БЕТ-АУЗЫ ТҮТІКТІ (ҚИСАЙЫП КЕТТІ)

Ашудан жүзі сұрланып, түтігіп кетті. ~ Мырқының жүзі сұрланып кетті. Бет-аузы түтігіп, қалш-қалш еткен бойы маған жақындай түсті. — Бала, аузыңа ықтият бол, әмесе сотталып кетесің! Т.Бер. ~ Бұларға көрші — қырық-елу қадамдай жерде өз үйін тігіп жатқан Сейілхан ағам да осының бәрін көріп тұр екен, мәз болып қарқылдап күліп келе жатыр. Ақкүміске қамшы қатты батып кетті білем, бет-аузы түтігіп долданып күйеуін жерге көтеріп ұрды. Т.Ахт. ~ Бұрқ еткен ызадан атаманның түк басқан бет-аузы қисайып кетті. Шабатын аюдай гүрілдеп қорбаң-қорбаң жақындай берді: — Ей, жабайы киргиз, не оттап тұрсың? Мен сенің бір қолың түгіл, өзіңді қазір екі бүктеймін! Т.Сәу.

БЕТ-АУЗЫ ТҮТІКТІ (ҚИСАЙЫП КЕТТІ) Read More

БЕТ-АУЗЫ ҚИСАЙМАЙ

Ұялмай-қызармай, беті бүлк етпей. ~ Ұртазы қайтадан Қарағандыға келген соң: — Сен бәйбіше болып отыра бер, төрт балаң бар, енді саған не керек, мен өзім сүйген жас Зиямен қызық өмір сүрейін, — деп ол бірде, бет-аузы қисаймай тура кетті. Б.Қыд.

БЕТ-АУЗЫ ҚИСАЙМАЙ Read More

БЕТ-АУЗЫ БҮЛК (БЫЛШ, ШЫЛП) ЕТпеді

Жүзінен ешқандай да бір қобалжудың, не ұялудың белгісі байқалмады. ~ Нені бүлдіруші едім, -деп Әкім жымиып Тәкеңе қарады.- Ағамыз айғырдай болмаса да тайға есесін жібермейді дедім. Сол-ақ,-деді, бірақ бет-аузы бүлк еткен жоқ. Әрине, Әкімнің айтқаны басқадай еді, мен әдеп үшін жұмсартып отырғаным ғой. Қ.Ысқ. ~ Жапыкең бет-аузы бүлк етпестен кірпігін қақпай, көзін бажырайта қадап тұрып: – Жоқ, оны шал қытайлар мен сарттарға сатып жібереді,– деді. Ж.Шәк. ~ Әй, ит-ау, бізге неге айта салмадың?- деп торсылдаған Қомшаға ол бет-аузы былш етпей: — Сендер уланып қала ма деп өзімді құрбандыққа шалып едім ғой,-дегені. Қ.Ысқ. ~ Сонан соң Гриша бет-аузы шылп етпестен Қазбекті әлгі жерде жатып келіп мақтаған. Жаңабеков дегенін бригада, совхоз, ол түгіл аудан жастарының маңдай алдысы екен. М.Қаб.

БЕТ-АУЗЫ БҮЛК (БЫЛШ, ШЫЛП) ЕТпеді Read More

БЕТ-АУЗЫ БІР УЫС

Бет-жүзі шөкімдей ғана. ~ Кішкенебай жүк қоймасында жұмыс істейтін кісі. Жасы қырыққа таяу болса керек. Шошақтау иегінде бір түйір сақалы бар, бет-аузы бір уыс адам. Мұрны жүзіне лайық — шошақ. Х.Ес. ~ Бастықтың бір уыс бет-аузы аппақ қырау көмген алтайы түлкі тымақтан әзер танылады, аяздан ұшы көгерген құс мұрны ғана Мәсек екенін айтып тұр. Н.Сер. ~ Апай есікті сарт еткізіп жауып, сыртынан кілттеп қойды. Адуын арынын есіктің ішіне қалдырып, бері қарай апай мүлдем басқа адам боп бұрылды – бет-аузы бір уыс боп бүрісіп, белі бүгілген кәрі кемпір. Аяғын тәлтіректеп әзер басады. Т.Сәу. ~ Құдай дәулетті берді, бірақ көңіл тар ғой, көңілді тар ғып қойғасын қайтесің, – деп нағашы – жиендік қылып, бет аузы бір уыс кішкентай қара шалды қажап отыр. Т.Әбд.

