Бар дүниесі, қуанышы мен бақыты, өмір мәнісі. ~ Әйелдің байлығы мен шайлығы — адалдық, содан соң жарын сүю мен түсінуі. М.Қаб. ~ Ықылым замандардан бері таққа талас бір туған ағайындарды да араздастырып, бауырларды бөтен етіп, басқаларын жауыздыққа дейін итермелемеп пе еді?! Ал, қазіргі күннің бағы да, тағы да, байлығы мен шайлығы да- лауазымды қызмет, атақ… М.Бақ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАЙЛАУЫН ТАПТЫ
Қалауына қол жеткізді. ~ Сөйлеймін ойым жүйрік, сана барда, Байлауын көңіл шіркін таба алар ма? Б.Тоғ.
БАЙЛАУЫН АЙТТЫ
Шешімін айтты, үкім шығарды, пікірін жеткізді. ~ Ашу қысқан ол сөйлесе даусы қалтырап кететінін сезіп, үндемей құтылмақ боп, тысқа шығуға ыңғайланғанда, бар құбылысты бағанадан бері бағып отырған әкесі де өз байлауын айтып қалды. Т.Әл.
БАЙЛАУЫ ЖОҚ
Тиянақсыз, құбылмалы, бірде олай, бірде бұлай. ~ Көңіл, күнгірт ескіліктің Солар сырлы ертегісі, Байлауы жоқ сағым түсі, Қауіп, болжал, талқы, өсектің, Я бір мылжың ертек арты, Я жас қыздың жазған хаты. І.Жанс. ~ Өтеді бәрі, елеске ұқсап өтеді, Байлауы жоқ, белгісіз тұрақ, мекені. Қ.Бұғ. ~ Сөзге тым ширақсың, іске қалайсың деп мен тұрдым. Әлде сенікі тақылдаған тіл ме екен. Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық. Б.Қыд.
БАЙЛАУЛЫ ТҮЙІН ШЫҚПАДЫ
Бір шешімге, үзілді-кесілді қорытындыға келмеді. ~ Ақсақалдың өшті-қасты кісілерін қылға тізіп, он-он беске апарып, біреуі үй – деп, біреуі бүй – деп жорығанмен, байлаулы түйін шықпады. Ж.Айм.
БАЙЛАУЛЫ СӨЗ
Тиянақты ой; қорытынды пікір; уәделі сөз. ~ Қысқасы, енді бір жұма орайында Семейдің ар жақ, бер жағы және толып жатқан жақын елдер, жатақ ауылдары мүфтиге қосылу туралы байлаулы сөзін айтатын кез жетіп еді. М.Әу. ~ Болыс әлі де үндеген жоқ. Ойланғандай, байлаулы сөзді айтпай, іркілген сияқты ма, болмаса, бір талай уақыт күдіктендіріп барып, қымбаттап түспек пе, үй іші түгелімен Бақтығұлға жылы шыраймен қарап, тілегін беруге қарсы емес сияқтанса да, болыс бұл түнде еш нәрсені байлаған жоқ та, Бақтығұлдың сөзін әзірше шешусіз қалдырғандай қылып, жауап берген жоқ. М.Әу.
БАЙЛАУҒА КӨНБЕС ДОҢЫЗ, АЙДАУҒА КӨНБЕС БӨРІДЕЙ
Жөн сөзге құлақ аспайтын кертартпа, қырсық адам туралы. ~ Жөн сөз айтып, жөндем жол көрсетiп тұрған кiнәсiз жанды мықтымсып тарпа бас салған сен емеспiсiң жаңағы?! «Байлауға көнбес доңыз, айдауға көнбес бөрiдей» ойланбай от шығардың. Құн төлегiң келмесе, құдайдан сол жiгiттiң шыбын жанының қалуын тiле, – деген ол бар зiлiн жасырмай. К.Сег.
БАЙЛАУ ЖАСАДЫ
Шешімге келді, бел буды. ~ Оспан бөгелместен байлауын жасап: — Жәміш! Менің де айтқалы отырғаным осы еді. Енді сөзіміздің байлауы осы болсын, сен — менікі, мен сенікі! — деді. М.Әу.
БАЙЛАНЫП ҚАЛДЫ
Шыға (жүре, кете) алмай қалды, кідіріп қалды; жабысып қалғандай болды. ~ Осы бір сұмдық көріністен басым айналып, кейде тіпті көзім қарауытса да, байланып қалғандай кете алмай тұрмын, қарауға қорықсам да қарамай кетпей тұра алмаймын. Т.Ахт. ~ Онсыз да төбелесу ойында жоқ, әйтеуір басын қорғамақ Қанат жан-жақтан тарыс байланып қалған соң, ұлттық намысы тапалып, жан ашуы қабындаған Марат аясын ба, ал келіп соқты, ал келіп тырнады, ал келіп жұлды. М.Мағ. ~ Тек осы арадан көшу керек. Ол тегі осы бір құдай да ұмытып кеткен жерге шынжырмен мәңгі-бақи байланып қалған жоқ қой. Ш.Айт.
БАЙЛАНБАҒАН ҚҰЛЫНДАЙ
Ерке, бұла өскен бала туралы. ~ Гүлназым оның пәруәнә бола ойнақтап жүгірген қимылына қарап «байланбаған құлындай…» дейтін сөзді еске алған. Ж.Ахм.

