Тура алдынан шықты, жүзбе-жүз ұшырасты, қарсы тұрды.~ Көршілерін қасқыр шапқан қойдай дүрліктірген Шыңғысханның әскерімен де майдан даласында сан мәрте бетпе-бет келіп, атойлап айқасқа кірді. Д.Рам. ~ Екеуі де мынау тар да тайғақ жолда әлі де сан рет бетпе-бет келетінін, мына қылықтары қара қазан, сары қарын баланың қамы, ел сауғасы емес, өздері сезіп-сезіктеніп, зердеге сап бағамдап көрмеген жалған намыс пен жарға жығар кекшілдіктің итаршылдығы екенін, бастарына іс түсіп, тағдыр гүрзісі төнгенде ғана, аһ ұрып, жұртта қалған күшікше ұлитындарын болжамады. О.Бөк. ~ Соңына сүркіл салып қуғынға түсіргені, құзға қамап құрдымға құлатқаны еміс-еміс түйсігінде. Сол бітіспес жан алғыш- пен бетпе-бет келіп тұрғаны бір бұл емес. Ө.Кәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТКЕ ШЫҚТЫ
Елдің көзіне түсті, әлдебір атағы шықты. ~ Көп– көрім келіншегі жарты жылға жетпей, оны қаңғыратып қалдырып, жолға түскен. Екі баласы да ере кетті келіншекпен. Көпжасар көп өтпей «Айдынбайдың арақкеш ұлы» атты айдарлы атақ алып, бетке шыққан. Дәу қараның ғұмыры да ұзаққа бармады. Т.Рыс.
БЕТКЕ ШЫҒАРЫ
Бір ортаның маңдай алды жақсысы, беделді, абыройлы адамы. ~ Әпен — осы ауылдың бетке шығары. Ол өзі майданда қанын төгіп, жараланып келген жігіт. Бір қолы — жарымжан. Көкіп көп сөйлемейді. Бетімен ақыл айтып та шашылғанын көрген емен. С.Шай. ~ Тоқтыбай жұрт түгел естісін дегендей дауысын көтеріңкіреп қадала сұрады: — Күллі Жетісу өлкесінің бетке шығар азаматтары Білдебайды, Қошақанды, Жуан Қалиды жәбірлегенін көзіңмен көргенің рас қой? — Рас, — деді Кәдірқұл төмен қарап күрсініп. ~ Торшолақ бала түбектегі ауылдың осы өңірдегі игі жақсыларын жиып алды. Осы өңірдің бетке шығар ақсақал, қарасақалдарының басын қосып отырып, оларға Чернов деген генералдың көп әскерімен қазақ жеріне кіргенін айтты. Ә.Нұр.
БЕТКЕ ШІРКЕУ БОЛДЫ (ТҮСТІ)
Ұятқа қалдырды, абыройын төкті. ~ Соның бәрін ақ патшаның ұлықтарына әбден жеріне жеткізіп түсіндіріп айтып берейін десе, баяғы бір қалмақ, баяғы бір башқұрт оқиғалары… Бетке шіркеу болып шыға келеді. Ә.Кек. ~ Ол ана дүниеге барғанда, таңда махшар күндерінде Демежанмен қайтадан қауышам деп ойлайды. Өзін соған қалтқысыз сендіріп қойған. Ол үшін құдай алдында бетке шіркеу болатын бірде- бір қате жібермей, аяғын шалыс баспай, пенделік, жұбайылық парызын адал атқарып баруы керек. Қ.Жұм. ~ Түкке түсінген жоқсың. Сосын өзіңше долбар жасап, бұрынғы семьясы бетке шіркеу боп, басқа жаққа лажсыз жүз тасалай тұруға мәжбүр болды ма деп ойладың. Ә.Нұрп. ~ Дос-жарандардың ішінде Аханның жолы бөлек еді, ол қай мезгілде келем десе де, қашан келіп, қашан кетем десе де Дәмеш қабақ шытқан емес. Керісінше, ақымақ бас аяқты қайда апармайды, қиуасыздан бетке шіркеу түскенде дос-жаранды «пропуск» етіп үйге қайтатынбыз. Қ.Ысқ.
БЕТКЕ ШІРКЕУ
Біреудің (рудың, елдің т.с.с) абыройына кір келтірген таңба. ~ Несін айтайын, бетке шіркеу белгілі күнә емес пе, Жареке- ау, — деп Аққұл кенет қалшылдап, қамшысын көтеріп, байбаламға басты. Қалш- қалш етіп орнында әзер отыр. — Мына жаман сәурік менің шаңырағымның арын былғады, әулетімді күлкі- мазақ қылды ғой. Б.Мом. ~ «Зиялы қауым, білгіш ғалымдар екі сөзге келмей аяқ астынан бір-бірінің жағасына жармасып, төбелесіп жатса — бетке шіркеу масқара осы емес пе! Д.Дос. ~ Түндікті үйге мұнан артық масқара бар ма? Бетке шіркеудің үлкені де, жұртқа күлкінің шегі де, шаңырақ абыройын айрандай төгу де осы емес пе? Өсек ойран салды дегендей, байыбына барып болмай Аққұл әулетінің аттан салғаны да осыдан екен. Б.Мом. ~ Енді міне осы қазір әңгімені қалай, неден бастарын білмейді, бұ да бетке шіркеу, еркіндікке, бауырластық сезіміне тұсау. «Өткен күннің белгісi жоқ»,- дейді қазақ атамыз. Оу, бекер сөз, Бәрі есепті… М.Сүн.