БЕТ-АУЗЫ БІР УЫС Read More

БЕТ- АУЗЫ КӨНЕКТЕЙ (ІСІК)

Бет-жүзі суықтан әлде соққыдан дүрдиіп ісіп тұр; қып-қызыл, ісіңкі. ~ Ие, несін жасырайын, Масаңбай көрінгенге қолын жайып, сызды тротуарда отыр екен. Бет-аузы көнектей, қасында бір бос шыны жатыр. Тұқыл аяғын балдағының үстіне салып көрінгеннің етегіне жармасады. С.Шай. ~ Шал да, науша жігіт те бет-аузы көнектей, көзі қып-қызыл, өсіңкі сарғыш шашы ит ойнақтаған қоғадай ұйпақ-тұйпақ қырықтардағы орта бойлы, ашаң адамға таңырқай қарасты. Н.Сер. ~ «Көнек демекші», — деп Сұлтан күбір ете қалды. Табанда қөңілі тоза түсіп, жыларман халге келді. Ендігі дерті — қарындасы. Бет-аузы көнектей. Аяқ-қолы добалдай. Жиырмасына дейін үйде отырды. Ә.Тар. ~ Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Б.Май. ~ Бірақ сіріңке тұтатқан Асан, жылаған даусынан болмаса, кескінінен Ботагөзді де, Қалиманы да таныған жоқ. Ботагөздің бет-аузы көнектей ісік және сағалданған қанның жолақ-жолақ ізі. С.Мұқ. ~ Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Б.Май.

БЕТ- АУЗЫ КӨНЕКТЕЙ (ІСІК) Read More

БЕСТІ ҚЫМЫЗ

Бірнеше түн сақталып, әбден бабына келтірілген қымыз. ~ Отағасының оқыс үні шығады. «Құйсаңшы — бесті қымыздан көні кеуіп келген өкіл мырзаға, ыстық шайға аузын күйдірмей!» Д.Дос. ~ Осының алдында тана қанып ішкен бесті қымыздың әсері ме, Ли- шансың сонау алыс тарих беттерін ой көзімен шолып, көсіле сөйлеп тұр. Қ.Жұм. ~ … діндар профессор «кешкісін бесті қымызға қанып жатқан, кұшағына кірген жұмыртқадай бәденді қызды бауырына тартып, құшырланып иіскепті… ой, рахат-ай!..» Д.Дос.

БЕСТІ ҚЫМЫЗ Read More

БЕСТІ АЙҒЫРДАЙ

Күшіне мінген, айбатты. ~ Біздің партиямыздың үрдісі солай – бесті айғырдай Бісекеміздің тізіміне іліккен сұңқылдардың бәрі ертең-ақ төбе-төбеге шоқиып-шоқиып отыра қалады, вот! Ғ.Қаб. ~ Естимісің, Әбділхан, ағаңның ән салғанын, бесті айғырдай кісінеуін қарашы? Әне, ана салдақы қыздың жауабын тыңдадың ба? Ұят-ай, өлім-ай! Ш.Айт. ~ Автостансаның алдында кездесе қалған екеу бесті айғырдай шұрқырасып қалысты. Ғ.Қаб.

БЕСТІ АЙҒЫРДАЙ Read More

БЕСІН НАМАЗ

Бес уақыт намаздың бірі. ~ Ақсақалдар әңгімесі біткен кезде, бесін намазы да болып қалған екен. І.Ес. ~ Денесі осында жатыр, басы жоқ, — деді. — Мойнына қыл арқан салып атуға алып шыққанда, бесін намазымды өтеуге мұрсат беріңдер, сонан соң не істесеңдер де еріктерің, маған енді бәрібір депті. Қ.Ысқ. ~ Ал, ендеше бесін намазына ұйыдым», — деді де әлгі сұсты кісі сырт киімін, кебісін шешіп, мұның қолына ұстатты, мешіт ішіне еңкейіп еніп кетті. Д.Дос.

БЕСІН НАМАЗ Read More