БОЙ БЕРДІ

Әлдебіреудің (заманның, әлдебір үрдістің) ыңғайына көшті, ырқына көнді. ~ «Қазіргі заман баяғы бұзақы, шабуыл заманы емес. Енді түзеліп келе жатқан заман. Артқа қарау керек емес, алда болатын жаңалыққа бой беру керек. Ескі қолшылдық, қара қазақ жолын қуғыштық бұл күнде садақа қылатын мінездер!» – дейді. М.Әу. ~ Ай астында қалқыған өзектің ішімен аяңшыл аттың екпініне бой беріп келе жатқанда, Қабыштың денесі сергігендей болса да, көңілде жатқан сенімсіздік, күптілік те бар. М.Әу.

БОЙ БЕРДІ Read More

БОЙ АЛДЫРМАДЫ

Ырқына көнбеді, мойын ұсынбады. ~ Парасат биігіндегі адам Саясат сайтанының арбауына бой алдырмайды. И.Сап. ~ Көкірегіне әлде қандай бір күдіктің елесі неше келіп неше кетсе де қорқынышқа бой алдырмауға тырысты. Жатар алдында өзі білетін дұғаларын оқып, субханын үйіріп жатты. Ж.Шәк. ~ Москвада оқып жүрген кездерінде тымауратып қала беретін Елеусіз Шынармен бірге қыста коньки теуіп, жазда суға жүзіп шыныққалы бері суыққа бой алдырмайтын. Т.Әл.

БОЙ АЛДЫРМАДЫ Read More

БОЙ АЛДЫРДЫ

Ерік берді; тоқтатпады, кедергі жасай алмады. ~ Бұған дәті шыдамаған Сүгір іштей таусылды. Жүрегі елжіреп, ақаулы аянышқа бой алдырды. Т.Әл. * Эстетикалық бостандық бізге де жетті. Оны біреулер әншейін суреткерлік желік ретінде қабылдап, жеңіл-желпі түрлік қылтың-сылтыңға бой алдырды. Ә.Кек. * Досынан айырды. Ал, оның Иесі, әрі досы Раббысы еді. Өз Иесінен айырылған жан — тірегінен айырылған үйдей. Үрейге бой алдырды. С.Ел. * Мұндай шешімдер көбіне көзжұмбаймен пішіліп берілді де, жергілікті жердің нақты жағдайын ешкім зерттемей, болған істі зерттемей, көз жетпегенге бой алдырды. Б.Қыд.

БОЙ АЛДЫРДЫ Read More

БОЙ (БОЙЫН) КЕРНЕДІ

Әлдебір сезім бүкіл жан-тәнін билеп алды; тұла бойын тебірентіп, сыртқа лықсыған әлдебір сезім туралы. ~ Үш күннен бері бойын кернеген ыза қазір тамағына жиылып тастай тығылып, алқымдап келеді. Кейде ащы суық жастай боп көзіне жетпей, көмейінен іркіле қайтып, у тамшысындай жұтыла-жұтыла келе жатқан сияқты. Соңғы күндердің ызасы қат-қабат. М.Әу. ~ Міне, бүгінгі оңаша сөзге алып шығуы да сондықтан. Әлгінде жұрт көзінше сыр білдірмей, бойын кернеген бар ашу-ызасын сыртқа енді шығарып келе жатуы да сенгендіктің белгісі. С.Мұр. ~ Әңгiменi неден бастаудың жөнiн таппады. Ал, Жапардың бойын кернеген ашу қайтар емес, дегенмен, онысы өзiне уақыт өткен сайын өкпеге ұласып бара жатқандай көрiндi. Ә.Ыб. ~ Шеге ішіне су сорғалаған жейдесін сілкілеп еңкейіп тұр. Үнсіз. Ашу да жоқ тұла бойын кернеп аласұрған. Тырс-тырс… еденге тамған тамшы тырс — тырс… тырс-тырс… С.~ Бiрте–бiрте осы соңғы тұжырым басым келе бердi. От тiлдi, орақ ауыздының қандайынан да өзiн кем санамайтын Есет, қазiр табанына тас, маңдайына қыш басылғандай. Тұла бойын кернеген ашу–ыза тұншықтырды. Намысты жiгiттiң мына бiр сор қаққанда қанын, соққанда сөлiн алғандай қинады. Р.Рай. * Махаббат жағалауы сол болатын. Бір- бірімен қауышып, біріне- бірі толайым беріліп, сүйісер сол жағаға екеуі де аласұрып, жойқын сезім бой кернеп, керемет күшпен арындап ағып келе жатыр еді ғой. Ш.Айт. ~ Сәргелдің көзі даяшыда – Мәлике – Бағила аралығында алақтап не айтарын білмей қалды. Намыс пен ашу бойын кернеп, шеке тамырлары бүлк–бүлк соқты. Д.Ис.