БЕТКЕ ҰСТАРЫ
А) Бүкіл бір әулет, ру, ел мақтан тұтар, сүйеніш көрер адам туралы. ~ Майлыбайдың үлкен ұлы көтеріліп қалды:— Е, бар болғыр, бар бол, — деді Өтепке шын ризашылықпен. Ауылының бетке ұстар пысығы болса керек, Өтеп бір қияқ мұртты кісіні асыра мақтады: Даңқы елден ары асқан, Парқы көкпен таласқан. Елдің көркі Ерболдай Ағалармен жарасқан, — деді. Б.Мом. ~ Әмендей ұя бұзбас момын ағайын бар. Және соның сыртында Әмен шерудің бетке ұстар адамы — Керімбекпен аталас ағайын. Ж.Ахм. ~ Оқшауырақ тігілген отау үйде ауылдың бетке ұстар қыздары ханшаның нөкерлерінше жиылып, Ақтоқтыны киіндіру қамында еді. С.Жүн.
Ә) Беделді, білікті, жақсы, айбынды адам. ~ «Сен ауданның бетке ұстар адамының бірісің. Сені жаманатқа қалдыруға болмайды. Біле білсең бұл саясат» деді маған. Т.Ахт. ~ Исі орта жүздің бетке ұстары жиналған осы аста келушілердің құрметіне бір ыңғай ақбоздармен, алкүреңдермен немесе мақпал қара жорғалармен топ-топқа бөлінген жігіттер сабылып жүріп, салтанатпен табақ тартыпты. Ғ.Біл. ~ Дәу қара атының сауырынан аунап түстi. – Қайт қане! – деп, күркiредi ол тағы да. Бетке ұстар мықтылары ат сауырынан аунап түскен соң және тосқауылда тұрған көп аттыны көрген соң жылқышлар тiзгiндерiн тежеген. К.Сег.
БЕТКЕ СОҚПАДЫ
Меселін қайтармады. ~ Сөйлесе келе таныған соң, Лиза оған оны аяйтындығын, қатерден қорғағысы келетінін, большевиктерді жақтау пікірінен қайтудың қажеттігін айтты. Ботагөз Лизаны бетке соқпады. «Есім жоқ, жиналайын, ойланайын, бірер айға шейін маған ешбір ақыл айтпауыңызды өтінем» деді. С.Мұқ.
БЕТКЕ СОҚТЫ
Алдан соққан жел, бетке ұрған ауа, жылы леп туралы. ~ Ac үй манағыдан көрі түзеліп, үй түріне кіріп қалыпты: шашылған көң, тезек пештің аузына таман ысырылып, жиналыпты; бір қазан ет бұрқылдап қайнап жатыр. Үйдің жоғарғы жағы буланып дымқыл, жылы ауа бетке соғып тұр. Ә.Мар. ~ Сұлу қара аттың лекіте аяңдағаны, бетке соққан даланың жұп-жұмсақ жылы желі, бірінен соң бірі кезектескен жылан қырқа, ойпаң көлшімектер, қырдың иісті қара жусаны мен селеулі бозы көз тартып, көңілді сергіте бастады. Х.Ес. ~ Ыза мен көз жасына булыққан апам «аһ» деді де, үйден шыға жөнелді. Бағанағы — бағанағы ма, сырттағы кұйын ұйтқып тұр екен, есік ашылғанда шұбатылып кіріп, бетке соқты. Б.Тоғ.
БЕТІНЕ САЛЫҚ ҚЫЛДЫ (ҚЫП БАСТЫ, ЕТТІ) #2
Біреудің шалыс басқан қателігін, ұятты ісін есіне салды, бетіне басты, ұялтты, табалады, қорлады. ~ Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді…Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…- деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ Сенімен отқа жансам арманым жоқ, Жуылмаған Жұман атты періменен. Хатыңда «бай емеспін» деп жазыпсың, «Бетке салық қылма» деп, көп жазыпсың. М.Дул. ~ Бәрінен бұрын күйеуі ұрысқан са йын: «Өзіңдей ана Ақбалаға қараш! Жүріс-тұрысына ішпей-жемей ырза боласың» – деп, сұлу келіншекті ылғи да бұның бетіне салық қып басатын. Ә.Нұрп. ~ Сөйтіп‚ түрме жастығын жеті жыл жастанып‚ жарма көжесі мен қара нанына жүрек жалғап келгенде‚ бір мүшел мерзімді араға сап аяғын шалыс басқанын бетіне салық еткені қырыққа келген қырқылжың шағында жанына қатты батты. Қ.Түм. ~ Тайлеке! Сол сырт ағайынға ықпал бергеніміз қалай болар екен осы?! Жылы қойын, салқын арқам деген емес пе. Ұялы терек, үйелменімізбен отырып, ес таппағандай көрінгеніміз болмас па екен? Бақ — баталы қара орнымен қамалып, ес таппай сасқандары еді деп, күннің — күнінде бетке салық етпесе?..— дегенде бұл сөзге Молтанның да бейімі бар екен… Ж.Ахм.
БЕТКЕ ҚАҒАР ПЕНДЕ ЖОҚ
Қарсы келетін, қой жейтін адам жоқ. ~ Бетке қағар пенде жоқ: Шəкенжан күнде жатақты бір қыдырып алатын. «Жүрген аяққа жөргем ілінбей» қойған ба, ІІІəкенжан да сонылап, бір жігітті тауып алып еді… Ж.Айм.

