БЕТКЕ АЛДЫ

Белгілі бір бағытты таңдап, солай қарай жүрді. ~ Төрт дөңгелек аудан орталығын бетке алды. Қ.Түм. ~ Сонымен ертеңінде Дүйсен ауылға аттанып кетті де, Оқас бақшасын көтеріп таудағы дачаны бетке алды. Д.Әш. ~ Бөкен атасын қатты аяп кетті де, жылдам киініп, ауыл шетіндегі совхоз кеңсесін бетке алды. Д.Әш.

БЕТКЕ АЛДЫ Read More

БЕТКЕ (БЕТІНЕ) АЙТТЫ

Ойын бүкпеді, жасқанбай айтып салды. ~ Турашылдық, өрлік, бетке айтар батыр мінез қолданудан шығып қалған ескі қару секілді ешкімге қажет болмай қалды. Т.Әбд. ~ Ақтың ақ екенiн, қараның қара екенiн, iстеген әр iстiң оң- терiсiн бетке айтар Абылай ханның Бұқар жырауы сияқты, әр төренiң бiр Бұқардай батылы, әдiл қазысы болса қәне. К.Сег. ~ Шындықты бетке айтқанға сен шамданба! Үстіңнен жалғыз жапырақты жазып кеп жіберсем – күніңнің қараң екенін сеземісің? Ә.Асқ. ~ Осыдан кейін өзгелер сөйлеген. Алмагүлдің қателерін, жұрттың бұрын жақсы көргенін, басқа түскен атағын көтере алмай қалғанын бетіне айтты. І.Ес.

БЕТКЕ (БЕТІНЕ) АЙТТЫ Read More

БЕТІҢНЕН ЖАРЫЛҚАСЫН

Алланың шапағаты тисін д.м. ~ Бірақ, опынғаныңды айтпа, одан кейінгі ойланғаныңды айт. Ызаңды айтпа, ызадан соңғы ындының мен ықыласыңды жеткіз. Жақсының басынан дау кетпейді. Жаманның басынан жау кетпейді. Тірі тұрғанда талай дауың да, жауың да болады, шырағым. Бар, бетіңнен жарылқасын. Алжығанда келген атақ абырой әпермейді. Атақ, абыройыңды жас кезіңде қу, қарағым. Ә.Нұрш

БЕТІҢНЕН ЖАРЫЛҚАСЫН Read More

БЕТІҢ ТІЛІНГІР

Оңбағыр, басыңа қайғы үйірілсін д.м. қарғыс. ~ Бетің тіліңгір, қатын құсап бетке тырнақ салғаны несі? – деді Зиба айдаладағы шешеннің баласына ұрсып. – Енді сен ана кемпірден қорықпа, – деді маған. – Ол бейшара аздап ақылы ауысқан. Ш.Мұр.

БЕТІҢ ТІЛІНГІР Read More

БЕТІҢ КЕСІЛГІР

Жүзің күйгір деген сықылды қарғыс. ~ Бұл жеті жұртты құртқан сайқалды қой. Сайқал! Беті кесілгір сайқалдың нақ өзі. Өл де маған кел. Бір байға тиді, оны құртты атқа тепкізіп. Екі байға тиді, халық жауы етіп бұның да көзін жойды. Енді міне, елге қайта келіп, тұп–тұнық отырған халықтың лайын шайқап… Басқарма қайнағаның түбіне жетті де тынды, әне. Ә, беті кесілгір! Жүзіқара бетпақ. М.Қан.

БЕТІҢ КЕСІЛГІР Read More

БЕТІҢ БАР, ЖҮЗІҢ БАР ДЕМЕЙДІ (ДЕМЕДІ)

Біреудің көңіліне қарамай ойын бетке айтып салатын адам туралы. ~ Мен оған бетің бар, жүзің бар демей: «Сен оңшылсың, байшылсың, біздің ішімізде жүрген жегі құртсың!» – дедім. Б.Майл. ~ Бұлар бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлеген кемпірдің сөзіне қаралай өздері ыңғайсызданып есік алдында отырғанға жалтақтай қарайды. О.Көшб. ~ Ал Елтай тура. Бетің бар, жүзің бар демей, айтып-айтып тастаса, әлгілер оны мойындағанмен, бәрібір бұл бұрыс сөйлегендей аңтарылып қалады. М.Қаб. ~ Ал орыс Оспан дейтіні мінезіне қарай қойылған болу керек. Көңіліне жақпаған нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей жарып салатын тік мінез. С.Жүн.

Көңіліне келеді демеді; ойындағысын ештеңеден қаймықпай айтып салды. ~ Осы өтпейтін дүниені өршеленіп неге жаза бересіз? — деді Руфь беті-жүзің бар демей.— Әлде сіз күн көру үшін, тамақ асырау үшін жазып жүрген жоқсыз ба? Дж.Лон. ~ Мына маңайдың шөбін жинауға бір тракторшы бала келді. Өзі де бір жұмысы өнбейтін, жалқау неме екен. Бір күн жүрсе, екі күн тұрады. Сол шіркінмен бетің бар, жүзің бар демей ыржақтассын келіп. Қ.Қаз. ~ Небір жең ұшынан жалғасқан жымысқыларға, пайдакүнемдікке, парақорлыққа, рушылдыққа, қысқасы, әділетсіздік атаулыға төзе алмады. Бетің бар, жүзің бар демеді. Поэзияның өткір жебесін дәл көздеп, соған жолдады. Қызыл жебе нысанаға дөп тиіп жатты. Т. Мол.

БЕТІҢ БАР, ЖҮЗІҢ БАР ДЕМЕЙДІ (ДЕМЕДІ) Read More

БЕТІНІҢ СУЫН БЕС ТӨКТІ

Жалынып-жалбарынып жүріп, әрең қол жеткізді. ~ О, мәлжубас. Санап жүр екенсің ғой сен, мәлжубас-а? — Қап, мына алжыған неменің қылығын-ай, ә! Дуана боп, бетімнің суын бес төгіп өлдім-талдым әрең тапқан көкнәрді зая кетірдің-ау, нәлеті! Д.Ис. ~ Жүрем десең беттің суын бес төкпей, Жалған сөзді айтпа тілмен көстектей! Й.Балас. ~ Қой жаманды, болсаң өзің есті егер, Пасық адам беттің суын бес төгер. Й.Балас.

БЕТІНІҢ СУЫН БЕС ТӨКТІ Read More

БЕТІНІҢ НҰРЫ ТАМДЫ

Балғын жүзді, уылжыған жастың сипаты. ~ Мұғалімдік жұмысқа шыққалы Раушын өңі кіріп, үстібасына қарап, қуыршақтай болды. Екі көзі тостағандай, қасы қияқтай, бетінің нұры тамып, ерні жаңа піскен бүлдіргендей болып көргеннің көзін тартатын. Қайраттың анасы емес, əпкесі сияқты. С.Досж.

БЕТІНІҢ НҰРЫ ТАМДЫ Read More

БЕТІНІҢ НҰРЫ ТАЙМАҒАН

Өңін бермеген д.м. ~ Тоқтарбайдан біреулер, тап арманы жоқ болса осы шал да жоқ шығар деп: «Ата сізде арман бар ма?», — деп сұраған екен… Сақалы аппақ қудай, ұзын ақ кірпігі көзін жапқан тоқсаннан асса да бетінің нұры таймаған Тоқаң шал: — Е-е-е балалар-ай, — деп күрсініп біраз отырған екен… А.Кеңш.

БЕТІНІҢ НҰРЫ ТАЙМАҒАН Read More