БОЙЫНА ҚАЙРАТ ҚҰЙДЫ

Демеді, күш қосты. ~ Нағашысы Нияз серіні көрмейсің бе? …Кезең-кезеңде, керек жерінде беріктік бекінісіне айналмаса бұл Нияз сері, Нияз палуан, Нияз батыр бола ма! Торғын да мұның бойына қайрат құяр ма еді! Жылар, жыламас, бірақ оның да айбат шақырарлық ғажап мінездері бар. К.Қаз. ~ Сенім! Бұл бір ұлы күш! Әсіресе жаны таза адамға өзгенің көрсеткен сенімі бойына қайрат, қиялына қанат береді. Сол сенімді ақтаймын деп қандай қиындық болса да қарсы тұра алады, ақтап шығуға жанын аямайды. К.Қаз.

БОЙЫНА ҚАЙРАТ ҚҰЙДЫ Read More

БОЙЫНА ЖҰҚПАДЫ (ЖҰҚТЫ)

Ұнамады, қабыл алмады. ~ Бесбасбай осыдан он бір жыл бұрын мына қыстаудың үстінде ат ойнатқанын еске алды. Қырық сиыр… Бірақ, қарақалпақтың малы бойына жұқпады. Бекбауылдан жасырып алып қалған бес сиыр… Ол да құрамады. Біреуі құдыққа түсіп өлді… қасқыр жеді… Қысқа түскен бірі жоқ… З.Шүк.
Бойына сіңді, бүкіл болмысына әсер етті. ~ Тамырында ана сүтімен бойына жұғып, асыл текті хандардың қаны араласқанынан ба, әлде Адайда аты шулы батыр тұқымнан тарайтындығын мақтан ете ме, әйтеуір, жанында жігерін жасытпай, қылшылдатып қылыш-қажырын қайрап қоятын бір тылсым күш бар. Ү.Жлк.

БОЙЫНА ЖҰҚПАДЫ (ЖҰҚТЫ) Read More

БОЙЫНА ЖУЫТПАДЫ (ЖОЛАТПАДЫ, ДАРЫТПАДЫ)

Жақындатпады, бойын аулақ салды. ~ Маған сен тағы да мұның ақылсыз, былық әйел екендігін айтқызба! Қой енді, таста мұны! Ақылды әйел Қажыбай сияқты маскүнем, надан, ақымақ, сотқарды бойына жуытар ма еді? С.Сей. ~ … «ой, азаматым, келдің бе?»– деп арсалаңдап, әлгі шекараның ресми салтын бұзып құшақтамақ болғанда, бұрынғы Әзім болғанда, сол арада түсі сұп-сұр боп суып сала берер еді-ау. Бойына жуытпай алара бір қарар еді ғой. Ә.Нұрп. ~ Бәкизат Қозы Қарынды итеріп жіберді. Оны сонан кейін бойына жолатқан жоқ. Бірде қатарласып, бірде бетпе-бет қарама-қарсы тұра қап, бірін-бірі қайрап жанып жүр. Ә.Нұрп. ~ Ақыры уәдесін берді. Бірақ бойына дарытпады, «асықпаңыз» деп қарыласып отырып алды. Ә.Нұрш.

БОЙЫНА ЖУЫТПАДЫ (ЖОЛАТПАДЫ, ДАРЫТПАДЫ) Read More

БОЙЫНА ДАРЫТПАДЫ

А) Өзіне бағытталған соққыны денесіне тигізбеді, жалтарып кетті, қағып жіберді. ~ Жаман қатты дәндеген екенсің, албат қарақшы! — деп шоқпарын ыңғайлап жақындай берді де, жарқ етіп сілтенген алдаспанды бойына дарытпай жалтарып кетіп, шоқпарын жауының қарақұсына дәлдеп, құлаштай ұрды. С.См. ~ Жоқ, біздің дала қонақжайлы, бірақ тонаушыларды сыйламайды, оларды былай істейді, — деп Ядгар бектің сілтеген қылышын бойына дарытпай қағып жіберді де өзі шабуылға шықты. АҚ «Арпалыспен…»
Ә) Өзіне қарата айтылған уәжді қабылдамады, құлағына ілмеді, тойтарыс берді. ~ Өзге Құнанбай атаулының бұл сағаттардағы «сағым сынды», «бағыма нұқсан келді» деген беймаза байбаламын Абай түсінсе де, өз бойына дарытпаған. М.Әу. ~ Айғаным, әуелі: — «Саттардың үйі аман ба?..» — деп бастап, оның қызымен өз баласының байланысы барынан «хабардар ма, жоқ па?» деп сыр тартпақ болып еді. Ғабдүр-рахим түсіне тұра түсінбей, бойына дарытпады. С.Мұқ. ~ Бұл сөздің төркінінде: «Ши- амбыға бізден гөрі сен жақынсын. Соның тәрбие- тәлімін сен көп көргенсің» деген астарлы ажуа да жатыр еді. Демежан сөз уытын бойына дарытпай, іле жауап қатты. Қ.Жұм.
Б). Маңына жақындатпады, қош көрмеді. ~ Жиырма жыл бойына ол өзінен дәмеленіп, қол созған жігітсымақтардың бәрін әр түрлі айла тауып, бойына дарытпайды. Т.Ахт.

