Жан-тәніне тарап кетті. * Міне, дәл осы кезде біздің Подонок сәл- пәл ғана тактикалық қате жіберген.
Бұрын қазақты сорлы дейтін. Өкіметті ұры дейтін. Соның бәрі аман- есен бойына сіңіп жатушы еді.
М.Мағ. * Бастаған ісі оңға басқаны ма əншейінде итжерік болып, тамақ іше алмай құса беруші еді, осы
жолы екіқабат болған жаққандай ішкен-жегені бойына балдай сіңіп, өзі ажарланып кетті. C.Досж. * Әрі
өткен, бері өткен пойыздарды көзбен шығарып салу оның жастайынан бойына сіңген әдеті еді. C.Ас.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БОЙЫН ШАҚ КӨРМЕДІ
Өзіне лайық іс деп таппады. * «Соншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіп-ақ қалғандай. Бірақ, күйеуі сияқты есіп сөйлейтін алдың-дұлдың әйелмен сөз жарыстыруды Жаңыл бойына шақ көрмеді. Жуас отырып қана жуадай ащы мысқыл айтты. С.Жүніс.
БОЙЫН ТІК ҰСТАДЫ
Намысын ешкімге таптатқан жоқ; адал өмір сүрді. * Ештеменің тұтқасын ұстамаса да, бойын тік ұстап, түзу жүруге тырысатын. О.Сәрс.
БОЙЫН ТАРТПАДЫ
Қарсылық білдірмеді, кет-әрі емес. ~ Тоқымын сүйреп кеп Сәннің тізесіне басын қоя қисайды. Өтірік еркелеген бұралқы иттей қай жағымнан таяқ тиеді деп жасқанып, сақтанып барып жатқан, енді қыңсылауы, құйрығымен жер сабауы ғана қалып еді. Сорына ма, батына ма, әйтеуір қыз да бойын тартпады. Аташқа арқасын сүйеп, екі қолын қарақұсына жастай кербез керіліп отырған. Қ.Ысқ.
БОЙЫН (ӨЗІН) СЫРҒАҚ ҰСТАДЫ
Тым жақындатпады; бөтенсіді. * Қалжыңның қандай түріне болса да «құрдастық болар» деп шыдайтын Күнтай бір сәтте арамдығын сезіп қалды да, бойын сырғақ ұстауға айналды. С.Мұқ. * … сұр өңді Тілеміске Шыңғыс мұнша әдемі көрікті қимаған, оның үстіне, тықылдаған пысықтығын да ұнатпаған, егер елей қалса, үйреніп алғаннан кейін басынып кетер деген қауіппен, бойын сырғақ ұстаған. Оған еркек атаулының сұлуы сияқтанған. С.Мұқ. * Қызмет бабында өзін сырғақ ұстайтын Старков, Драгомировтың Шоқан жайлы айтқан сөздерін тыңдап болғаннан кейін «көрерміз, оқу кеңесінде ақылдасармыз» деді. С.Мұқ. ~ Соншама қызмет атқаратын адамның үстінде жөні түзу киімі де болмай, жұмыс уақытында әлде не жамаулы бірдемелермен жүріп, сыпайылығының өзіне қарадүрсін бірдемелерді киеді. «Қарағыздан туған» боп есептелетін Бәтес Жәнияға жоламай, бойын сырғақ ұстайды. С.Мұқ.
