аңтарылып отырып қалдым. Ойланып алсын дей ме, кім білсін, тергеуші бол-болдың астына ала қоймады. С.Ом.
БОҚТАН ОҢАЙ
Еш қиындығы жоқ д.м. ~ Пүшек іздесе сынықтан сылтау табу дегенің боқтан оңай емес пе, ләкпашы Темірханды қойып, «Қайырлы таң, Далай!» деп сәлем берсең, «Қазынада ақша жоқ, ойбай!» деп жауап қайырмастан теріс айналып қаша жөнелетін қаржы бөлім бастығы Далайдың өзін кеше кешке жаптырып сұраққа ала бастапты. Ш.Рах.
БОҚ МҰРЫН
Ақыл-ойы жетілмеген жас бала. ~ Әсіресе кешегі боқ мұрын қаршадай балалар бүгін Маркс, Ленин деп, көмейі суырылып, «пәлені қате, түгені теріс!» — деп талқылағанда, адамға біртүрлі ауыр тиеді екен. І.Жанс. ~ «Тамырды әлсіз жерден басуын қарашы» деп түйді де, намыстана сөйледі: — Жоға, мені бір боқ мұрын бала көресің-ау өзің. С. Шайм. ~ О, несі- ей, ол қай басынғаны- ей… Түске дейін есі бар, түстен кейін есі жоқ, боқ мұрын, салпық ерін жаман ұлыңа мақтанамысың- ей… Төбеңді көкке жеткізгенін көрермін… О.Боқ.
БОҚ ДҮНИЕ
Құны жоқ, болымсыз дүние; күйбең тірлік пен аш қарынның қамы д.м. ~ Бір ананың қос емшегін тартқылап өскен екеу — күндеске, кәдімгі қатын-күндеске айналды. Уа, мына боқ дүние! Сені теріп қай қоңыз тоңқаңдамады! Ж.Нәж. ~ Бес күн жалғанда ешкімнен қаймықпай, ақ алмастай жарқылдап өткен азат ерлерге бас иемін. Боқ дүние мені менсінбеді, түтінім болмаған соң боқ дүниені мен алмадым. А.Кем. ~ Өмір деген де бір бозшолақ атты боқ дүние ғой. Оның өткелі бұзылмайды, күттірмейді. Айжантай… Зырқырап өтіп жатқаның сол. Міне, сен де ес біліп, етек– жеңіңді жидың. Біреуге — үлкен, біреуге — кішісің. М.Сүн. ~ Ертең көзі жұмылған соң, Қарымбайдың жер қайыстырған сансыз түлігіндей тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетер берекесі жоқ, боқ дүниені жұртынан қызғанса керек, мол малды алтын– күміске айналдырып, Қыранқала атанған осы үңгірге тыға беріпті деседі. К.Сег. ~ Содан кейін сойылды оңтайлай көтеріп тұрды да, отауды сартылдатып, сабалап ұрып кетті. — Бұл боқ дүние кімге опа берген! Нәйәті, қатынға қадірім жүрмесе, баз кештім онда бәрінен! Уа, жау шаппаса, мен шаптым, міне, мен шаптым! С.См. ~ Тапқан табысты біреулермен бөлісе алмай, боқ дүниеге ашкөздене қарап, ақыры бүгінгі күннің басты «жыры» – көзбе–көз қастандықтың құрбаны болды–ау дейін десеңіз, Қарасайдың алқын–жұлқын бизнеспен айналысқаны шамалы. Қ.Жиен.

