Өзін түк болмағандай сезінді; шіміркпеді; қорыққан жоқ. ~ Ой, заңғар-ай, беті бүлк етпеді. Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады. Ә.Нұрп. ~ Талайды көрген Абайдың беті бүлк ете қойған жоқ: – Кеңес Одағы менің ием болғанымен, сіздің досыңыз, мен жақсы болсам, сіз жақсысыз, сіз жақсы болсаңыз, мен жақсымын, – деді. Ж.Шәк. ~ … көре қал, ол енді беті бүлк етпестен салып ұрып, бензин беретін дөкейдің дәл өзіне жетіп барады. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІ БОЛМАДЫ
Ұяты жібермеді. ~ Жапа көрдім деп ресми орындарға шағынуға беті болмағанмен, сырын білмейтін жерде күпілдеуге қиыстырып өзі туралы тәп-тәуір ертегі шығарып алған. Т.Сәу.
БЕТІ АШЫЛМАҒАН
а). Иба-инабаты сақталған, бұзылмаған. ~ Не дегенмен бұл əлі беті ашылмаған қыз ғой деген
ой сап ете түскенде, басын көтеріп, қолын жіберді. Шапанынан тартып еді: қатып қалғандай
илікпеді. Ж.Айм. ~ Əлі беті ашылмаған нəуетек Күнікейге добалдай Байманның «жеңгей»
дегені əрі ерсі, əрі қызық, жода, жат көрініп, Күнікей бой жетіп қалғандығына көзі жеткендей
дардиып қалды. Ж.Айм. ~ Екеуі қосыла күлді. Әлі ерлі-зайыпты болып беті ашылмағандықтан ба, екеуі де қызарып кетті. С.Елу.
ә). Әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сақталған; жат өзгерістерге бой ұрмаған. ~ Менің кішкентай
кезімде біздің ауыл беті ашылмаған, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы аулы еді. Тірі орыс
көрген жоқпыз — ды. Т.Ахт. ~ Онсыз да сұрғылт жүзін онан сайын бұлдырата түскен
тозаңды да сүрткісі келмеді. «Неден үріктім? Екі бетім дуылдап, қысылам. Не көрінді маған?
Құдай-ай, беті ашылмаған қыздай болдым-ау?» М.Сүн.
БЕТІ АШЫЛДЫ
а) Әшкереленді; әлдебір жасырын сыры жұртқа жайылды. ~ Арада отыз жыл өткеннен кейін талай шындықтың беті ашылатынын, талай жабық фактылардың баспасөз бетінде жарияланатынын сол кездің студенті Бек білген жоқ. Б.Тоғ. ~ Қамбашы Құдайберген Қожаевқа тергеу жүріп жатқанда бұрын кездеспеген істің беті ашылды. Б.Қыд. ~ Бәлкім бір таңғажайып қабілетінің беті ашылар деген дәме де көңілімде жоқ емес-тін. Т.Әбд. ~ Деседе кейінгі буынға, тарихқа ақиқатты айту ойы осы деректердің тереңіне үңілтіп отыр. Шындықтың беті ашылғанына Майлыхан да қуанар деп ойлаймыз. Ж.Шәк.
ә). Беташары жасалған келін туралы. ~ Бірақ «Беташар» деп өлеңмен айтылатын ырымынан кейін келіншек беті ашылды, бұдан кейін жасырынбайды. Ғ.Мүс. ~ Кешеден бері болған той түн ортасында әзер тарқады. Мақпалдың беті ашылды. Екеуміз бір тостағаннан жүзік, моншақ салған неке суын іштік. Н.Сер.
б) Тосын, тұрпайы мінез пайда болды. ~ «Тоңмойындығы болғанмен, тасыр мінезі жоқ еді, найсаптың беті ашылған екен. Өзін бір қамшының астына алып жынын басып тастамаса болмас», — деп, Алтынбай біраз ойланып отырған соң орнынан тұрды. Б.Тоғ.
в) Көзі ашылып, сауаттанды. ~ Көрінеу бас көтермесе де, кейбір жұмыстарға кедергі жасаған да жайлары болды. Әрине, олардың ұсақ-түйек енжарлық істегеніне жол берілген жоқ. Еркіндік сәулесін сезініп, беті ашылып совет тәртібін орындауға белсене аттанған кедейлер уәкіл тәртіпке бағындыра соққы беріп отырды. С.Бег.