БОЙЫН КЕҢГЕ (КЕҢ) САЛДЫ
Көңілі жайланып, өзін еркін сезінді. * Әсіресе, мынандай ес-көз болатын қамқор адамға кезіккеніне бола ма, бойын кеңге салып, маңдайы терлей, мажаурап сала берді де неде болса қойшының өзімен бірге оның үйіне барғысы келіп, басына қойшының кере қабын төсеніп мызғап ұйықтап кетті. Б.Жұм. * Өзін қуып келе жатқан ешікімді көрмегендіктен бойын кеңге салып, алти айырығынан кеткен терін сүртіп … Б.Жұм. ~ Абайдың құлақ күйі сияқты бір жеңіл, жорытпа термесі болатын. Ол да соған түсіп, енді Қуандықтың өзіндей, жылдам шығармаға ауысты. Барған сайын, Абай бойын кең салып, шешен айтуға, шапшаң айтуға оңай төселіп барады. М.Әу
БОЙЫН ЖИНАДЫ (ЖИДЫ, ЖИНАП АЛДЫ)
Өз-өзіне келіп, сабасына түсті; есін жинады. * Жігіттер аттың үстінде тіктеліп бойларын жинады. З.Шүк. * Ұлпан әуелі қатты шошынып қала жаздап еді, ақсақалдар бірін бірі кимелеп бар жайды айтып болғанша бойын жинап алды. Бекер олай ойлапсыңдар дегісі келгендей азырақ езу тартты. Ғ.Мүс. * Мен ештеңе дей алмаймын, — деді бойын жиып. — Біреуді бақытсыз ете алмаймын мен. Енді біз дос боп қаламыз… Не деп отырмын мен осы, біз онсыз да дос екенбіз ғой, — деп күлді. Н.Сер. ~ Кейде біреудің орынсыз айтылған сөзіне, немесе оғаш мінезіне тіл қатып сөзін шығын қылмай-ақ тәкаппар кескініне мысқыл жүгіріп бір қарағанда әлгі бүлдіріп алған адам кішірейіп шөгіп қалатын да, ал өзгелері бойын жинап ала қоятын. Т.Ахт
БОЙЫН БИЛЕП АЛДЫ (БИЛЕДІ)
А) Әлдебір сезім (ой, үрей, толқу т.т) бүкіл денесін, жан-тәнін құрсауға алды; ықпалын жүргізді. ~ Қандай күн туса да бала-шағасын өсіріп-жеткізбейінше жаным тынбас» деген ой тұла бойын билеп алды. Б.Тоғ. ~ Ширығу, толқу бойын билеп алған. Өңі боп-боз еді. Ә.Әл. ~ Бойын тез жиып, жаңа ғана бойын билеген үрейден арыла қалды. О.Уайльд. ~ Нұр-аға, мен өзім келдім! — деді ол бойын билеген қалшылды, үніндегі дірілді әрең жасырып. — Мен өзім келдім! Ә.Тар.
Ә) Өз-өзіне келіп, сабырмен әрекет етті; өрекпіген жүрегін басты, асау сезімге бой бермеді. ~ Жасып, жалтақтағанмен жан қалмасын біліп, бойымды билеп алдым… Жағаласып өлер жер осы. Т.Сәу. ~ Осы қазір де ол вагонның басқышында көзін жұмып талықсып тұр. Кеудесі қысылды. Маңдайынан салқын тер білінді. Ол сәлден кейін бойын билеп вагонге кірді… Ә.Нұрп.
БОЙЫН БИЛЕЙ АЛМАДЫ
Өзіне-өзі ие бола алмады; сезім жетегінде кетті. ~ Тек әлсіз буыны қалтырап бойын билей алмай толықсып кеткен сайын төбесіндегі көл-көсір аспанда, табаны астындағы жерде өзімен бірге теңселіп, шайқалып тұрды. Ә.Нұрп. ~ … қос анары кеудесін тіреп, ұйқысырап бойжеткен жатса — елжіреген бойын билей алмай, нақа от боп күйген денесін салқындатып алуға қам қылып көлге сүңгіген кісідей, құштарлық көліне гүмп береді. Д.Дос.
БОЙЫН БЕКІТТІ
Күш-қайратын жинап, бекінді. ~ Халық арасынан қарулы адамдар бөлінді. Генералдың қақпасын ашып, есігін тартып тастап, жетіп келді. Қарулы әскердің алдындағы өзінің офицерінің бірі Русов. Мұны көргенде кәрі арыстан күшін жиды. Бойын бекітті. Көзін алайтып, түсін суыққа салып, рұқсатсыз кіріп келгендерге: — Не үшін осынша ерте келдіңдер?-— деді. І.Жан. ~ Айналдырған жиырма минутты жылап-сықтап өткiзбек пе, өз аузынан хал-жағдайын бiлмекке келген жоқ па. Бойын бекiтiп, өксiгiн тиюға қалай тырысса да көз жасы тоқтар емес. Жартастың сызатынан шып-шып шыққан тамшыдай үнсiз сорғалап аға бердi. Т.Сәу. ~ Меңтайдың дауысы дірілдеп кеткендей болды. Ол сәл тоқтап, бойын бекітіп алды да, қайта сөйледі. Ә.Нұрш.

