Алаңсыз, бей-жай. ~ Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нәуетек, кербез, бой күйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық ер көңілді келеді. Ә.Мар. ~ Дуня аяғын суға матырып жуа бастады; еті үйренді ме, әлде қызып отырған табаны мұздай суға тиген соң бойы сергіді ме, әйтеуір әлдебір бой күйез рахатқа батты. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БОЙ КӨТЕРДІ
а) Тынықты, көңіл сергітті. ~ Ел маужыраған. Елде ес жоқ. Ел мас. Маужыраған елдің ішіне кіріп не қыламыз? Ұйқымыз келер, басымыз ауырар. Ардақты оқушылармен бірге серуендеп, дөң басына шығып, бой көтерелік. Ж.Айм. ~ Үш жігіт атқа мініп, бой көтеріп келуге шықтық. Аттарымыз да сейдін, көңіл де сейдін. С.Сей. ~ Жігіттер демалыс күндерінде барақ тұрған жерге жақын шайханасы бар, кино, театры бар станцияға барып бой көтеріп, жергілікті жағдайға үйренсе бастады. С.Бег.
ә) Пайда болды, түрегелді, бойын көрсетті, бас көтерді. ~ Өкіл жолдас! — деп артқы қатардан Пахраддин бой көтерді. Басында құндыз бөрік, үстінде кең елтірі ішік. С.Елу.~ Осыдан біраз жыл бұрын осы даңғыл бойында әлгі ғимаратқа қарама-қарсы бетте әдемі бір үй бой көтеріп келе жатты. Ұмытпаса, он алты қабат болатын. Ш.Бейс.
БОЙ КӨРСЕТТІ
Жұрт көзіне түсті. * Тазармас қарасу да жатқан ақпай. Артықтан тағлым алып, кемпе үйретпей, Жүруің лайық па ғақыл таппай. Сен неге бой көрсетпей жасқанасың? М.Дул.* Анда-санда жұрт көзінен тасалау шеткері оңашалау соқпақтарға түсіп, сейіл құрғанда, ағаш арасынан жылтың-жылтың сығалап бой көрсетіп қалатын еліктер мен тарғыл бұғылар да … әдейі бұның әр адымын аңдып тұратындай боп көрінеді. Ә.Кек. * … әлі де базар ішінде бой көрсетіп жүре тұрғысы келген ниетінен қайтып, Ботпай шайхана жаққа бұрылды. О.Сәрс.
БОЙ ЖЫЛЫТТЫ
а). Жүрекке мейір қосты, толғандырды. ~ Қатып қалған көзімде бір тамшы жас, Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе?.. Абай. ~ Құтылар күн бар ма екен бұл қырсықтан Осыны оятуға оқталдым-ау, Албытқан жындымын ба, жүрек жұтқан?.. Қыз емес, мұз ғой түсі қырауытқан, Қай жері қызықтырып бой жылытқан? І.Ес. ~ «Ыссы тары көженің де буы бар» деп менің Қамбар досым айтып отырушы еді, ал тазалықтың, адалдықтың буы ой қозғайды, бой жылытады. Көңіл сергітеді. С.См.
ә) Жылынды. ~ Зағира шынында да құлазып отыр екен, жалғыздықтан емес, даладағы біздің уайымнан. Бел шешіп, бой жылытып, бір түней сала, артық-ауыс жылы киімдерді қанжығаға бөктере байлап, кері салдым. М.Мағ.
БОЙ ЖЕТТІ
Кәмелетке толып, есейіп қалған қыз бала туралы. ~ Енді бұрынғыдан бетер оның көзінен жасы ытқып–ытқып кетті. Мәз–мейрам боп бой жетіп қалған Жұлдызды сол кездегі жас бөбегіндей баурына басты. Әлсін–әлсін қысты. І.Ес. ~ Баяғыда көріп едім дегенмен, адам өзгеріп кете береді екен. Қыз бой жетіпті. Бой жеткендігі болар, тіпті әдемі болып кетіпті. Тоқтастың өзі де айран–асыр қалды. Т.Нұр.
БОЙ ЖАСАДЫ
Науқастың өлер алдында ақтық ширығуы. * Бүгін болмаса, ертең өлуге көзің жетіп отырса, елден, жұрттан, туған-туысқаннан күдерді үзсек, бізді жан екен деп, аяйтын адам баласы болмаса, біз қара таласпағанда, біз бой жасамағанда, біз кісі өлтіріп, біз қыз алып қашпағанда, кім бұларды қылмақ? Ж.Айм. * Айғанымның бұл қылықтары — бой жасау ғана болып шықты. Былайша тып — тың жатқан ол, «келіп қалды, келін-балаң!» деп әлдекім бөлмесіне шүйінші сұрап бас сұға бергенде, көзін төңкере кеп ашып, қайта қатты жұмды да, демін ышқына алды… Бұл Айғанымның ақтық демі екен. C.Мұқ. * Тіршіліктің етекбастылығынан Ақаңның соңғы бой жасаған амандығын алып, соңғы рет еркелей алмағаным өкінішті. Т.Жұрт. ~ Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. І.Жан. * Бұл сергектігі, тегі, оған азғана уақытқа ғажап қуат берген соңғы бой жасауы болса керек, өйткені сосын ол кенет үзіліп кеткен-ді… Ф.Дост.
