Біреудің өсиетімен жасалған қажылық. ~ Есенейдің орнына бедел қажы болып Мекеге барып келсем қайтер екен? Ғ.Мүс. ~ Марқұм Түркістанға барып бедел қажы атанып, артынан Меке-Мәдинеге және барып қайтқан. Т.Әс. ~ Шырақсыз едім жалғаннан, Шырағымды жандырсын! Жас тілегін берейін, Тәубе қып көңілін қандырсын. Жеті кісі орнына Бедел қажы бардырсын. «Қажының ауылы» — дегізіп, Бір белгі маған қалдырсын! М.-Ж.Көп. («Нүсіпхан») ~ Жұмысым, белсенді кедей едім. Осы елдегі. » Арыстанбайдың Мұқышы» дейтін мен боламын. Батырақтар көрісінен қалқозымызға орын келген екен, соған мені жібер десем, бастығымыз жібермейді. Бастығымыз оңбаған неме, әкесінің әкесі бәдел «қажыға» барған кісі. Өзін түсіртіп тастамасам болмас… Б.Май. ~ Құдай да түзей қоймаған соң, хиянат кеулеген елден кетсем, Меке, Мединенің бірінен топырақ бұйырса, деп жүргенде жылқылы Жолжан өлді. Соның өсиеті бойынша енді бедел хажыға бармақ. Ғ.Мұст.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕБЕУ ҚАҚТЫ
Азар да безер болып, зар иледі; тыным таппай қақсады. ~ … су көзіне тезірек жетуіне себепші етіп, бейуақта бебеу қақты мұңдап ақын. Қ.Бек. ~ Қолындағы қу томар бебеу қағып кеп, соңы зарға ұласады. Жансыз, жақсыз ағаш та сөйлейді екен-ау. Р.От. ~ Малыбай ғана етегін белдігіне қыстырып, кереге басындағы көнетоздау малақайын қолына алды да шығып кетті. Ән тағы да толқып, күй қайта бебеу қақты. К.Қаз. ~ Оқығанда – бұған дейінгі даусында түгесілмес мұң болса, бұл жолғы мақамына бебеу қаққан зар араласады: – «Бүгінгі дала жай болып сарылған, бүгінгі əн мұңайған, жүдеу, қаралы… З.Қаб. ~ Сумаңдаған суық ой өзегін тілгілеп жіберді. Тілгілеп жіберіп, бұл иттерден бәрін күтуге болады деп бебеу қақты. Н.Дәу.
БАЯШАТТЫ ҒҰМЫР КЕШТІ
Мол байлыққа кенелді; ішкені алдында, ішпегені артында дегендей, қамсыз күн көрді. ~ Ақшаны айтпағанда қыста соғым, жазда үйінен ет, сүт, қымыз үзілмейді. …Қайда жүрсе де, астында машина, қалтасы ақшаға толы, баяшатты ғұмыр кешіп жатты, бірақ оның ебін келтіріп сіңіре білу шынымен де бастабында Құзырға оңайға түспеді. Н.Ыб.
БАЯШАТ БАЙЛЫҚ
Оқыс келген ырғын дәулет. ~ Ел, жер болашағы, өнер-ғылым маңында ой өрбітіп, әрқайсысының сол жолдағы арман-мұратына ақ жол айтатын сүттей ұйыған орта енді – жаңағы, қолдың кірі, бес күндік тірліктің аста-төк баяшат байлығын айтып, келгінбай байлыққа керіле түскен қарындар тағы-тағы шелдене түс деп тілесіп жатыр. Е.Зей.
БАЯНСЫЗ ТІРЛІК (ЖАЛҒАН, ДҮНИЕ …)
Өткінші, тұрақсыз, құбылмалы, қысқа өмір. ~ Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Бұл да алма-кезек ауысқан «бес күндік» баянсыз тірліктің бір нышанындай. Қ.Жұм. ~ Жарылқасын ойланыңқырап отырып, тақпақтап, мәтелдеп кетті: — Патшаның да тағы баянсыз тірліктің тұғыры. Т.Рыс. ~ Бектұрған құсап әр жұмыстың басын бір шалып, баянсыз тірлікті күйттеген жоқ. Ә.Асқ. ~ Онысы ешнәрседен, ешкімнен мейірім мен рақат көрмеген баянсыз тірлігіне деген әлсіз бұлқынысы. С.Смат. ~ Жаныңды жалғанның жалпағына жүйткіткен сайқал көгілдір дүния арманыңды асқақтатып, көңілге қанат бітіріп, бұл баянсыз жалғанда шексіз ғұмыр кешкізіп, түпсіз ойлар тұңғиығына батырғысы келеді… Ш.Айт. ~ Жел үйірген құмдай сусып сырғыған неткен баянсыз дүние. Т.Сәу. ~ Ой, дүние-ай! Баянсыз, сұм дүние. Кеше Алтынмен құшақтасып жатқанда менен бақытты жан жоқ еді. Бүгін енді менен сорлы, менен бақытсыз жан және жоқ. Б.Соқ.
