БОЙ ТЕҢЕСТІ (ТЕҢЕСТІРДІ, ТЕҢЕДІ)

Бой таластырды, сынасты, бәсекелесті. ~ Күн еңкейіп, Көлеңкелер кешкілік, Ұзарғанда Бой теңесіп, шеп құрып Ескерткіштер ел кезетін сияқты Елес қуып… Б.Әлім. ~ Сендердің бәріңнен де ол жоғары тұрған жоқ па еді? Сендердің араларыңда онымен бой теңестіре алатын, немен болсын шендесе алар біреуің бар ма еді? Ч.Дик. ~ Алдамшы өмір, мен өзіңе алданумен ұрландым, Ұрланған соң, ұмытылам қабатында жылдардың. Әлемдегі биіктермен таласатын бой теңеп, Шың басына алып шығар шын өмірден құр қалдым, шырмалдым… Қ.Бұғ. ~ Ұлттық шеңберден көтеріліп, әлемдік әдебиеттің алыптарымен бой теңестірді. Оны ауыз жүзінде немесе бақай қулықпен емес маңдай тер, табан етімен іске асыруды көздеді. Ж.Шәк.

Қатарласты, теңесті. ~ Ұлттық шеңберден көтеріліп, әлемдік әдебиеттің алыптарымен бой теңестірді. Оны ауыз жүзінде немесе бақай қулықпен емес маңдай тер, табан етімен іске асыруды көздеді. Ж.Шәк. ~ Ұзынды-қысқалы бірер жас айырмамыз болмаса, бой теңестіріп, бір-бірімізді аласартпай, студенттердің тауып берген псевдонимін жатырқамай-ақ жұтып қойдық-ау деймін. Қ.Ысқ.

БОЙ ТЕҢЕСТІ (ТЕҢЕСТІРДІ, ТЕҢЕДІ) Read More

БОЙ ТЕҢЕЛДІ

Өзін біреумен тең етіп көрсету. ~ Ханның қасындағы арғынның Бекболатпен бақ-күңдес кісілері: «Бұл сізге бой теңелдік қылған ісі, мұны басуыңыз керек», – деп шағыстырып отырған соң: – «Мен малменен уана алмаймын ғой, тентек інінді өлтірмей ашуымызды баса алмаймыз ғой», – дейді Абылай. А.Байт.

БОЙ ТЕҢЕЛДІ Read More

БОЙ ТЕЖЕДІ

Тартынды, алға қадам жасамады. * Бой тежеп жүрексіну дұрыс емес, Шашылған рыйзықты жүріп татпай. һиммәт тау кеседі деп мысалда бар Жігітке һүнер қайда зейін артпай. М.Дул. ~ Бірақ бөрілер үдере қашып көсіле серіппеді, бой тежеп, алдау шоқыраққа басты. Х.Ес. ~ Ат оңға бір, солға бір көз тастады, иесінің ниетін барлады: тоқтау керек пе, әлде аз бой тежеп, қайтадан өктем жүріске түсе ме?! О.Бальз.

БОЙ ТЕЖЕДІ Read More

БОЙ ТАСАЛАДЫ (ТАСАЛАНДЫ)

Жасырынды; көзге түспеуге тырысты. * Мен болсам, әлгі желөкпе әйелмен үшінші қабаттағы есік-терезесі аңырайған пәтерге кіріп бой тасаладым. О.Сәр. * Бұрынғы әдеттерiмен күндiз қалың тоғай арасына жасырынып, түнде жортып отырып, екiншi түннiң таңы қылаң бере Кендiрлiк өзенi бойындағы қалың нар қамыстың арасына келiп, бой тасалады. К.Сег. * Бірден көріне қоймай, қызыл жыңғылдың арасынан бой тасалана сығалап едім: Ләйлә шелегін жерге қойып, иінағашқа сүйеніп тұр. М.Сүн. * … ал тірі қалпында жанашыры да, достары да, сабан төсеніші де жоқ, нөсерден бой тасалайтын баспанасы да жоқ, әншейін ғана дарынды адам, мемлекетке пайдасыз, әлеуметтік дерегі жоқ жанның бірі … О.Бальз.

