ӘМІР БЕРДІ

Бұйырды. ~ Сен колхоздың катеріне ау-құралды тиеуге әмір бердің. Кейінге қалдырмай, сол күні алдын кештете жүріп кететін болғасын балықшылар жанталасып жол қамына кірісті. Ә.Нұрп. ~ Ол босқындарды әскер жайғасқан алқапқа жолатпай бір жағы-ақар-шақар тау, екінші жағы-доғаша иіліп, орағытып ағып жатқан жойқын өзеннің ортасындағы тығырық тар түбекке иіріп қамай тұруға әмір берді. Ә.Кек.

ӘМІР БЕРДІ Read More

ӘЛТЕК-ТӘЛТЕК БАСТЫ

Әбден шаршап, болдырып, аяғын әзер басып, тәлтіректеді.
~ Ұлбанудың бiр сөзi де құлағына кiрiп жатқан жоқ. Аяғын әлтек-тәлтек басып кеп жатақхананың қарсы бетiнде артқы есiгi айқара ашық тұрған қара «Волгаға» мiнгенiн бiледi. Т.Сәу.

ӘЛТЕК-ТӘЛТЕК БАСТЫ Read More

ӘЛПЕШТЕП ӨСІРДІ

Алақанына салып, мәпелеп өсірді; бағып-қақты. ~ Өйткені соғыста жазықсыз жауынгерлерді, әркімнің әлпештеп өсірген өрімдей ұлдарын қанша көп қырсаң, соншалықты атағың асса, жай өмірде жай әншейін көкірегінде жаны бар жалба тонды қайыршыға істеген сәл әділетсіздігің абыройыңды айрандай төгеді. Ә.Кек. ~ Әлпештеп өсірген екі баланың екеуі де көзге күйік болды. Т.Сәу.

ӘЛПЕШТЕП ӨСІРДІ Read More

ӘЛІПТІҢ АРТЫН (АҚЫРЫН, АЯҒЫН) БАҚТЫ (КҮТТІ)

Жағдай не болатынын аңдады; артын күтті. ~ Асқардың ашуы алқымына келіп қап еді: «әліптің артын бағайын» деді ішінен. С.Мұқ. ~ Бірақ, бұның үндей қоятын түрін көрмегесін: – Әліптің артын бағайық,– деп, бұл үшін де жауапты өзі берді де, шығып кетті. Ә.Нұрп. ~ Және бұл шаруаны екі–үш күннің ішінде жасайсыңдар. Содан кейін әліптің артын бағып, тұра тұрыңдар, дәл бұлай боп кете бермес… Т.Әл. ~ Бүгін басқарманың егін басында бұлармен бірге жүрісінің тегін емес екенін іші сезіп, әліптің ақырын күтті. О.Сәр ~ Әбсаттар әліптің аяғын күтті. О.Сәр.

ӘЛІПТІҢ АРТЫН (АҚЫРЫН, АЯҒЫН) БАҚТЫ (КҮТТІ) Read More

ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙДІ

Надан, сауатсыз. ~ Әліпті таяқ деп білмейтін Ділдабай өзінен де надан біреудің табылғанына қуанғандай: ─ Әй, сана жоқ–ау сенде, сана жоқ, – деді оған кеңкілдей күліп. Т.Әбд. ~ Бұқпан отағасының өзі әліпті таяқ деп білмейтін надан адам. М.Дәу. ~ Тұнықтың балалары арыз жазыпты дегенге ол өлгенше таңғалды. — Олар тұқымымен әліпті таяқ деп білмейді. Бәкен — солардың жиені. Арызды сол жазып берген ғой, — деп Жомарт бірден дөп басты. Б.Нұр.

ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙДІ Read More

ӘЛІП БОП ТҮСТІ

Сеспей қатты. ~ Мүгедек ақсақ қасқыр қара үзіп ұзай алмай, қарулы, әдісқой Шәкейдің қақ сойылымен тұмсықтан бір ұрғанынан қалмай, әліп боп түскен. С.Жүн.

ӘЛІП БОП ТҮСТІ Read More

ӘЛІҢДІ БІЛ

Шамаңа қара деген мағынада. ~ Аяз әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл. М-Мәт. ~ Әліңді біл деп асқынбай. Тіріңде тура болыңдар, Дәреже менен дәулетке, Өзіңді-өзің мас қылмай. Т.Ізт.

ӘЛІҢДІ БІЛ Read More

ӘЛІНЕН АСТЫ

Дандайсыды, кеудесіне нан пісті. ~ Айтқанда нені айтушы ек! Бұл сығыр әлінен әбден асты ғой, — деп отырып, бағанадан тырс етпей тынған суық адам өз ішіндегі зіл — ызасымен түнеріп алды: — Шешіп көрсетші, жота терісінен таспа алып қоя беріпті! Ж.Ахм. ~ Асан атаң міне осыларды айтты. Замана шортандары әлінен асып, қарағай басында жүр. Олар осылайша табиғат ананы, ешкімге тәуелді болып көрмеген еркін мекеннің шамына тиер болса жер атты мекендерің жалғыз-ақ күнде күлге айналады. Ж.Шәк. ~ Мылтық шықса оқ-дәрісін жоқтайды. «Жоқ еді, таусылып еді, біреуге беріп ем, сатып жіберген едім» дегеніңе сенбейді. Дүреге жатқызады. Кеудесіне нан піскен мынау сонакөз пристав әлінен асып, қазақ әйеліне қырындапты. Қорқытып зорлық жасауға ұрыныпты. Ғ.Біл.

ӘЛІНЕН АСТЫ Read More

ӘЛІНЕ ҚАРАМАЙ

Шама-шарқын білмей, к…не қарамай. ~ Бұ да қызық. Әліне қарамай армандағаны — Хансұлу. Күн, түн демей көксегені -сол қыз. С.Ел. ~ Әліне қарамай есіріп кететінін қайтерсің. Ондайда «кедейдің етегіне бір уыс бидай салып берсең…» дейтін бейпіл ауыз мақал есіне түседі. Т.Сәук.

ӘЛІНЕ ҚАРАМАЙ Read More

ӘЛІМҰЛЫҚҚА ЖЕТТІ

Жетісті, ұшпаққа шықты. ~ Ә- ә, жазғыштарда қашан ақша болушы едi? Ала қағазды шимайлап, әлiмұлыққа жетемiн деп жүрмiсiңдер? — дедi де сыңғырлай, тоқтаусыз күлдi мәз- мажыра қалыпта. Ж.Шағ. ~ – Әнең қара, қырық жыл қаракөлдің соңында салпақтаған мен байғұстың қалағанымды әперіп, үлде мен бүлдеге орапсың–ау, жаман қатты, – деді де, ізінше даусында әлдеқандай аяушылық, шексіз мейірім сызаттанды. – Денсаулығыңды жоғалтқаннан өңге не таптың, бейшара–ау! Әтеңе нәлет, адам қой соңында жүріп әлімұлыққа жетпейді, ұшпаққа шықпайды. Ж.Шағ.~ «Лағынет атсын ондай сұмдық салтты! Қарғыс атқырлар–ай, кімнің асыл текті, кімнің қара сүйек екенін қайтіп анықтамақшысыңдар? – деп күбірледі. – Баяғыда ұмытылған жексұрын ғұрыпты қайта тірілткенде бұл қазақ әлімұлыққа жетіп, ұшпаққа шықпақшы ма?!» Ж.Шағ.

ӘЛІМҰЛЫҚҚА ЖЕТТІ Read More