БӘЗ-БАЯҒЫ (БӘЗ) ҚАЛПЫ

Еш өзгермеген. ~ Бұл өмір мен өлім арасында алмағайып күй кешу. Ал кең дүние, алуан бояулы кең дүние бәз-баяғы қалпы. С.Елу. ~ Қазір бәз-баяғы қалпы. Тек бұтағына іле салған мына бейтаныс жанның брезент дорбасынан құм бетіне тырс-тырс мөлдір тамшы үзіледі. С.Елу. ~ Арада бір он-он бес күн өткенде былтырғы татар жастары да бәз — баяғы қалпында қайта жетті. Ж.Ахм. ~ Шіркін, табиғаттың бәз-баяғы, сол бір керемет сұлу қалпы! Т.Бер.

Сол бұрынғы кейпі, жағдайы. ~ Жер шарының шаруасында еш нәрсе өзгермес үшін, бәрі де бәз қалпында қалуы үшін бұл ракеталар қиыр космосқа шығып, жер шарын айнала қоршап, тұрақты қамал құрмақшы… Ш.Айт. ~ … сұқ саусағы құйысқан батар қуысқа қаттырақ тигенде артына бажырайып бір қарады. Қисық мұрын бәз қалпы: түк сезбегендей, түк көрмегендей, қолды бір сілтеді. Қ.Ысқ. ~ Дәрменқұлдың әлгі де күреңіткен жүзі бәз қалпына түсті. З.Шүк.

БӘЗ-БАЯҒЫ (БӘЗ) ҚАЛПЫ Read More

БӘДІГІН САПЫРДЫ

Долданып, аузына келгенді айтып, айбат шекті. ~ Осы ауылда сенсіз де белсенді жетеді ғой. Қышымаңа тиіп кетсем де, бәдігіңді сапырмай отыршы, жүдә! – деп аспазшы қатын да айкәпірленіп айбарын шаша бастаған. О.Сәрс. ~ Екі ауыз сөз айтып, пікірін сұрасаң, бәдігін сапыра тоқтаусыз қуып кетіп, миыңды шағып, қолыңа ұстататын көбік ауыздың өзі еді. А.Тәсіл.

БӘДІГІН САПЫРДЫ Read More

БЕУ ДҮНИЕ (-АЙ)

Жарық дүние, қайран өмір д.м. ~ …Аспан асты — алтын шатыр! Беу дүние буға оранып, толғатып жатыр. Көзін рахаттана жұмып, қимылсыз қыбыр етпей тұр. М.Қаб. ~ Нөсер дүркірете жауып кетті. Көзге көрінбес біреу ақ пердені беу дүниенің бетіне жаба салды да, ары бір, бері екі толқытып, әлсін-әлі ысырып тұр. М.Қаб. ~ Мықтыға тізе бүктіріп, бел қайыстырған беу дүние-ай!.. Д.Рам. ~ Дүрбі алмас демімен алыстан тартып, қол созымға жақындатқан беу дүние жым-жырт, тіл-құлақсыз — қой маңырамайды, көк серке бақылдамайды, бозторғай шырылдамайды. М.Қаб. ~ Жігіт жымиды. «Беу дүние! Монна Литта да тырағайлап ойнаған бұйра бас сәбиге өстіп қараған шығар». М.Қаб. ~ Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда, Айдын көлдің иесі жол алғанда. М.Мақ.

БЕУ ДҮНИЕ (-АЙ) Read More

БЕТТІҢ ҚЫЗЫЛЫ

Жастық шырайы, көркі. ~ Күңкілдеп көріп еді, шешесі тиып тастады: – Беттің қызылын шайға езіп ішесің бе? Кісілігін ойла. Атаң қазақ «қатын алма, қайын ал» деп білмесе, айта ма? Т.Сәу. ~ Екі беттің қызылы Ақ тауықтың қанындай, Ақ білектің мүсіні Айбалтаның сабындай. «Қыз Жібек». ~ Күн батып барады. Алаулаған беттің қызылы батқан күнмен бірге сөніп, күн ұясына кіргенде қара бұжыр бет оттан алып тастаған майысқан ескі кәкпірдей қара қошқылдана қалды. С.Жүн. ~ Қайдағы беттің қызылы, қайдағы жастық, жеңеше. Мен күйеуге шығудан қалдым ғой, мойындайық та. Менің қатарларым шаңырақ ұстап отыр. С.Досж.

БЕТТІҢ ҚЫЗЫЛЫ Read More

БЕТТІҢ ӘРІН ҚАШЫРДЫ

Көркінен айырды, қартайтты. ~ Е– е, солай сүртіп таста. Бұл жас… көз жасы — әйелдің нағыз қас жауы! Беттің әрін қашырып, жанардың нұрын алатын у ғой ол… Шашыңды басып жібер… Ой– ой, Майечка, менің кімді көргенімді сұрасаңшы! — Сағила Майсараны құшақтай алды. С.См.