БОЙ ТАСАЛАДЫ (ТАСАЛАНДЫ) Read More

БОЙ ТАСА (ҚЫЛДЫ, БОЛДЫ)

Көзге түспеуге тырысты, жасырынды. * Дұрыс сөз… Адал сөз… — деген сияқты кешегі сарын, кешегі бой тасадан ешкім шыға алмады. Ғ.Мүс. ~ Патима… су әкеліп, самауырын қойып жіберу сияқты жұмыстарына сыртқы көзден бой таса кездері жасқанбай кірісіп кететін болды. Ж.Ахм. * Тіміскілеген таппай қоймайды. Осындай аман шағыңда бой таса қылу керек, ұлым! С.Мұқ. * Кеттік Шоқан! Таң да сібірлеп қалған шығар. Көлеңке бар кезде бой таса қылайық! (Ажыраған Шоқанды төргі есікке жетектеп). Жүр!.. Тез!.. С.Мұқ. * Бұл пәледен бой таса болғысы келген жолаушылар, алғаш күйменің шатырын көтертіп, өңірін жапқызып еді … С.Мұқ.

БОЙ ТАСА (ҚЫЛДЫ, БОЛДЫ) Read More

БОЙЫН (БОЙ) ТАРТТЫ

а) Өзін біреуден не бірдеңеден аулақ ұстады, қашқақтады. ~ Алаңымыз — ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ, бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Т.Жұрт. ~ Жас екен елу бес те ескергендей, Бой тартып жамандықтан сескенгендей. Ағалар жас күнінде көрген қызық, Ұйықтап тар төсекте түс көргендей. Сегіз Сері. ~ Енді біреулері мінезі ойда жоқта күрт өзгеріп мынадай қатты қимылға барған жас мұғалімнен бой тартып секем алғандай. Ш.Рах. Әлдебір істен өзін тежеді, бойын аулақ салды. ~ Басшы сыналып айналасындағы адамдар әшкере болып, кейбірі қылмысқа тартыла бастағанда бұл да бойын тартып қалған. Б.Тоғ. ~ Бұл жолы ол қалада дүкен ұстап отырған бай достары Темірке мен Ебейсіннің үйіне түскен жоқ. Тіпті оларға хабарласпады. Бұрынғы достарынан бойын тартқан салқындық бар. Ә.Нұрп. ~ … өзінің осы біртоға қалпын бұзғысы келмеді, сөйлемейтін «клиенттермен» тыныштықта жұмыс істеп үйренгендіктен әңгімеден бойын тартып ұстайды. Ж.Шам. ~ Онымен тең жан енді қайтып тумастай, жарық жалған дүниеден табылмастай еді. Бірақ Ақтоты сол ыстық оттан бойын тартып, бұдан былай бірін — бірі құрметтеген сыйластыққа ауғысы бар. Т.Рыск.
ә) Өзін-өзі тежеді, тартыншақтады. ~ Сөйткен қадірменді ашық-жарқын, ақ кеңіл қарындасына іштегі сырын лақ еткізіп баяндағысы-ақ келетін. Бірақ ретін таба алмай, бой тартып, ойын тежейтін де, кейін бір қисыны келгенде көрермін деп ойлайтын. М.Әбд. ~ Бүгін төсекке жатқаннан кейін де, шырмауықтай оратыла кететін күндегі қызу құштарлықтан бой тартып, салқын сабыр танытты. Қ.Жұм.
б) Өсіп, өркендеді, бой көтерді, тамыр жайды. ~ … жан баласының аяғы тимеген сар даланың ақ шөбі мен кемпір шаштары жайқалып тұр, сарбалақ сексеуілдері ормандай бой тартып күздің белгісін байқатқандай бүрлері сарқуаң тартып қалғандай білінеді. Б.Жұм. ~ Осыдан екі жыл бұрын тас жолдың екі жағына мектеп оқушылары отырғызған жас теректер де бұл күндерде бой тартып, көзге ыстық көрінеді. С.Мұр. ~ Гүлдің өмірі де, қыздық дәуреннің де қысқа екені белгілі… оның бой тартып өсуі де, жан- жағына шашар жұпар исі де, көптің көз қуанышына айналар бақытты шағы да осы қысқа уақыт ішінде болатын. О.Көш.