БОЙЫНА ДАРЫТПАДЫ Read More

БОЙЫНА ДАРЫДЫ

А) Көрген тәрбиесі, алған білімі, ортадан жұққан қасиеттер әсерін тигізді, жемісін берді, бүкіл болмысынан көрініс тапты. ~ Жақсылықтың шапағаты, ізгіліктің нұры бойына дарып, зерделі де биік болып өссе екен дейсің. Адамдықты сезінген, жылылықты ұғынған бала жақсы азамат болып өсері анық. Ә. Ысқ. ~ Бұл білетін Дорианның жақсы қасиеттері тым көп, ол зиялылық бойына дарып туған адам! О.Уай. ~ Қасиеттеп, қастерлеп сақтаған, ана сүтімен қоса бойына дарыған киелі түсінік — дүниесі төңкерілген. Ет пен сүйегі езіліп, тұла бойын қуалап сынап жылжып ағуға жақын. С.Елу. ~ Қаламгер бойына дарыған талантты да Тәңірім біреуден алып біреуге беретін болса керек. Д.Қуат.
Ә) Бүкіл денесіне әсер етті.
~ Жеңін қысып ұстаған жігіт саусағының дірілін, Ержан өңіндегі толқуды анық сезді. Осы ыстық леп бойына дарып, Раушанның жүрегі лүпілдеп қоя берді. Т.Ахт.

БОЙЫНА ДАРЫДЫ Read More

БОЙЫНА БҮКТІ

Есінде сақтады. ~ Адамның студенттік шағы соншалықты ыстық болатындықтан ба, болмаса көп сырды бойына бүккен көк өрім балғын шақтың елесі от болып, қайта қоздап сағындырғандықтан ба, әйтеуір жаны ортақ курстасым жалын болып, қол бұлғап тұрғандай мені ынтықтырып келеді. Ж.Сәм.

БОЙЫНА БҮКТІ Read More

БОЙЫНА БІТПЕГЕН

Өзіне тән емес, дағдысына, тума мінезіне қайшы. ~ Ол кіргеннен — ақ көңілім әлденені секем алғандай болып еді; бұрынғы байсалды паң қимылы жоқ, келісінде бойына бітпеген бір асығыстық бар. Т.Ахт.

БОЙЫНА БІТПЕГЕН Read More

БОЙЫНА БАЛА БІТТІ

Аяғы ауырлады; екіқабат болды (бола алмады). ~ Сонымен, мен күйеуге шығып алдым. Бақытжан бір айдан соң әскерге кетті. Мен өзі айтқандай, оны үйінде күтіп қалдым. Бойыма бала бітіп қалған екен. Ү.Жлк. ~ Рас, осы бала бойына біткесін қыз кездегі желік қалар деп ойлаған-ды. Ә.Нұрп.

БОЙЫНА БАЛА БІТТІ Read More

БОЙЫНА АС БАТПАЙДЫ

Бірдеңеге алаңдап, мазасы кетіп, жаны тыныш таппайды. ~ Әсiресе бiреудi қолға алып, қағытып, мысқыл ажуа қып отырмаса, бойына ас батпайтын. М.Әу. ~ Осы сөзді Жігітектің сол ауылдары сөйлеп отыр ма? Жоқ, әлде, басына бәле бұлты оралып жүрмесе, бойына ас батпайтын Базаралы құтыртып отыр ма? М.Әу. ~ Домалақ арыз ағылады–ай келіп, арызды оқып жатқан ұлық болмаса да, қайран қазекең арыз жазып қалуды парыз санайды. Ол болмаса басы ауыратындай көрінеді, бойына ас батпайтындай көрінеді, ұйқысы шала, күлкі жоқ, есі–дерті айбақтатып арыз жазсам дейді, баяғы. Б.Мом.

БОЙЫНА АС БАТПАЙДЫ Read More