БЕТТІҢ ӘРІН ҚАШЫРДЫ Read More

БЕТТІҢ АРЫН БЕЛБЕУГЕ (БЕЛГЕ) ТҮЙДІ

А) Ұят-аятпен санаспады. ~ Белбеуге түйіп алып беттің арын, Жазықсыз кекеп-шалды жұрттың бәрін. С.Тор. ~ Әне, беттің арын белбеуге түйіп, мемлекеттің байлығына белшесінен батып жүргендер не ұсталмайды, не сотталмайды, оларға бәрі кешірімді, бәрі жарасымды… түсінбеймін. О.Бөк. ~ Бостан-бос қырылғанша, беттің арын белге түйіп, бас иген боп, оны алдай тұрып жан сақтаған жөн. «Жаздым, жаңылдым» десе, Кенесары тимейді. І.Ес. ~ Қай бетімен ол үйдің есігін ашады? Түр болса мынау, істеген қылығы анау. Жарайды, беттің арын белге түйіп, өз үйіне келген күнде Жаннат кіргізбей жүрсе не істейді? І.Ес. ~ Ордаға кім келмейді! Бейіл, берекесін бармағының астына бүккен елші-делдал, қоржын-қоржын күміс сапырған саудагер, найзасы шошайған әскер басы, беттің арын белбеуге түйген түрлі түсті жағымпаз, қошаметші; сәт сайын жүріс, мінез өзгертуге үйренген әйелдер, ақын-жырау, шапаны жаңа қыдырма, қылқиған қайыршы, кезбе, күйші, қу, өсекші, бақсы-құшынаш. Күллісінің аңдығаны ханның қас-қабағы, ауызындағы дуа, алдындағы ас. Ж.Нәж.
Ә) Тәуекелге бел буды. ~ Мен не де болса беттің арын белбеуге түйіп, ауылға бармақ болып шештім. Арада ай бойы жолға жиналдым. Ә.Асқ. ~ Сосын, бір реті келгенде, «беттің арын белбеуге түйіп» тұрып махаббат жариялап, қазіргі жастардың сөзімен айтқанда, сындырған ғой, Ниетқабыл ағай бастапқыда сеніңкіремеген бе, онша қатты жақындата қоймағанға ұқсайды. Қ.Шам.

БЕТТІҢ АРЫН БЕЛБЕУГЕ (БЕЛГЕ) ТҮЙДІ Read More

БЕТТІҢ АРЫ

Адамны ар-ұят, намысы. ~ Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын. Абай. ~ Беттің арын белбеуге түйме. М-М. ~ Белбеуге түйіп алып беттің арын, Жазықсыз кекеп-шалды жұрттың бәрін. С.Тор.

БЕТТІҢ АРЫ Read More

БЕТТІҢ (БЕТІНІҢ) ӘРІ ТАЙДЫ

Өңі солғын тартты, әрінен айрыды. ~ …шексіз рахатқа, тәтті тілекке тек ортақ іңкәрлік жеткізіп, сол арқылы ғана жарық дүниеде жасаудың өшпес құштарлығы, бақыты мен мұраты, азабы мен шері өн бойында өріліп, өмірдің мәні табылатынын сезіп, білген. Сезіп, білген сайын жүректің жылуы азайып, беттің әрі тая берді. Н.Дәу. ~ Aпa, апатай, мен сондай бақыттымын! — деп сыбырлады қыз, шаршаған, бетінің әрі тайған шешесінің тізесіне бетін көміп. О.Уай. ~ Суреттегі адам өзгерді, енді ол тағы да өзгеріске түсе беретін болады! Алтын шашы күмістеніп, ақыры самайын толық ақ басады. Алқызыл бетінің әрі таяды. Дориан жаза басқан әр қадам, ор күнә портреттегі адамның сұлулығын ұрлап, бетіне таңба боп түсе беретін болады… О.Уай.

БЕТТІҢ (БЕТІНІҢ) ӘРІ ТАЙДЫ Read More

БЕТТІ АШЫҚҚА САЛДЫ

Тура кетті, ат құйрығын кесісті. ~ Егер жаңағыдай боп, Абдолла белгілі екі атты өзіне Мамозы алдыртқанын ашса, онда ол Мамозымен болатын тартыста мұнан былай бір жола бетті ашыққа салады. Қарымсақ туралы бар кінәні Мамозыға артып бел буып, бет тақасқан куә болады деген сөз. Ж.Ах.

БЕТТІ АШЫҚҚА САЛДЫ Read More

БЕТТЕН АЛЫП, ТӨСКЕ ШАПТЫ

Бет қаратпады; әкіреңдеді, ожар мінез танытты. ~ Кетікті бітеп, кемістікті білдірмей тұрған осы Төлеп емес пе? Бар айыбы — жуастығы. Бірақ жуастық айып па екен? Егер әр соққан темірін алтынға балап, атырылып беттен алып, төске шауып тұрса не істер едің? Көнесің ғой. Ұстаны қайдан табасың? К.Қаз. ~ Тергеуші мүдірді. Салған жерден өтіп тұратын сұрапыл әйелдерге тізгінді өздеріне бере отырып сөйлеспесең, беттен алып, төске шапқаны шапқан деп ойлады ол. Н. Дәу. ~ Шалың тор шолақты сабалап ұзай берді. Қызбалтай, Қызбалтай… Беттен алып, төске шауып тұрған Қызбалтай… Бет моншағы үзілген Ақтамақ… Досмағанбеттің жүрегі шаншып кетті. Н.Дәу.

БЕТТЕН АЛЫП, ТӨСКЕ ШАПТЫ Read More