Бір әкеден туған д.м. * Бір-біріне тұмсық тірестіре жалғасып жатқан осы бір үш биік — көл-көсір ұлы түздің маңдайына біткен үш сеңгір биік бір-біріне сонадайдан омырауын ашып, құшағын жайып, ентелей ұмтылысқан бір белден жаратылып, бір көкіректі емген үш бауыр жігіт секілді еді. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ДЕМ БЕРІ, БІР ДЕМ АРЫ
Әрі-сәрі, не олай емес, не бұлай емес. * Дала сағымының сары бояуын көзіне сіңірді; бір дем ары, бір дем бері уілдеп үзілмейтін жел уілін түсінетін халге жетті. Д.Дос. * Шайтан сыбырлағаны емей немене. Бір дем ары, бір дем бері балқып бара жатқан ұрғашыға тосын сөз, оғаш сауал қоюға болмайтынын біледі… біле тұрып шайтанның азғыруына ілесіп ағат сөйледі. Д.Дос. * Жалғыз ұлынан айрылып қайғыдан қан жұтқан шерлі кейуана не демейді, ақылы ауысқан… ойы ортайған… бір дем ары, бір дем бері болып жүріп айтқан сандырақ сөзі шығар деседі… Қаралы қағаздың кепиеті жел боп тиді ме деп болжайды. Д.Дос.
БІТЕ ҚАЙНАСТЫ
Қым-қуыт араласқан; тығыз байланыста, ажырамастай бірлікте болған; бір-бірінсіз күн көре алмастай. * Әлімсақтан жерге жақын болған, бүкіл тірлігі жермен біте қайнасқан Адам баласы енді жерден алыстап алып шаһарларда көп қабатты үйлерде тұра бастады. С.Ел. * Дәрмен бұлар махаббатына әнімен, әсем өлең жырымен үнемі араласып, біте қайнасып кеткен. М.Әу. * Балалықтың дәмін шала сезген Қарлығаш ерте есейіп, өмірдің ащы тұщысына еті үйреніп алды. Тып- тыныш ауыл тіршілігімен біте қайнасып, еңбекке ерте араласты. А.Әлт. * Өзі қоян-қолтық араласып, біте қайнасып өспеген жат өмірде сүрінісі де көп болған-ау. Қ.Тол.
БІРТАЛАЙДЫ КӨРГЕН ПӘЛЕ (ҚУ)
Өмірлік тәжірибесі мол, жақсыны да жаманды да басынан кешкен, кәнігі адам д.м. ~ Кемпірдің мына сөзіне Зағипа да, мен де күліп жібердік. Жас қыз жымиып, ол да күлді. Бейқам отырған сөз иесінің өзі ғана. Әй бірталайды көрген пәле кемпір боларсың-ау! Б.Соқ. ~ Тек кісіні сипап көргендей әккі көзқарасы ғана оның өзіндік қасиетін аңғартқандай. «Әй бірталайды көрген, жырынды боп қалған қу боларсың», – деп ойлады Мұрат Неге екенін өзі де түсінбеді, бірақ әйтеуір оны жұмсағысы келмеді. Т.Ахт.
БІРТАЛАЙ ЖЕРГЕ АПАРЫП ТАСТАДЫ
Әбден ұрысты; сықпырта тілдеді. * Дүзі қара, дүзі қара-ай! Бір сойқан ғып жүр екенсің ғой!.. Ойбай-ай! Енді қай жаққа барайын?.. Шашыңды бір талдап жұлайын!.. Пəлен-түген деп ұрсып, бірталай жерге апарып тастады. Күнікей апасының ызыңдап, құлағына маза бермесін сезді… Ж.Айм. * Осы елге неғып болыс болмай жүргенсің? – деді. – Əдірам қал! Тілінің ащысын жаман ш-ш-шіріктің! – деп Шекер тағы бірталай жерге апарып тастады. Ж.Айм. * Бізбен бірге барғаннан орыстың көшірі болғанды артық көргені. Одан басқа түк емес. Жайда аузымен орақ орып жүріп, осындай жерде жолынан тайып кеткеннен жек көрерім жоқ… – деп Жексен Қайырбекті бірталай жерге апарып тастады. Ж.Айм.
БІРІҢ ӨЛІП, БІРІҢ ҚАЛ
Не істесеңдер де өздерің біліңдер, өлмесең өрем қап д.м. ~ Дауыстар: — Ойбай! Анау дүлей мұжық шетімізден қырып салады! – Әй, Ыстыбай! Поштабайға ерем деп бірің өліп, бірің қал. Мен өзім кеттім. С.См. ~ Бәрі бізді қоршап тұр. Тегін тұрған жоқ, бізді бір-бірімізге айдап салып, қолтығымызға су бүркіп, «бірің өліп, бірің қал» деп тұр. Дж.Лон.
БІРІНШІ РЕТ ҚҰРЫҚ КӨРГЕН ДӨНЕНДЕЙ
Шошынды, үрейі ұшты, үрпие қалды д.м. ~ Ал Бірләнмен, екі баласы бар әйелмен кездесуі жеңіл дүние емес екенін осыдан он күн бұрын білген. Жоқ, ол күні Сырым бірінші рет құрық көрген дөнендей ыршып түскен. І.Ес.
БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ
Ең алдымен, басқадан бұрын. ~ Байқайсыз ба, көбінесе жұп-жуан, семіздер өледі. Көп жылдар бойы уақытылы салығын төлеген, тәуір тұрмыс құрғандар жұмыс үйіне келісімен-ақ, бірінші кезекте-ақ мүрдем кетеді. Ч.Дик. ~ Сонда басыма келген алғашқы ой: бірінші кезекте менің киімдеріме көңіл аударғаннан гөрі кеме апаты кезінде тартқан азабым мен қыл ұшына ілінген тағдырыма ешкімнің мән бермегені қалай? Дж.Лон.
БІРІНІҢ ЖҮНІН БІРІ ЖҰЛЫП ЖЕДІ
Бір бірімен қырқысты. ~ «Ляуқисың, ұйқышылсың, тамақсаусың», – деп мені келемеждегенде патефондай сайраушы едің, бір бармағымды бүгіп жүрдім деші… Бірінің жүнін бірі жұлып жеп қоғам малы тұр маңырап. О.Бөк.
БІРІНІҢ АУЗЫНА БІРІ ТҮКІРІП ҚОЙҒАНДАЙ
Бірінің сөзін бірі айнытпай, келісіп алғандай қайталады. ~ Шалың бір түрлі егіліп отыр. – Құдайдың құдіреті, – деп Әбжал ерніне насыбай салды. – Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қарашы… – Мынаның үнін өшіретін ешкім жоқ па өзі? – деді Қызбалтай. Н.Дәу. ~ Санап тұрсам, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай үш адам сүйдепті. Әй, өзімде де бар. Оңтайлы тесік болса, тұмсықты сұғып алғым кеп тұратыны рас. М.Қаб.

