БАЙЛАМҒА КЕЛДІ

Ойын қорытты, әлдебір шешімге тоқтады. ~ Қанат ойын өзінің туған әкесі Мәдиярға да, Айдынбайға да айта алмады. Дегенмен, іштей осы байламға келген. Т.Рыск. ~ «Олай болса дұрыс екен, сөйлесейік» деген байламға келіп Хасен екеуміз сол күні кешкілікте Бибі жеңгейдің үйіне келдік. C.Бег. ~ Бір күн өтті, екі күн өтті. Үшінші күні «жаттығудан кейін барамын!» деген берік байламға келді. М.Кәрім.

БАЙЛАМҒА КЕЛДІ Read More

БАЙБАЛАМ САЛДЫ

Жан даусы шығып, азар да безер болды; дау шығарды.
~ Жүрейін деп еді, жеңгесі: — Бармашы, тетелес! — деп байбалам салып, кәне жіберсінші. Қартқожа дауысқа қарай барам деп бұлқынады. Ж.Айм. ~ Үш ұлы барлар бірін береді, екеуі қалады. Қабаққан дейтін адам екі ұлының бірін беріп, бірі қалған екен, кісі беру нәубеті айналып қайта келгенде, кемпірі байбалам салады. Ғ. Біл. ~ Мұндайда, әрине, әйелдің көз жасы батыр. Жылап-сықтап байбалам салды-ай кеп! Т.Берд. ~ Сонда да қырылдап кеберсіген тамағын мұжиған, малтақ саусақтарымен тырналай жүріп, ауыз жаппай байбалам салып бақты. Е.Мұх. ~ «Ойбу, олай болса еңбегім желге кетіп, несіне арам тер болам?» – деп, бұл да бастықтарға байбалам салған. Ә.Асқ. ~ Әйел байғұстың елді көшіріп байбаламға салып жүргені сол екен. О.Сәрс.

БАЙБАЛАМ САЛДЫ Read More

БАЗЫНА СӨЗ

Өзімсіне айтылған тілек, қолқа. ~ Бұрын Қызылбикені тек жұмыс, іс жайынан ғана сөйлесетін, еркекке сүйкімі жоқ, салқын əйел деп ойлаушы еді. Бұ жолғы назды, нəзік, жатық, жастық базына сөздері ол ойын жойды: Қызылбикеге разы боп кетіп: – Не де болса, сенің айтқаныңа көндім, сен жеңдің, – деп қолын ұстады. Ж.Айм. ~ Бiз аулыңа қайта айналып жеткенше қос құсымның алыс сапар ұшпасына уәде берер ме едiң, замандас? – деп, бұл кешелi- бергi көкейге кептелген түпкi арманын базына сөзге балап, оңай жеткiзген. К.Сег.

БАЗЫНА СӨЗ Read More

БАЗЫНА ЖҮРМЕЙДІ

Мінезі ауыр, анау-мынау өкпе-назыңды көтере бермейді д.м. ~ Басында бәріміз де сөйткенбіз, — дедім мен күлкім тыйылғаннан кейін. — Бірақ Бауыржанға базына жүрмейді. Ә.Нұрш.

БАЗЫНА ЖҮРМЕЙДІ Read More

БАЗЫНА ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Сөзіңе құлақ асатын, жақындығы бар адамға айтылған тілек, өтініш, наз туралы. ~ Еліне ән-жырыңды базына етіп барғанда жіберсе ше жазым етіп? Б.Тоғ. ~ Қартайған Қожаберген айтты дерсің Барғанда сәлем бере базына қып, Төрінде кәрі тарлан жатты дерсің, Өткенді ертегі — жыр қазына ғып. Н.Әбу. ~ Петькаға достығымызды базына ғып: − Олай болса маған орыс тілін үйретсеңші, ең болмаса сол кітапты оқиын,- дедім. С.Мұр.

БАЗЫНА ЕТТІ (ҚЫЛДЫ) Read More

БАЗЫНА АЙТТЫ

Жақын адамына өзімсіне өтініш қылды, назын білдірді, қолқа салды. ~ … өзi де балдыздың базына айтарын сездiргендей жанындағыларға қарап, көзiн қысып қойған Сайын төре басқаша бiр қияға қарай сөзiн бұрған. К.Сег. ~ Аттансаңыз жолыңызды бөгеу қызға жараспайтын қылық. Бiр базына айтсам, қабыл аларсыз ба? – Базынаңа тұрдым, Шәйлiжан. К.Сег.

БАЗЫНА АЙТТЫ Read More

БАЗАРЫ ТАРҚАДЫ

Қызығы кетті, жақсы күндері артта қалды. ~ Бұрынғыдай емес, жанының жарақаты жазылған, басы қисапсыз сұрақтардан қаңырап босаған, көңілі де құсы қайтып, базары тарқаған көл секілді тыншу. О.Бөк. ~ Жаздың базары тарқап, табиғат-ана жер бетін сыпырып-сиырып, тазартып алғысы келгендей желдете ысқырады. Ү.Жлк. ~ Ақтоқтының да көктем базары тарқап, көңіліне жалбыр бұлтты, ызғарлы күз түскендей қамығып, «не болса да, енді осы әурешілік тез бітсе екен» деп өмірден, қызықтан торыға берді. С.Жүн. ~ Әйел көңіліне желік кірсе, әлдекіммен әуейіленсе тірек тапқаны, «сенің базарың тарқап», қызығың таусылғаны. М.Сүнд. ~ Сәмбіл талдай солқылдаған арулардың жанарыңды жаулап алатын бұрынғы ажары азып, базары тарқаған. С.Дос.

БАЗАРЫ ТАРҚАДЫ Read More

БАЗАРЫ КӨТЕРІЛДІ

Қадірі өсті, құны артты. ~ Бейсембі. Олар 11 старшыннан — 2 старшын Жәрке, 3 старшын Бәйке, 5 старшын Қоскені алдық деп отыр. Ендігі майданның үлкені осы өздеріңнің алтыншыларыңда болады, Әбділдәнің базары көтеріліп тұр. Алтыншы жеңіп берсе, ол шарыққа шықты. М.Әу.

БАЗАРЫ КӨТЕРІЛДІ Read More