Астан-кестені шықты. ~ Осындай әлем-тапырақ болған кезінде Қожамжар қопарыла көтерілген топырақтың астында көміліп қалды. О.Сәр. ~ Бұл разъезд күніне он шақтысы тоқтап жататын «товарнякті» дәл осылай, өмір-бақи қарсы алмаған шығар-ау. Ең алда — «ақсақал». Көңілі әлем тапырақ, көзінде жас! О.Бөк. ~ Мені, сірә, ұстама ауруы бар деп ойлады ма, қос қолымнан қарыстыра ұстап алды. Түсім адам шошырлық, әлем тапырық болса керек. Ш.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘЛЕККЕ ТҮСТІ
Әуре-сарсаң болып, мазадан айрылды. ~ Зайыбына хат жазу жайын ойлап, Исабеков түнімен толғанды. Дүниенің азабы екен, қағаз бетін сөзге айналдыру бір сәрі, сезімге көшіру қандай қиын. Ол әбден дағдарды, әлекке түсті. Ш.Айт.
ӘЛЕККЕ ТҮСТІ
Әуре-сарсаң болып, мазадан айрылды. ~ Зайыбына хат жазу жайын ойлап, Исабеков түнімен толғанды. Дүниенің азабы екен, қағаз бетін сөзге айналдыру бір сәрі, сезімге көшіру қандай қиын. Ол әбден дағдарды, әлекке түсті. Ш.Айт.
ӘЛЕККЕ САЛДЫ
Әуреледі. ~ Құмырсқа қыз шынымен таң, бөгде біреу болса, штраф салып, талонын тесіп әлекке салар еді ғой, қойқаң қаға, жолдың ана бетіне бір шығып, мына бетіне бір шығып, итсигек ойнағандай көлігін жүргізіп келе жатқан масаң жүргізушіні… Ш.Құм.
ӘЛЕКЕДЕЙ ЖАЛАНДЫ
Кез-келген жауға төтеп беруге бар; әлдебір іске қылшылдап сақадай сай тұр. ~ Түнгі жортуыл, аттың екпіні, қасындағы әлекедей жаланған қарулы кеп жолдас Қартқожаны желіктірді, қыздырды. Қайда бара жатқаны да есінен шығып кетті. Ж.Айм. ~ Дәрмен сықылды ерлері тұрғанда, Алабас сықылды таулары, гүл аңқып, масатыдай құлпырған жерлері тұрғанда, әлекедей жаланған жасөспірім жігіттері тұрғанда, қазақты ешбір жау ала алмайтындай көрді. Ж.Айм. ~ Ал бастарына ақ орамал тартып, жорға мiнген қырық-елу даяшы жiгiттер әлекедей жаланады. К.Сег. ~ Сөйтіп, міне енді базардамыз. Сататын нәрселеріміздің атын атап, қотара сатып алатын адам бар ма деп, хабарлап үлгергенімізше, әлекедей жаланған бірнешеу бізді қоршап та алды. Б.Соқп. ~ Ертеңінде қар да, бұлт та зымзия, әлекедей жаланған сары аяз ғана буып тұр. М.Қаб. ~ Өңкей әлекедей жаланған, «мен атайын, сен тұр» дейтін қарулы жігіттер жылқы ұрлаған жерден тың аттарды ауыстырып, ізге түскен. Бәрінің қабағы қатулы, ең қадірлі бабаларының асын беріп, құдай жолында ақ намазға ұйығандай болған керей жұртын басынып, малға қол сұққан белгісіз ұрыларды қуып жетсе, табан аузында жүндей түтетін ордалы қасқырлар сияқты. С.Жүн. ~ Тұмақтарының бауын жымырып байлап, ықшам киініп, шекпендерінің етегін белге қыстырып, немесе ышқырланып алған, әлекедей жаланып келген, «Іздегенге сұраған» ителгі көздің өздері болатұғын. Ат айылын төстеп тартып, анталаған қомағай
көзбен тойымсызданып, солар келіп жеткенде мұны көрген мол санды дүңгендер үдерісіп бұлардан өзгеше қимыл күткендей болысқан… Ж.Ахм. ~ Институтты жаңадан бітіріп келген, аққұбаша сұлу жүзі мен сымбатына, оймақ ауыз, күлімкөзіне жарастырып сәнді киініп, құйрық-жалы өріліп, кекіліне үкі тағылған бәйге атынша әлекендей жаланып, жұтынып тұрған, бәрімізге бірдей жылы қабақпен қарайтын мұғалім қыз білімді, ибалы, инабатты, жайдары, ашықжарқын. Ш.Рах.
