Ғұмырының көбі өтіп, азы қалған адам туралы. ~ Өмірдің мән- мағынасы қосу мен алу екеніне осылай көзі жетті. Шүкір, өзі жер ортасынан асты, базардан қайтты. Қ.Түм. ~ Кей күндері кемпір екеуі қатар-қатар жайғасқан кино кино көрерменінше ауа сыртындағы кеңістікке телмірген күйде алақандарын тізелеріне қойып күн ұзақ отырады. Зейнеткер қария мен мектеп жасына жетпеген бала бұдан басқа не істемек? (Кейін ойласа, ол бір базардан қайтқан, бірі о жаққа енді ғана бет түзеген екі адамның дәл жолдары түйіскен тұсы екен). М.Мұқ. ~ Дүние шіркін бір қалыпта тұрмайды ғой. Буын ауысады, кәрінің орнын жас ұрпақ басады. «Көп жасаған кәрінің құрдасы қалмайды» дегендей, ойлап отырсам, біздің де қатарымыз сиреп қалған екен – ау… Біз базардан қайттық, сендер ентелеп енді келе жатырсыңдар. Мәңгі тарқамайтын өмір базары деген осы! — деп сол жүдеу тартып, көкірегін қарс айыра күрсінді. Қ.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАЗАРҒА САЛДЫ
Саудаға түсірді; әлдебір затын не жеке басының әлдебір қасиетін тиімді пайдалануға тырысты, өткізбек болды; құнын бағамдады, жақсы-жаманын айырды. ~ Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс- тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін- өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. Абай. ~ Әркім барын базарға салып, мал таппақ, күнелтпек қой. Шәкет те көзін сатып күлгірленіп отырғаны — күнелтудің карасы. Ж.Айм. ~ Сен неге жатырсың? — Ат ұрладым. Ишим уезінен ат ұрлап әкеліп, базарға салып тұрған жерден ұстап алды. М.Дәул. ~ Жаман болсам шөпірліктен қуыңыз. Екі қолға бір жұмыс табылады. Ал мені жақсы, жаман деп осы қазір базарға салмақсыздар ма?! Бағамды асырын, не жасырмай- ақ қойыңдар. М.Сүн.
БАЗАР ШЫҚТЫ
Керегін іздеп, базар аралады. ~ Шешесі қыз жасауын дайындаумен, қат-қат көрпе-төсек, ондаған пар киім-кешек тігумен ұзақ күнді кеш қылса, әкесі қыс ортасы ауа сонау Ойдағы Бесқалаға (қарақалпақ қалалары) базар шығатын болды. С.Ел.
БАЗАР НАРҚЫ
Тауардың базардағы құны. ~ Атына сөйлесіп көріп едім, «Базар нарқынан артық сұрамайын. Өзің көріп тұрсың, бірнеше адам қызығып келіп, мінезінен тайқып кетті», деп атының сырын айтты. С.Бег. ~ Е-е, базардағы еттің көтерілуі де содан екен ғой, – деп Қарасай базар нарқын естігенше асыға түсті. С.Жүн. ~ Әсіресе, Итекенің қаратікен тұзы базардың нарқын көтеріп тұрған. Дәмі күшті, әрі жалт-жұлт етеді. Б.Тоғ.
БАЗАР ҚУАЛАДЫ
Сауда-саттықпен айналысты. ~ Бала — шаға уайымы арадай анталаған соң, біразы базар қуалап, сауда- саттыққа бой ұрды. Ә.Асқ.
БАЗ КЕШТІ
а) Түңілді, күдер үзді; тіршіліктен безді, тентіреп кетті. ~ Ата-баба дәстүрінен баз кешуге айналдық. И.Сап. ~ Шәріпханның ойынша, мен осының бәрінен баз кешіп, мақұлдық білдіруім керек пе?! Ж.Шәк. ~ … ұзақ ғұмырдан еңбегім – еш, тұзым – сор күйде баз кешіп бара жатқан менің жаным тыншу табар деп пе едің?.. К.Сег. ~ Біреулер алақанда аяланып, майға оралып өссе дүниеде өз басы ғана еркін, ерке болып жаратылғандай асқақтап ойына не келсе соны істейді де, басына болымсыз іс түскенде күрт түсіп, тірі тозақты бір ғана өзі тартқандай күйгелектеніп, жалғанның жарығынан баз кешеді. Ш. Рах.