БОЙ (БОЙЫН) КЕРНЕДІ Read More

БОЙ (БОЙЫН) БАҚТЫ

а). Сақтанды, ойын айтудан, шешімтал әрекеттен тартынды. ~ Қартқожаның жанына үшкөл мектеп, қала, оқу жайынан айтса, жағар еді. Үлкен кісі сөйлесіп отырған соң, бірдеңе сұрауға әдепсіздік болар деп, Қартқожа бойын бақты. Ж.Айм. ~ Өзге әңгімелердің ішіндегі ең күдікті, қиын сөз Мақсұттан қалған үй мен мүліктің сөзі болғандықтан, Жұмағұл бұл турасынан қазір де ашып ешнәрсе айтпай, көп үндемей отырып қалды. Бұл уақытта Жұмағұл жаратылысындағы тақыстық қулығына салып, бойын бағып отырды. Бірақ өзгелердің сезін тоқтатқан жоқ. М.Әу. ~ Қазына. Ендеше неге бой баққан адам құсап селтиіп тұрсың? Неге жүрмейсің Жәкеммен тізе қосып? Б.Майл. ~ Бұл отырыста бір- бірінен бой баққан әр елдің жуандары көп шешіле қоймай, биылғы кектің шығысы, мал тойынысы жайында ғана әңгіме қозғап отырды. Қ.Жұм. ~ Жұмағұл бұл турасынан қазір де ашып ешнәрсе айтпай, көп үндемей отырып қалды. Бұл уақытта Жұмағұл жаратылысындағы тақыстық қулығына салып, бойын бағып отырды. Бірақ өзгелердің сезін тоқтатқан жоқ. М.Әу.
ә) Жанын күтіп, тұла бойын түзеумен болды, сәнденді. ~ Тымырайып білген түспен Шын аласта бой бағуға, — Ханымдарды жылмайтқандай, Жалынды өткір сөз тапқаңдай. І.Жан.

БОЙ (БОЙЫН) БАҚТЫ Read More

БОЙ-БОЙЫ ШЫҚТЫ

Терлеп-тепшіді, қара тер болды, азып-тозды. * Сұйқылтым сары шашы салбырап көзіне түсіп кеткен. Бой-бойы шығып быршып, қожыр бетінің шұңқырында жылт-жылт етіп тер тұнып тұр. Т.Сәу. * Домбыраның ішектері қосылып боздаланың ботасы болып боздай ма… бой-бойы шығып, борай-борай боз тозаңға айналып бара ма… Н.Дәу. * Даланың өзінде бой-бойы шығып терлеп, араққа қызып алған Шәуәли үйге кіргісі жоқ. Т.Сәу.

БОЙ-БОЙЫ ШЫҚТЫ Read More

БОЙ-БОЙ БОЛДЫ

Өңі қвшып, күйі кетті, бишара қалыпқа түсті. ~ Хан тағына отырғалы жаманын жасырып, жақсысын асырып, мейманасын тасытып қызмет қылған ханшаның иінінен сөгіліп, бой-бой болып егіліп отырысы мынау!.. Д.Дос. ~ Сәргердесі бүкшеңдеп басып ханшаның отауына бас сұқты, бой-бой болып бордай үгітіліп отырған ханшаны саусағымен іліп сыртқа шығарды. Д.Дос. ~ Мыңғырған малы бола тұрып астына тулақтан басқа салмай, бұтына киген дамбалы өрім-өрім боп жыртылғанша жаңартпай, үстіндегі тоны бой-бой боп сөгіліп қақырағанша ауыстырмай жүретін сараң, сасық байлардай емес, Тастанның үй, киім-кешек, жиһазы да бөлек. С.Жүн.

БОЙ-БОЙ БОЛДЫ Read More

БОЗКҮЙІК БОРБАС

Қолынан іс келмейтін, қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен, болбыр, олақ. ~ Жат болса жатып кеп күлер еді, жолдасың болғасын Бейсен жылағандай болған. «Ай, осындай бозкүйік борбас болармысың» деп іштей өкінді. Ә.Асқ.

БОЗКҮЙІК БОРБАС Read More

БОЗДАҒЫ ШЫҚТЫ

Күйі кетіп, өңі қашып, беті шаңыттанып, бет-түгі үрпиген адамның сипаты. ~ Өгізінен секіріп түсті. Қасыма келді. Үсті басы шоқпыт-шоқпыт. Түсі сүзектен тұрғандай. Боздағы шығып жақ жүні үрпиген. «Отыр», —дедім. Отырды. С.Сей. ~ Кешкілік көлеңкесін кеудесінен басқан елшіні қабылдады. Қабағы түсіп жағынан боздағы шығып әбден жүдепті. Қос тізерлей жүгіне кетіп қамшысын көлденең тастады. Д.Дос.

БОЗДАҒЫ ШЫҚТЫ Read More

БОЗАМЫҚ ТАРТТЫ

Бозғылданды, қылаң берді. ~ Көкшіл шеңберлердің соңғы шығыршықтары мұржа
мойнынан атып- атып кетті де, бозамық тартып барып, бозғылт аспанға сіңіп жоқ болды.
Қ.Ысқ. ~ Таң құлан иектеніп, төңірек бозамық тарта бастапты. Әр үйдің қорасынан
баж- баж етіп әтештер шақырып жатыр. май шамның жарығы түскендей боп көмескі
көрінеді. С.Мұр. ~ Аспан бозамық тартқан. Үй іргесіндегі төбенің үстінде отырған Тәсібек
пен Құлнияз кешкі ауылдың қарбаласына қарап, әңгімелесіп отыр. С.См. ~ Жазғы таң
ауыл сыртындағы қоңыр шоқының ұшар басына шапақ шашып, түндігі түсірулі абажадай
үй іші бозамық тарта бастағанда Кенжекей қозғалды Ә.Нұрп.

БОЗАМЫҚ ТАРТТЫ Read More