ӘЛЕК САЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Әбігерге түсіріп, мазадан айырды; әуре-сарсаң қылды, итін шығарды. ~ «Бәріне сен кінәлісің!» деп Қара шалға кектенемін. Неге менің ішіме кіріп ап әлек салдың? Басқа адам құрып қалды ма? Т.Сәу. ~ Енді жұмыс бітті деп отырғанымызда Ақтан қу атқамінер-лерден топ жиып, осы келінді қатын үстіне аламын деп әлек салғанын білемісіңдер?.. Б.Май. ~ Бір кұм желі басында ойнақтап жүрген қысырдың тайын ұстап үйретіп бер, мінемін деп әлек салды емес пе. О.Бөк. ~ Осыған дейін бір ашып, бір жұмып әлек қылған сап-сары көз жанарын түгел көрсетті. Ә.Нұрп.
ӘЛЕК БОЛДЫ
Әуре-сарсаңға түсті, әбігерленіп қалды. ~ Тылдан жау күтпеген немістер колоннаны екі жүз метр жақындағанда ғана танып, деревняға ыдырап кеткен азғана күштерін қапелімде жинастыра алмай әлек болды. Т.Ахт. ~ … сақалын салалап отырған Рәт суға түскен мысықтай пысқырынып, табан асты өздерімен өздері әлек болды да кетті. Д.Ис.
ӘЛЕК-ШӘЛЕК БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Қатты әбігерленіп, әуре-сарсаңға түсті. ~ Деуін десе де, бірақ сонысына өзі өкінгендей аяқ астынан абыржып әлек-шәлек болды да, қолын қынжыла сілкіп орнынан тұрып кетті; сонда Бәкизат не дерге білмей, бауырына қысып алған қос тізесін құшақтап отырып қалған-ды. Ә.Нұрп. ~ Бір ол жуаз әңгіме жаздым деп көкірегім гимнастеркамды жырта көріп, көктемде тасыған шолақ сайдай күркіреп, шолтандап менің өзім қаншама әлек-шәлек болдым. Ә.Нұрп. ~ Тауық, қаздар қарқылдап, қаңқылдап әлек-шәлек боп қалды. Ж.Нәж. ~ Көбінесе қалың қара нөсер өзендерді тасытып, жиегінен шығарады. Маңындағы елдерді, жерлерді шайып, бүлдіріп әлек-шәлек қылады. А.Бай.
ӘЛЕК-ШӘЛЕГІ ШЫҚТЫ
Есі кетті, әбігер болды. ~ Қыздың жасы он алтыға келгесін-ақ қолы істе, көзі ат қазық жақта жүреді. Үйге жастау қонақ келсе қызарып, қуарып, өз-өзінен әлек-шәлегі шығады. Ж.Нәж. ~ Шіркінге жан керек екен, төргі бұрышқа бір-ақ барып жетті. Сүйеулі тұрған легенді құлатып, итті абалатып, ауланың әлек-шәлегін шығарды. Б.Соқ.
ӘЛЕЙ БОЛСЫН!
«Жол болсын!» деген тілекке айтылатын жауап. ~ Таныспадық. Жол болсын? – Әлей болсын. Атығаймын, жолаушылап келем. Ел жағыма бара жатырмын. С.Мұқ. ~ Е, жол болсын! — Әлей болсын. Қожық батыр жіберіп еді. Ұлпан бәйбішеге жолығып айтатын бір-екі ауыз сөзіміз бар. Ол кісі үлкен үйінде отыратын шығар? Ғ.Мүс. ~ Ал жолаушым әлей болсын, адасып жүрсің бе, әдейі жүрсің бе? Б.Жұм.