БАЯНСЫЗ ҚҰМАРЛЫҚ
Ұзаққа бармайтын, өткінші әуестік. ~ Ол бір сәтке әлгі бір бойын билеген баянсыз құмарлықтың сиқырынан сытылып шығып, мына өрістің бал ауасы мен жұпарсаң иісіне мас болып, басы айнала бастайды. Ш.Мұр. ~ Шыдауды сіз қинауға айналдыра көрмеңіз? — Махаббатты сіз баянсыз құмарлыққа айналдыра көрмеңіз. Ғ.Мұст.
БАЯНСЫЗ БОЛДЫ
Қуанышы, игілігі ұзаққа бармады. ~ Бізге бір бай лама дөрветтен жұмыс табылды, бірақ баянсыз болды. Е.Мұх. ~ Бұл шешімім — өзім үшін — бәлкім, баянсыз да болар, мұны сеземін, әйтсе де одан енді еш уақытта, ешқашан да таймайтынымды да, оның ғұмыр бақи сол күйі қалатынын да күні бұрын сезіп отырмын. Ф.Дост. ~ Құрысын, дүние баянсыз болғасын, түс қайдан баянды болсын; түс секілді тұрлауы жоқ тәркі дүниеде де тырнақ ілігер тиянақ қалмаған; бәрі жалған: бәрі алдамшы; баянсыз; баянсыз болмаса, жаңа ғана жасыл жапырақ жамылған жұмыртқадай аппақ үйлер қайда? Ә.Нұр.
БАЯНДЫ ЕМЕС
Ұзаққа созылмайтын бақыт, игілік хақында. ~ Бірақ күні бойы өзіңді қайғыңмен бірге қампитып жүрген бұл мақтаныш баянды емес, кешке қарай, жатар орынға келгенде, тағы да құлазып қаласың. Т.Ахт. ~ Ал екіншісі — бала мінезді аңғалдау, көрер көзге өте әдемі бола тұрса да, сол әдемілігі баянды емес, құбылмалы, өткінші дәурен екені байқалып тұр. Ә.Нұрш. ~ …әрине кіл бақытты ғана күтпейсің, оның баянды емес екенін біле тұра, қайткенмен де мән мен мақсатың бір күні алдыңнан жарқ ете қалса деп көксейсің. И.Бун.
БАЯНДЫ БОЛСЫН
Қайырлы болсын, ұзағынан сүйіндірсін д.м. тілек. ~ Жаңа жылың құтты болсын қарт Кавказ! — деп айғайламаған солдат болған жоқ. Күміс жоталары күнге шағылысып, жүзі жадыраған құз Кавказ әрбір солдатқа — осы беталысың баянды болсын! — деп тұрғандай еді. Ғ.Мүс. ~ Осы жақындығымыз баянды болсын, бұдан былай екі үйіміз бір үй болып жүрейік деген ниетпен енді міне Нұрәлі бізді шала шабылып, қонақ етіп отыр. Б.Соқп.
БАЯН ТАППАДЫ (ТАПТЫРМАДЫ)
Бақыты ашылмады. ~ Туған жерден баян таппаған сорлы қайбір жетісуші еді… О.Сәрс. ~ Қызып алып, сәби тағы жүгірді. Шамырқанып тал бойында ат қаны,. Шапқылады, байыз-баян таппады… Қ.Шаң. ~ − Жарайды, Жон мырза, келгеніңіз өте дұрыс болды. Мұндағы ұйтқыма жұрттың көңілін біразға дейін орнықтырып бердіңіз. Бірақ, қаншаға барарын кім білсін?! Қайталап айтсам, қазымырлық көрмессіз. Қашан ұлы падишамыз қазақтың бар тізгінін бір тегеурінді қолға жиып бермей, бұлар бәрібір баян таптырмайды. Ә.Кек.

