Қызуы қайтты, қарқыны кеміді. ~ Ақ көбік болып терлеген қос қарекер құтырына жұлқып тартқан әпігі басылып, бағанағыдай емес. О.Бөк. ~ Артиллериялық ұзақ атқылаудан кейін барып әйелдің әпігі әзер басылғандай болды. Гаубицаның толассыз төмпештеуінен есеңгіреп қалдым. Т.Сәу. ~ «Жүре берсін, бізге керегі осындай қазақтар шығар». Әпігі басылып, есін жинаған соң анау Қисық хан моласы жатқан төбеден асып, қоңыр өгізге мінгесіп ұзап кеткен Көкебай мен ұлының соңынан көз талдыра ұзақ қарады. О.Бөк. ~ Май құйрықты қорғасын оқ анадағы бір сүйкеп өткеннен кейін Байжанның әпігі басылған. Т.Сәу. ~ Өстіп тұрғанда адамның әпігі басылады, жайма-шуақ қалыпқа келіп, салиқалы, сабырлы әңгімені қоздата бастайды. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘПІ-ШӘПІСІ ШЫҚТЫ
Дегбірі қашып, әуре-сарсаңға түсті. ~ Соның бәрінде де қолына қалам ұстаса болды, қара терге түседі. Сосын ұйқысы келеді. Сосын есінеп, әпі-шәпісі шығады да, қолын бір сілтеп тұрып кетеді. Ә.Нұрп. ~ Бұл өзі ұлық алдына барғанда әрқашан ойындағы сөзін айта алмай, бір қызарып, бір бозарып әпі-шәпісі шығушы еді. Ә.Нұрп.
ӘПЕРБАҚАН ҰР ДА ЖЫҚ
Шәлкес мінезді, даңғой, шаш ал десе бас алатын адам туралы. ~ Заманында ондай «ұр да жық» әпербақан бастықтар болды. Б.Қыд. ~ Ең өкініштісі, Қасымхан ұрпақтары үрім-бұтағымен “әпербақан ұрда-жық” солақай саясат салдарынан ұзақ жылдар бойы қудалауға түсіп, қазіргі Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарына, тіпті көршілес Қырғыз Республикасына қоныс аударуға мәжбүр болды. БАҚ
ӘПЕРБАҚАН САЛ СОЙЫЛ
Шаш ал десе бас алатын қызыл көз пәле. ~ Ұр да жық урядник бастаған әпербақан сал сойыл солдаттар ай-шайға қаратпастан Мергеннің қолын байлап, үйден сүйреп шығарды. БАҚ.
ӘП ДЕГЕННЕН
Салған жерден, бірден. ~ Талант па, талапкер ме? Мұны әп дегеннен айыра қою да қиын болар. Әйткенмен, теңіздің тамшысынан да, бәрібір теңіз иісі шығары хақ. Ж.Нәж. ~ Жоқтыққа ердің ері шыдайды. Ез маңайын былғайды. Сен ерсің. Кіндік қаның қырға тамса да қалада өсіп, қалада ер жеттің. Қалада күн кешіп жүрсің. Ауылдың сөзі қалаға жүрмейді. Қарашаш қарғам кінәсіз демейміз. Ауылда өскен қыз баланың сыры жер астында, әп дегеннен ашылып, ағынан жарылмайды. М.Қаб. ~ Араластырып ішем деп оңбай қалды. «Армяның» мен «Наполеоның» қосылса, пәле екен ғой, менің де басымды дыңылдатып отыр. Екеуміз сияқты сақтанған жоқ, аңқау байқұс әп дегеннен тартып-тартып жіберді емес пе. Т.Сәу.
ӘП БӘРЕКЕЛДІ
Бір нәрсеге ризашылық білдіріп, сүйінгенде айтылатын одағай сөз. ~ Енді тағы біреуі жетіп қалған екен, алғашқы шабандоз көкпарды көлегейлеп бұрыла берді. Нақ бір қуғыншыларды мазақтап жүргендей талай рет тақырға отырғызып та үлгерді. Аққұл сондай әр кезеңде жаны рахаттанып «әп бәрекелде, әп бәрекелде!» — деп тұр. Б.Мом.
ӘП БӘСЕ!
«Солай болуы керек еді ғой» д.м. ~ Үлпершегім менің, ағаларыңа заманының асын бере ғой. Осы үйді өртеп кетем десең де сенің қолыңнан тартармын ба бүгін? — деді Күлжәмила баласының ыңғайын сезіп. — Әп бәсе, шіркін, бұрынғының адамдары-ай… К.Қаз. ~ Елтай жымиды. — Алдияр тақсыр, жаздық, жаңылдық. — Әп бәсе! М.Қаб. ~ Әр адам ауа райы туралы бір-бір жорамал: «Биыл доңыз жылы, баяғы заманда қойшы атаулыны ақ сирақ қылып, ел ақтатып жіберетін, қатын-қалаш, бала-шаға қара қазан түбіне қарап қалатын жұт доңыз!» «Әп, бәсе, бет қаратпай қақырауы жаман!» М.Қаб.
ӘП БӘЛЕМ
Табалау, мазақ ету, «өзіңе де сол керек» д.м. ~ Машина амалсыздан кілт бөгеледі. Өкшелеп қуып келе жатқан қою шақ сол кезде әп бәлем дегендей, үстімізден басып қалады. Б.Соқ. ~ Айда Алматыға барған соң «Ара» журналының бір бетіне директорды сынап, суретті жариялап бұрқ еткіздім! Әп, бәлем, көрдің бе? Айтқанды істемеген қандай болады екен! Ә.Ысқ. ~ Жорға қуғыншылардан алыстай берді. «Әп, бәлем, енді жетіп көр!» деп Тоқтар тақымын қыса түсті. Б.Тоғ.
ӘП-СӘТКЕ ЖЕТКІЗБЕДІ
Заматта, ә дегенше. ~ Маған еріңіздерші. Ісек те, тұсақ та, ту саулық, құнан қой да бар. Құйрығы қара қазандай,– десіп, еңгезердей екі жігіт естерін шығарды. Әйтеуір қойдың арық– семізін таңдауға келгенде, Дарқан мен Мәдиярдың қай– қайсысы болса да желіп тұр екен. Ыңғайлы жер табылса, әпсәтке жеткізбей сойып та тастар еді. Бірақ мынадай үлкен қаланың ұңғұл– шұңғұлына, жай– жапсарына әсіресе Мәдиярдың көзі жетпей, үдірейе қарап, үрпиіп қалған. Т.Рыск.
ӘҢКІ-ТӘҢКІСІН ШЫҒАРДЫ
Астан-кестен қылды, есін шығарды. ~ Жаңа бағдарлы өкімет түгілі, әбден қалыптасқан өкіметтің өзінің әңкі-тәңкісін шығаратын қылық еді ғой ол. Қ.Ерг. ~ Содан соң, Бегей біздің əңкі-тəңкімізді шығарды. «Оқытушыны оқушыларының алдында жығып берем дегендерің не масқара!» З.Қаб. ~ Асылбектің қайтыс болған бірінші әйелінен қалған үрпек бас сары бала Жамаш, әкесі жоқта әріптестерін ертіп келіп, опыр-топыр ойнап, үйдің әңкі-тәңкісін шығарып кетеді. Т.Әл.