БОЙ ЖАЗДЫ
А) Азғана серуен жасап, бойының құрыс-тырысын жазып, әрі-бері жүрді, қозғалды. ~ Шамның оты қанған сияқты болған кезде ат қораға қайта жетектеп апарды да, ерттеп мінді. Кең дуалдың ішінде желдіртіп, бойын жазды. А.См. ~ Бұл кезде бұлар әлгіндегі қарауытып көрінген бөктерге де жеткен, Көкбай жерге бірінші боп секіріп түсіп керіліп– созылып, қол– аяғын сермеп біраз бойын жазды. С.Мұр. ~ Осындай сыпайы сөздермен біраз отырған соң, Төлеген: — Тамақты білейінші,— деп ауыз үй жаққа кетті. Жалғыз отыруды қолайсыз көріп, Бекболат та бой жазуға қораға шықты. Ж.Айм. ~ Бұл Ақынның соңғы бой жазуы екен. «Райымбек» оның ақырғы аманаты, өзіне жазған жоқтауы болып шықты… Қ.Ысқ.
Ә) Денесін тіктеді. ~ Күнбала алдан бір жақсылық елесін көргендей кенет қабағын шытып, бойын жазды. С.Ом. ~ Айнаш кереуетінің аяқ жағындағы орындық арқалығына ілулі тұрған трикосын киіп, төсегін жинады; онан соң терезеге жақын кеп, бойын жазды. М.Сүн.
БОЙ ЖАЗБАДЫ
Дем алмай, тыным көрмей жұмыс қылды, бел шешпеді. ~ Маңымыздағы көршілерімізге, көп кедейге қарап: бізден де кедей бар, бізден де жалаңашы, бізден де қарны ашы бар ғой. Өлмей жүр ғой солар да, дейміз. Еңбегімізді емейік деп, күн-түн бой жазбай сол тамақ, кәсіп соңындамыз! – деп күрсіне түсіп, Дәмежан ойлы жүзбен өз жайын аяқтады. М.Әу.
БОЙ БОЙЛАДЫ
Бүкіл денеге тарады. ~ Мен секілді уақытша қонақ емес, осында тұрақтанған қазақ екенсіз ғой,– деп күлімсіреген жігіт, бой– бойлап кеткен терін бір сүртті. А.Әлт.
БОЙ (БОЙЫН) БЕРМЕДІ
А) Ырыққа көнбеді, жеңіле қоймады, күш танытты; өз пікірінен, ниетінен, сөзінен қайтпай, тұрып алды. ~ Е, жолдас не жазып отырсың? – деді. Сасып қалдым. Əйтсе де сыр білдіргім келмеді. Жөпшенді кісіге өзім де бой бермейтін жігітпін. Ж.Айм. ~ Манауранып, көзге ұйқы тығыла бастады. Бой бермеймін; қалғып бара жатсам, көзімді ашып аламын. Ж.Айм. ~ Ой, ғажап-ай Бұндай да ғажап уақиға болады екен-ау! Дәрігер не ем істесе де бой бермеген жара еді. Ешқандай ем-домсыз өзінен-өзі жазылған. Б.Соқ. ~ Табан асты бойымды түршiгiп, жанымды мылқау қорқыныш, қандай әрекет жасасам да жеңiлмейтiн, бой бермейтiн нағыз үрей жайласын. Ж.Шағ.
Ә) Жылы қабақ танытпады, илікпеді. ~ Бейсембі. Әбділдәнің кісі алғыштығы, бауырына тартып, үйір қылып әкеткіштігі бар-ақ. Бірақ шіркіннің бір жаманы ет-бауыры елжіреп, біреуді туысқан, біреуді дос деп, әсте бойын бере білмейді ғой. Қандай айнымайды-ау деген дос болсын, әуелі бір бәлеге сүңгітіп алып, оны өзі айырып алған кісі болып, досының мойнына есептеп ұпай салады. Сөйтіп жалынышты қылып алады ғой. М.Әу. ~ Күдігі — әлі де бойын бермей, түсін суыққа салып, бұдан қашып жүрген сұлу қыз бүгінгі кеште бұны біржолата түңілтіп, шалын мақтан етіп, бұған қыр көрсете ме деген ескі сенімсіздік. М.Әу.

