БОЙҒА ЖАЙЫЛДЫ

Бүкіл денеге тарады. ~ Қажы біразға дейін тіл қатпай, ойланып қалды. Қаптал шапанының қалтасынан күміс шытыралы мүйіз шақшасын алып, көкбұйра насыбайды астыңғы ерінге тастап жіберді де, соның уыты шымырлап бойға жайылған шамада, баяу үн қатты. Қ.Жұм. ~ Екінші рөмкеден кейін Джиния іштегі қызудың қалай шымырлап бойға жайыла бастағанын сезді, сөйтіп сыртқа шыққан кездерінде батылдығын жиып, Амелияға былай деді: — Саған бір өтінішім бар. Суретшінің алдында отырғаныңды көргім келеді. Ч.Пав.

БОЙҒА ЖАЙЫЛДЫ Read More

БОЙҒА ЖАЙЫЛҒАН УДАЙ

Бүкіл денеге тарап, билеп алған д.м. ~ Ойлар… Адам баласының жерден алтын іздегендей ғұмырларын сарп етіп іздейтін ойлары… Қандай қатерлі! Бойға жайылған удай бүкіл санаңды, жүрегіңді толық жайлап, бірін-бірі шақырып, меңдей береді. Т.Әбд.

БОЙҒА ЖАЙЫЛҒАН УДАЙ Read More

БОЙҒА БІТКЕН

Өзіне тән, қанында бар әлдебір ерекшелік, мінез, әдет туралы. ~ Оңашада өз-өзімді қайрап-қайрап, бойға біткен бар өжеттік пен батылдығымды шоқтай жинап, батыл баса Сәлиманың есігін ашсам… бөлменің жартысын жаулап Бөлек-Салақ отырады… М.Қаб. ~ Бірақ хазірет Ақанды онша қызықтыра қоймайды, бойға біткен серіліктің алып күші оған қарама-қарсы тұрады. Ақанды жаңадан елегізітіп жазғытұры ел жайлауға көшерде Ақан Қоскөлдегі ағаш үйіне келіп жаз бойы онда жалғыз жатады, қасында бір ғана ауру баласы болады. С.Жүн.

БОЙҒА БІТКЕН Read More

БОЙ ҰСЫНДЫ

а) Біреудің (әлдененің) күшін, әділдігін мойындап, ырқына көнді, ықтиярына көшті, құлдық етті; тағдырға мойын ұсынды. ~ Әуелде ошарылған топта қобалжу мен тықыршу бар еді. Мына тұста бар сесінен айырылып, үнсіз бой ұсынған кейіп тауыпты. С.См. ~ Кейін жас ұлғая келе ерлі-зайыптылар біреуінің тілеуін бірі тілейтін күйге жетіп, тағдырға амалсыз бой ұсынған-ды. Қ.Жұм. ~ Арға тамған қылмыс кірін бұл қуаныш ешқашан да тазартып жуа алмайды. Оның емі басқа. Жүрек әміріне бой ұсыну керек. Т.Берд.
ә) Жан-тәнімен берілді. ~ Ымырт көрпесін үстіне тартып, жай созылған кең сахара бейбіт ұйқыға бой ұсынған шақ. С.Елу. ~ Жақындаған сайын ақ үйлер айбындап, қарашасы тұнжырап түн тыныштығына бой ұсына қалғыған. О.Бөк.

БОЙ ҰСЫНДЫ Read More

БОЙ ҰРДЫ

Аяқ басты, енді; тереңдей түсті. ~ Әлде, аурудан тұрғандығы ма? Немесе соңғы уақыттар көңілінен кешкен ауыр сезім, терең азап салдары ма? Әлде, тіпті балалық өтіп, үлкендікке қарай бой ұрғандығы ма? М.Әу. ~ Күй дегеніміз – қыл ішектің әткеншегінде асылып ойнап, қылаң ұра асыр салған жастық шақтың жалыны, болашаққа бой ұрған талаптының арыны … Ғ.Біл. ~ Қайғы-қасірет пе, сағыныш па, әлде белгісіз арманға бой ұрған елігу ме әйтеуір көңілі қаяу. Т.Ахт.

БОЙ ҰРДЫ Read More

БОЙ ҰЙЫТТЫ

Ерекше сезімге бөледі, елітті. ~ Айғайлап жіберемін бе деп қорыққанымнан орамалмен аузымды басып алдым. Бәрібір мың жылғы сағыныш бүйір түрткілеп, бой ұйыта шымырлатып келе жатты. Алақан қышыды. Алақаным осы қағаз бен қарындашты тартып тұрмаса игі! М.Қаб.