ә) Өмірден өтті, қайтыс болды. ~ Әрине, Әлімқұлов жас кезінде өмірге құштар жан болатын. Серілік те құрды. Кейін дүниеден баз кешті. С.Шай. ~ Баз кештің бе, әке?! Жан тапсырдың ба, жазатайымда, Бітпес демі жоқ мәңгі ешкімнің де, Кетті ме арман аза бойында. К.Мырз.
БАЗ БІРЕУЛЕРДЕЙ
Әлдекімдерге ұқсап. ~ Шынға бақса, бұны есейткен, ес жиғызған сол екі жыл емес пе? Ол жерден Шеге баз біреулердей тауы шағылып, тауаны қайтып оралған жоқ, қайта ширығып, шыңдалып оралды. С.Ел.
БАЗ (БАҒЗЫ) БІРЕУ
Әлдебір адам, көлденең біреу, әлде біреу. ~ Иттің үргенінің бәрі ұрсып – боқтағаны емес шығар. Бәлкім, Айды жақсы көргеннен шәуілдейтін шығар. Өйткені баз біреуі шәуілдің соның қыңсылап, еркелегендей, Ай арқасынан сипалағандай ыңырсып барып бітіреді. Қ.Ысқ. ~ Арақ дегенді әркім әр түрлі ішеді. Бұл «тентек су»— ауызына тигенде әркім өзінше жаңа мінез ашады Біреу көпіріп, лепіріп кетеді. Біреу, керісінше, тілім жұтқандай тым-тырыс дыбыссыз монтаны күйге түседі. Баз біреу бурадай шабынып, екі иығын жұлып жеп құтырынып шыға келеді. С.Ел. ~ Осы ойлар жанына батса да, сыртқа сездірмеді. Бақ-талайынан көрер. Баз біреулердің қызы бөтен ұлттың баласын бағып, түтінін түтетіп жатыр деп естиді. Ү.Жлк.~ Баз біреулер жазып жүргендей майда-шүйде емес, біреуден өш алудың ауылы да алыс, нағыз бүгінгі күннің проблемасы. С.Им. ~ Тіпті алыпсатарлар да кездеседі. Олардың кейбіреуінде сататын құлдары бір екеуден болса, баз біреулерінде жиырма-отыздан асады. АҚ «Арпалыспен өткен …» ~ … «япырмай, шынында да мынау — шаруаға әбден мойынұсынған жігіт болды, бағзы біреу басшылардың көзіне көрінгісі келіп көлбеңдеп жүрер еді» — деп, парторгтың да іші жылып қалған. Б.Тоғ.
БАЖАЙЛАП АЙТТЫ
Тәптіштеп, егжейін-тегжейіне дейін әңгімеледі; нақышына келтіре айтты. ~ Өзі бір әңгімені айтуға кіріссе, өте әдемілеп, бажайлап айтады. С.Сей. ~ Екі айдан бері хат жоқ деп қамығады. Шешесі мен екеуі ғана. Хатта аса бажайлап айтпағанмен, тылдың хәлі ауырлаған сияқты. К.Қаз. ~ Білмегенде ше… Алғашқы күні-ақ білгеміз… Командир штаб мүшелерін жинап алып, барлық тарихыңды бажайлап айтқан. М.Қаб.
БАЖАЙЛАЙ (БАЖАЙЛАП) ҚАРАДЫ
Шұқшия, анықтап көз салды, тереңірек ұғынды. ~ «Иә,— деді кемпір терең күрсініп, Маған бажайлай карады.— Тілің таза екен. Осы сен шалақазақтар ішіндегі таза қазағы болып жүрме». «Рас»,— дедім. М.Мағ. ~ Сол жолы Секең: «бажайлап қарасаң, оң жақ шекесiнде екi елiдей көлденең тыртық бар» деген. Т.Сәу. ~ Бажайлап қарасаң, дәл осы шақта екі жақтікі де дұрыс сияқты. БАҚ

