Оңға басты, жақсарды. ~ Ел болып Мұқашқа шұқшиды. Бұған не қылу керек? Қалай кек алу керек? Шауып ала ма? Сотқа бере ме? Өлтіріп жібере ме? Өртеп жібере ме? Қалайда не бірін, не бәрін істеуге елдің беті түзелді. Ж.Айм. ~ Артымда жылап қалар балам кәне. Неден қаймығып жалтақтаймын… Соғыстың да беті түзеліп келеді. Алла тыныштық берсе, о да басылар… М.Сүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІ ҚАТТЫ
Ашулы, жүрісі суыт, жүзі суық. ~ Сонша жерден қыз алып қашып, таң ата келген кісі шаңқай түсте шай ішіп отырғанда, 40 шақты кісі қуғыншы сау ете түсті. Беті қатты… қолдарында сойыл. Қырып- жойып, қызын тартып əкетуінде сөз жоқ. Ж.Айм. ~ Мына жаудың ‹‹қара тауға›› беттегені бізді жаңылту, біз орта қыстаудың басындағы кезеңнен тоссақ олар сол маңнан кезігеді, жаудың айласы күшті, беті қатты екен. Б.Жұм. ~ Софы ажарынан беті қатты бір қаталдықты байқаған шалдардың зәресі ұшты. Ә.Нұрп.
БЕТІ ҚАРАЛЫ
Қайғы-қасыреті мол. ~ «Пәлен жерден пәленшенің қатыны қашты» дегенді естігенде, менің ойымша, солар адам көрмеген бір қызықты тұрмысқа кіріп жатқан секілді болушы еді, ақырында сол ынтықты көріп, көңілді бастым… Мен, сендердің бұрынғы жайраңдап жүретін әжелерің емеспін, жүрегі жаралы, беті қаралы, қайғы бұлтын үстіне төндірген сорлы болған жанмын… Б.Май.
БЕТІ ҚАЛЫҢ
Еш нәрседен беті шімірікпейтін, ұялмайтын адам туралы. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Әлгі суық жүрісті кісі бұған қарсы жүрді. Екеуі бетпе-бет келді. Күренді неге мінесің деп салғаннан соқтығатын шығар деп ойлаған. Беті қалыңдау еді, сонысына баққан ол суық сазарды. Ө.Кәр. ~ Әлемнің беті қалың ба, Ұялмай тірлік жалғады. Тек өзім түстім жалынға. Ол қара басын қамдады. А.Шамш.
БЕТІ ҚАЙТТЫ
а) Жүні жығылып, мысы басылды, пәс болды. ~ Кісінің қадірін білмейтін иттерге сөзін шығын ғып ақталғысы келмейді. Жә, қажеті қанша. Өмірден беті қайтып, талабы пәс боп тұрған шағы ғой. Ә.Нұрп.
ә). Бәсең тартты, екпіні басылды. ~ Бұл кезде күн екіндіге таяп, бағанағы ыстықтың беті қайта бастаған. О.Бөк. ~ Көктем шыға ауруы да бәсеңсіп, өзінен өзі басылып қалғандай болған. Кеселдің беті қайтқанға Айтқали да іштей қуанып жүрді. Ә.Асқ.