БОЙЫН (БОЙ) ТАРТТЫ Read More

БОЙ СУЫТТЫ

Мауқын басты, денесі босады; қызуы басылды. * Онымен тұзы жараспай, екі-үш ай өтпей айырылысты. Содан соң-ақ жесір келіншектің үйі ерінбеген еркектің бәрі қалаған уағында бауырын жазып, бой суытып кететін ойнаққа айналды. М.Мағ. * Ар жағы… жас неменің бұрқыраған жұпарына басы айналған еркек әлі сүйегі жарылмаған әйелдің еті тығыз денесін астына басып алып, бір сүрісінде үш рет бой суытқан. Н.Дәут. * Жол — жөнекей қолға түскен олжаны оңай малданып, апыл – ғұпыл мауықтарын басып, бой суытып болып жолдарынан қалмай тезірек жүріп кеткілері келген шығар. Т.Ахт. * Дархан бүгін ерте тұрған. Жайлаудың жаздайғы мол-мол қызығы, үлкен бір құмарлықтан шаршағандай саябырсып, ептеп ересек тартқандай қоңырқай пішінмен бой суытқан. О.Бөк.

БОЙ СУЫТТЫ Read More

БОЙ СЕРГІТТІ

Тынықты, бой жазды; серуендеп, дем алды. * Ұлпан бүгін аса көңілді еді. Әкесінің аз ғана жылқысын Сәдірге қосып жібергелі бір жеті бойында атқа мініп далаға шығар, бой сергітер себеп қалған жоқ-ты. Ғ.Мүс. * Жұлдыздар самсаған айлы түн, бой сергіткен салқын ауа, қыздардың сыңғырлаған әсем күлкісі әркімнің көңіліне бүгінгі думан бітпесе екен деген бір тілек әкелгендей. Т.Әбд. * Жыр бітіп кеш үйіріле ортаға тегене толы ас келгенде Хансұлу бой сергіткісі келіп сусып сыртқа шықты. Т.Әбд.

БОЙ СЕРГІТТІ Read More

БОЙ САЛДЫ

а) Шынайы ықылас танытты. ~ Домбыра, сауық-сайран, өлең құттап. Қызды қызық жиынға қалмай барып. Буынып мықынынан ырғаң басып, Бой салмай шаруасына тиіп-қашып. С.Тор. ~ Қасеннің бірер жағалап келгені Самат еді. Ол да өз ойымен әуре ме, мұнымен бой салып сөйлеспеді. М.Әу.
ә) Барын салды. ~ Келте мойын, қысқа аяқ өз халінен хабарсыз хайуан, жұрт түгел бұған қарағанда еркектік, ерлік қасиетімен сұңғыла сыныма сұқтанды деп ұқса керек, одыраңдап бой салып кәдімгідей шала бүлінді. С.Ел. ~ Бақтығұл абақтыда. Жарасбай өлген соң, қаланың ұлығы да, Жаныстың жуаны да жабыла соңына түскен. Кірерге тесік қалдырмайтын болған. Және өзі де енді бой салып қашпады. Сонымен Қараш оқиғасынан аз күн өткенде қуғыншылар мұны ұстап алған. М.Әу. ~ Бұрын бұндай жауды кезіктірмегендіктен де, киіктер бой салып қашпады. С.Елу.

БОЙ САЛДЫ Read More

БОЙЫН КҮТТІ

Жанын бақты. Сыланып-таранып, сәнденді, жанын бақты, бойын түзеді. ~ Алтайдай асу бермес асқар емес, Жөңкедей жолсыз емес құж-құж біткен. Көкшетау жер жаннаты жеке біткен Бір сұлу кең далада бойын күткен. Жомарт тау дастарқанды, момақан тау, Шипа тау тазартатын барлық дерттен. І.Жан. ~ Жауқазын Алтын үйінің қызметшісі тәрізді. Отын жару, су әкелу секілді үйдің ішкі-тысқы жұмыстарын, көбіне-көп сол атқарады. Ол болмаса, Жібек атқарады. Ақ саусақ мырза тоқал Алтын, негізінен, бойын күтіп, үйде отырғанды біледі. Әлдекімше көстеңдеп, көшеге көп шықпайды да. Б.Соқ. ~ Әкесінің қартайғанша қой соңынан қалмай жан бағып жүргені де Сақардың миына кіріп-шықпады. Мырзасынып басын бағып, бойын күтіп, байдың оны-пұны «қуып кел, сүріп келімен» күнді кеш қылатын. Ү.Жлк. ~ Ауырыңқырап, арып, жүдеп келсем де, бой күтіп отыруға болмады. Шахтаға түстім. Одан аларың немене, кісі басына грамдап берген азғана наны ғана. Т.Әбд.

БОЙЫН КҮТТІ Read More