БОЙ ҰЙЫТТЫ Read More

БОЙ ҮЙРЕТТІ

Дағдыланды, жатырқамайтын болды, жұғысты. ~ Тағдыр-талайының рақымсыздығына әбден бой үйретіп алған Сильвия оның соққыларына төзудің, қайтадан бас көтерудің жолын тапқан болатын. Ч.Пав. ~ Бірақ көз қорқақ, қол батыр, бірте-бірте бой үйреткен жас, аяқ астынан кездескен сүйіспеншіліктің қызығына белшесінен батты да, жүре бара тіл мен көзден сақтануды ұмытып кетті. Х.Ес. ~ Қанша дегенмен, өзі бір кісінің жүрегін тітіркендіретіндей тосын шаруа еді. Бірақ, бұл жолы тәуекел етпесе, қолына бірте-бірте бой үйретіп келе жатқан бақыт құсы пыр етіп қайта ұшып кетуі әбден ықтимал. Ә.Кек. ~ Бұл шақта Нұрбал да Maхамбетке бой үйреткен. Ә.Әл.

БОЙ ҮЙРЕТТІ Read More

БОЙ ҮЙРЕНІСТІ

Бір-бірін жақын тартып, түсіністі; жатырқамайтындай болды. ~ Әркімнің қызмет етіп жүрген жері, азын-аулақ бой үйреніскен жора-жолдасы бар. О.Сәрс. ~ Бір жуас атты сахнаға апарып, сол жерде әрібері жүргізіп, адамдардың шуына үйретіп, бір айдай сахнаның ішіне бой үйреніскен соң, ол да әртіс болып кетеді екен. Ж.Баб.

БОЙ ҮЙРЕНІСТІ Read More

БОЙ ТҮЗЕДІ

а) Сәнденді, әдеміленді, тәуір киінді. ~ Биғанша Жұматайға он төрт жасында күйеуге шықты. Жиырмаға келгенше бой түзеу, қатарға кіріп адам болу дегенді ескерген жоқ. Б.Майл. ~ Тау орманы да балауса жапырақ жамылған. Кеудесін кере аспанға қарай созылып, бой түзеп тұрған сияқты. Ә.Шәр. ~ Сәрсебектің жолдастары ондай емес, бой түзеу жағына келгенде шетінен сақа болып қалған жігіттер. Б.Соқп.
ә) Есейді, буыны бекіді, ер жетті, бой көтерді. ~ Есіл ер-азаматтар-ай десеңші… Шыбықтан өскен бәйтеректей жаңа бой түзеп келе жатқанда… Жалмады ғой қу соғыс, жалмады! Б.Тоғ. ~ Екі жыл болды көрмегелі, содан бері қалай тамаша өскен, бойын түзеп, салмақты дәрігер болған! З.Шаш.
б) Белгілі бір бағытқа бет алды; алдына мақсат қойды. ~ Кез келген жанмен дос бола алмайсың. Достық – өмір жолында шыңдалып, бір бағыт, бір мақсатқа ғана бой түзеген адамдардың түйісу нүктесі. Ә.Ысқ.
в) Жоғары көтерілді, бойын тіктеді. ~ Ат үстінен қамшы сермеп сөз айтып тұрған Шалабайды еңді таныдым… Орнымнан әрең түрегеліп, бой түзегенімді көрсе керек, атты жігіттің біреуі бері қарай шапты. Б.Тоғ. ~ Темір жолға дейін жолсызбен жүрдік. Қураған шырыштың сояуын, сиырқұйрықтың сабағын арба басып өткенде, қайбірі қайтадан бой түзеп, бізбен қоштасқандай тербеліп тұрады. Ш.Мұр.

БОЙ ТҮЗЕДІ Read More

БОЙ ТОҚТАТТЫ

Сабыр етті, өзін-өзі тежеді, жүрегін басты. ~ Әй, қорықпа, бері кел, өзіміздің Күреңбай екен, молаға түнеп жатқан. − Расында да, зәрем ұшты. Біләлдың даусы еркін шыққанда барып шамалы жүрегім дауалап, бой тоқтатып алдым да, молаға кірдім,- деп Сәрсенбай қорқақтығын мойындап қалды. Ж.Айм. ~ Кемсеңдеп жылай бастады да, бой тоқтатып, бекіне қойды. ─ Біздің өміріміздегі өзгерістерді байғұс қайдан білсін… С.Ом. ~ Қанипа бой тоқтатып, іштей бекініп алды. Мылтығын сарайдың босағасына сүйеп қойды. С.Ом.

БОЙ ТОҚТАТТЫ Read More