б) Тойтарыс алып, адуыны басылды. ~ … жаламаның бетінде ұстасып қалар ма екем деп қорқып ем, ұстамады, әйтеуір. Нар тәуекел, көрейін, жіберіңдер арқанды! Беті қайтты ғой, енді орала қоймас. Ғ.Біл. ~ Жау жеңілді, дұшпанның беті қайтты, енді күллі халықтың көзі ашылды. Б.Тоғ
БЕТІ ҚАЙТПАҒАН (қайтпады, қайтпас)
Жеңіліп көрмеген, рухы қайтпаған д.м. ~ Үстіне көк темір сауыт кигізіп, басына қарқаралы буғызып, беліне қанжар, сапы, садақ байлап, қолына желекті көк найза беріп, өмілдірікті ақ боз атқа мінгізіп, «мынау, оқтан, оттан беті қайтпаған Хасен батыр» десе, көз тояр еді… С.Сей. ~ Бұрын орыс-қазақтың тобынан беті қайтпаған, бурадай бұрқыраған, қарыны аттың басынан асатын саңқылдақ Сарман «Балшабай келеді» дегенде, қазанқап жамылып, жерошаққа жата қалып, күні бойы тығылып жатқан. І.Жанс. ~ Сыңар қолды Савелий ұлғайған жасына қарамастан өлі жұмыстан беті қайтпаған, шалымды да қайратты еркек. В.Рас. ~ Абырой болғанда әрнәрседен беті қайтпаған Айбар алғыр боп өсті, мектепті алтын медальмен бітірді. Д.Дос. ~ Тайлы таяғымен шығып, күн алысады, түн алысады, бірақ жаһанды жалпағынан жайлап алған қара өрттің беті қайтпайды. С.Шай. ~ Алғашқыда күзетші есікті ашып, қаһар шашып кетіп жүрді, бұл ол қоқайына ықпаған соң, бір–екі рет жақсылап сабап алды, бірақ мылқау тұтқынның беті қайтпады, өзеуреп өршелене түсті. О.Бөк. ~ Қыранымын сары сайран даланың, Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым. Еркін дала ардақтысы, еркесі – Бетім қайтпай өскен батыр баламын. М.Жұм. ~ Ештеңеден беті қайтпай, тентек боп өскен бала, кезі келгенде өткір, ештеңеден қаймықпайтын өр кеуде жігіт болады деді әкесі. І.Ес. ~ Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай сезді. Бүгін біртүрлі сергектік, сезімділік бар. М.Әу. ~ Шаябай беті қайтпас ердің өзі, оның да сыналатын келді кезі. «Қазаққа дайын болсын, аттанад!»—деп, Әмірлі Қоңтәжінің келді сөзі. БС «Еділ мен Жайық». ~ Мұның енді беті қайтпайды, – деп ойлады тергеуші, – бәріне бел буған, бас тіккен адам. Керек десең, басқаны қойып, қоғамның өзін сайқал деп отыр. Қауіпті. Н.Дәу.
БЕТІ ЖЫЛТЫР
Жүзі көрікті. ~ Беті жылтыр ұрғашы көрсек — отқа түсер көбелектей өлгенше өпектедік; пәленшеде жақсы ат бар десе — қолға түсіргенше тыным көрмедік; түн баласы бесті қымыздың күші аздай-ақ үстіне күшәла қосып іштік; жақсының соңына абалатып ит қостық, арыз жаздық, донос жидық, қарадай ол шіркіңді әйкәпір атаңдырып, ел шетіне шығардық … Д.Дос.
БЕТІ ЖЕЛГЕ ТИМЕГЕН
Еш қиындық көрмей, еркін, ерке өскен д.м. ~ Айттырғанға бермеген, Мұндай теңі келмеген. Айтқаныңа ол берсе, Сені адам ол десе, Көбік байдың үйінде Беті желге тимеген, Езу тартып күлмеген, Бөтен үйге енбеген Аюбикеш сұлуы. «Сайын б.»
БЕТІ ЖАРЫҚ
Жүзі жарқын, көңілі тоқ. ~ Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Абай. ~ … Алланың дәргәйі алдына барғанда беті жарық болып, қияметтің қылкөпірінен өте берісте шымырлап қайнап жатқан тозақ отына құлап түсіп кетпей, жаннат босағасына жету… Ғ.Біл. ~ Сол бір күнді кейін ойыма алғанда да жүрегім зырқ ете түсер еді, бетім де дуылдап жүріп беретін. «Малдының беті жарық, малсыздың беті көншарық» деген қазақ осындайды айтса керек. Б.Қыд. ~ Ауыл болған соң мал асырамасаң тағы болмайды. Малдының жүзі жарқын, беті жарық… Ә.Асқ.
БЕТІ ДУ ЕТЕ ҚАЛДЫ
Қызарып кетті; ұялғаннан қаны бетіне шауып, қызарақтады. ~ Джиния ұялғаннан беті ду ете қалғанын сезді. Ч.Пав. ~ Бұл сөзді естіген Доротеяның беті ду ете қалды… М. Сер. ~ Әйел қолын менің қолымнан тартып алды, оның екі беті ду ете түсті. М.Лер.

