Әркім өзінің қара басының қамын ойлап, тентіреп кетті д.м. ~ Қай жерде тесік болса күштінікі, малдынікі болды. Ысқатқа, төлеуге беретін арық-тұрақ, қатпа қыршаңқылардай, кедей біткен шетке қағылып, іріктелді. Балапан басына, тұрымтай тұсына… Ж.Айм. * Өздерінен өзге тірлік дүниесінен үзіліп қалды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген кез жетті. М.Әуез. * Бірақ мына балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда атадан қалған абырой түске де кірмейтін болды. Ел бұзылды. Т.Әбд. ~ Егер Сәйдәлі осы қылығынан жазбаса балапан басына, тұрымтай тұсына кететін жағдай қалыптаспаса не қылсын?! Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАЛАҢ ҮЙРЕК
Қазақтың ұлттық балалар ойынындағы сұқ саусақтың атауы. ~ Бөлім бастығы аузының қуыс–қуысын қиқымына толтырып, бас бармағы мен балаң үйрегінің басын сап–сары қылып жүрмейді. Н.Дәу. ~ Ол ойнай жөнелді. Шектер үстінде қалтыраған бес саусақ — бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек шет-шексіз дыбыстар дүниесінен маған жұмбақ келісімді қарым-қатынастар іздеп тауып жатты да, ауыз-мұрындардан көтерілген көмірқышқыл және шарам иісін ұдай толқыған мұңды үн ығыстыра бастады. М.Қаб.
БАЛАҢ ЖҮЗ (ӨҢ)
Албырт, жас, балғын келбет. ~ Мәселен, Сіз өзіңіз сүйіп оқитын төрт–бес ақынның атын атап беріңізші. Ал, мен санап тұрайын. Қане – Бағиланың санауға дайындалып қолын көтергені, өзіне бейкүнә балаң жүзбен тесіле де сынай қараған, күлкіге толы қарақаттай мөлдір жанары жігітті абдыратып тастады. Д.Ис. ~ Хансұлу жігітке көзін төңкеріп бір шекесінен қарады. Күлімсіреп жігіттің Ай сәулесі түсіп тұрған қиық мұртты балаң жүзіне шамалы назар ірікті. С.Ел. ~ Тірлік мейілінше шаршатқан қарт сарбаз талай асаудың жалына жабысып, бүгін де қаламнан жауыр болған сіңірлі сірі қолдарын ақын інісіне ұсына берді. Гүл-гүл жайнаған балаң өңі баяғыдай кірсіз, жылы, тереңдік ұялатқан мейірлі жанардың өтінішінен аттап өте алмасын білді. Ж.Шәк.
БАЛАҢ ЖІГІТ
Албырт жас, кемеліне келмеген жас өспірім. ~ Баяғы қалпы, әлі толмаған — сұңғақ та талдырмаш, бетінің сирек секпілі бар, қызыл шырайлы балаң жігіт. З.Шүк. ~ Сегіз сері Көтібар өлгеннен кейін Жайық өзеніне жол тартады да, Нарын құмында жасақ құрып көтеріліске дайындалып жатқан Исатай, Махамбет тобын бетке алады. Ол Исатай, Махамбетпен алғаш рет 1833 жылдың жазында Қызылжар өңіріндегі Қоскөлге таяу жердегі Малдыбай аулындағы тойда танысқан еді. Ол кезде Сегіз серінің балаң жігіт шағы. Н.Әбу. ~ Савченконың еркек балалары әскерде. Мария деген бой жеткен қызы бар. Түнімен өлең айтып, көше қыдырып жүреді. Кейде қамбаға кіріп, өле жығылып жатқан балаң жігітке: — «Жүр! – дейді. – Бірге қыдырайық». Мейірбек көзге тығылған тәтті ұйқысын қимайды… Б.Тоғ. ~ Ауызғы бөлмеде, тырдай жалаңаш үш-төрт балаң жігіт кезек күтіп отыр екен. Мен де шешіне бастадым. Бір кезде менің атым аталды. Ішке кірдім; аппақ киінген өңшең дәрігерлер. Т.Бер.
БАЛАНЫҢ БАҒЫМЫ, БАЙДЫҢ БАБЫ
Әйел баласының үй-ішіндегі таусылмас шаруасы, әдеткі тірлігі. ~ Азғантай жалақымен үш бірдей жанды асырай алмаған соң ол да КазГУде, журфакте қызмет істеді. Ертесімен кетеді, кешкісін жығылып-сүрініп жетеді, арасында дайындайтын ас-суы бар, баланың бағымы, байдың бабы дегендей қолды-аяққа тұрмай жүгіреді де жүреді. Қ.Ысқ.
БАЛАМҰРТ КӨҢІЛ
Аңғал, балауса, жас көңіл. ~ Алғаш Еспер Алматыға сол жақты бір көріп қайту үшін аттанады. Онысы жастығынан, алабұртқан баламұрт көңілден туған өрепкі қиял болса керек-ті. Б.Қыд.
БАЛАЛЫҒЫ ҰСТАП КЕТТІ
~ Күнікейдің балалығы ұстап кетті: бозторғайша аспанда, қызыл гүлді, алтын күнді мадақтап əн салғысы келді. Ж.Айм. ~ Ши бұты сидаңдап зытып бара жатады. Сүлкейдің де ондайда балалығы ұстап кетіп, жалаң аяқтанып алып, құм бетімен ал кеп қуады. С.Ел.
БАЛАҚТАН ТАРТҚАН ИТТІ ТӨСКЕ ШЫҒАРМАДЫ
Шәуілдек итше аяқтан алған сүмелектің бетін қайтарды д.м. ~ Балақтан тартқан итті төске шығармай, осы жолы Тұрсынның сүйегіне таңба салса, ел бетіне қалай қарар екен деп, көңілі толқып, шамырқанып қояды. Б.Тоғ.
БАЛАҚТАН АЛЫП, БАСҚА ШАПТЫ (БОЙҒА ҚАРҒЫДЫ)
Қастық ойлады, шамасына қарамай, басынды. ~ Ой, Нұреке-ай, ақырын жүріп, анық басу дегенді білмейсің-ау! — деді ашуды әзілге жеңдіргісі келгендей. — Сен-ақ «ақырын жүріп, анық бас!» Көшедегі көрінген ит балақтан алып, басқа шауып жатса — қалай ақырын басасың! Б.Тоғ. ~ Айдаладағы айдаһар іні Көрдің бе бекет сарайды, Балақтан алап бойға қарғыды Інінен шықса – жалмайды, Сардар! К.Мырз.
БАЛАҚТАН АЛДЫ
Қасастық жасады, аяқтан шалды. ~ Көкіректі керген үміт, лепті сезім бір сәтте бұрқ етіп жарылып, дала үстінде шырақша лаулап тұрған тамаша шаң! Бұқара халық орасан зор бейнет, михнатпен белін жазып көтеріліп келе жатты. Қарсы күш балақтан алғанымен, бәрібір табан астына түсіп қалған, тынысы санаулы. М.Қаб. ~ Қызғаныш – қызыл ит Жалақтап, алақтап қориды күні-түн. Шынайы, құдайы дарын да Көз қырын салмайды Сері тым. Далақтап, балақтан алады шәуілдеп, Сенімсіз… Алыспай, жұлыспай, ботагөз уайым қарайды тек үнсіз. Б.Раис.