БЕТІ АШЫЛҒАН
Талайды көрген, тәжірибелі, әккі (әйел). ~ Қатты айта алмады, айтуға бата алмайды. Беті ашылған сақа қатын мен нәресте жанды, ұялшақ Қартқожа қалай ұрысар? Ж.Айм. ~ Шынымды айтсам, беті ашылған келіндей, мен бұл кезде мектеп басшыларын онша сыйлай қоймаймын. Көбінесе, өзім мен өзім болып, жеке жүрем. Б.Соқ. ~… сол арада дәті жетіп Әзіммен бірге өткен күндерді сұрағанда, бұ да тайынбас еді; беті ашылған әйел Құдайдан жасырмаған қылығын сенен жасыра ма? Ә.Нұрп. ~ Үйбай, үйбай! О несі?! — деді, бетін ұстап: — Өзгені білмеймін, өзімді айтқызбаушымең? — дей бергенде, Ибадат беті ашылған, тұрпайы әйелді енді кеудесінен қатты итере, шалқасынан жығып түсірді де, бассалып төмпештей жөнелді. Ж.Ахм. ~ Үш жыл ішінде қыз бетіндегі жібек перде сыпырылып, «беті ашылған», тілі де қылықты келіншекке айналған. З.Шаш.
БЕТІ АУЛАҚ!
Пәледен аулақ; өзімен кетсін. ~ Тіфә, ондай пәлекеттің беті аулақ! О.Сәрс. ~ Әне, көрдің бе?! – Ондайды айтпа, құрысын, оның беті аулақ! Ғ.Қаб. ~ Үйбүй, балам-ay, оның қасында албастыдан аумайтын бір кемпір де қарап тұр ғой? Қой, құрсын, беті аулақ, кетейік! – деген екен. И.Сап.
БЕТІ АУҒАН ЖАҚҚА
Қайда болса сонда, беталды, бағыт-бағдарсыз. ~ Неше дариялар мен шөлдерден асады. Мұндай көшуді қоныстан ауу дейді. Кей елдер жаудан үркіп, тұтасымен беті ауған жаққа қарай қашқан. А.Байт. ~ Биыл жазда үйден аңдаусызда шығып кеткен Күлназия, айдаламен беті ауған жаққа қаңғырып, бір ауылдың қабаған иттеріне таланады. С.Жүн. ~ Айламен аттанған Шепе, ауылдар жатқанға дейін, беті ауған жаққа қаңғырып жүрді де, ауыл оттары сөнген, жұрт ұйқыға кірген шақта өз аулына оралып … С.Мұқ.
БЕТІ АЙМАНДАЙ БОЛДЫ
Масқарасы шықты, ұятқа белшесінен батты. ~ Ылғи осы, бүгін екеуі, ақыры айқайласып тынды: «Бірақ, онда намыс жоқ, кешке қарай, түк болмағандай ыржиып күліп өзі келеді, бір рет, соңғы рет ойнап берші! — деп жалынып келеді. Мен көнемін, әрине. Көнемін де өкінемін! Театрдың мүддесі деген ұранды жамылып алып, театрдың бетін аймандай қыламыз да жүреміз! Ә.Тар.
БЕТІ (БЕТ-АУЗЫ, ЖҮЗІ) ШІМІРІКПЕДІ
Беті бүлк етпей жалған сөйледі. ~ «Бешташтың» адресіне айтылған осы іспеттес сөздердің талайын естігенбіз дегендей, беті шімірікпестен Қаратай жай тыңдап отыр. Ш.Айт. ~ Бәрі де алдарындағы тышқанкөз нүктені басып– басып қалды. Жалпақ таблоның беті шімірікпей 99 депутаттың 9– ы қолдап дауыс берді деп көрсетті. Қ.Түм. ~ «Осы айтқандарыңның бәрі судай өтірік! Иттің баласы, жасыңнан өтірікке үйреніп қалған немесің, бет-аузың шімірікпейді,»- деп, қарқ-қарқ күлді. М.б.Т. ~ Оның қаталдығын кінәлаған жоқ. Ол тек өзінің аузы бармай тұрған үкімді мына безбүйрек офицердің жүзі шімірікпестен соншалық жайбарақат айтқанынан шошынғандай. Ә.Нұрп.
БЕТЕГЕДЕН БИІК, ЖУСАННАН АЛАСА
Сырт көзге ибалы, моп-момақан, ешкімге зияны жоқ жуас көрінетін адамның сипаты. ~ Соңғы күндері Таңқыбай бетегеден биік, жусаннан аласа, сөзі майда, жылтыр жұмсақ. О.Сәрс. ~ Иса тұрған бойы бетегеден биік, жусаннан аласа сыпайы жігіт. Алакөз өзін патшалардың патшасынша ұстады. Ә.Тар. ~ Тұрсынның ұшты-күйлі жоқ болғанынан қанша қауіптенсе де, бетегеден биік, жусаннан аласа болып бұғып отырса керек. Б.Тоғ.

