Адал жолдан таю, ар-ұяттан айрылу. ~ Мұнымен ашқарақтықтың жолын кесіп, қанағаттың жолын ашам. Мұнымен әзәзілдің жолын кесіп, әулиенің жолын ашам», — деп жеті рет буып, жеті рет шешті. Ә.Кек. ~ Қоржынтайдың сыбырын есіткен сайын Злиханың денесі тітіркеніп сала береді «Менде нең бар, мен байымды, балаларымды тастап әзәзілдің жолына түсе алмаймын! » деп, үйінен қуып шыққысы да келеді. Б.Май.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӘЗӘЗІЛДЕЙ АЗҒЫРДЫ (АРБАДЫ)
Жын-сайтандай, арбауыштай азғырып, жолдан тайдырды.
~ Ол, міне, Әбілқайырдың көзін де әзәзілдей азғырып, жіберер емес. Быжынаған жұлдыздар бірінен-бірі өтіп жыпылық қағады. Бәрінің де бұл білмейтін бір жұмбағы бардай. Ә.Кек. ~ Есім ханның жүйе – жүйкесі босап барады. Иіп барады. «Ғұмыр – тірлік толарсақтан саз кешкен ұйқысыз, күлкісіз жортуыл емес екен – ау. Апырай, солай ма еді? Әзәзілдей азғырған мені күй ғой. Күйші ғой!.. С.См. ~ Бала ханзада қос жанарын әзәзілдей азғырып, алақтатып алып бара жатқан қос қапталдағы алабажақ қауымға зер салмауға тырысып, оқтау жұтқандай сіресіп бақты. Ә.Кек. ~ Бұл кереғарлық оршүттерге қиын екен, қай дүкенге барсаң да, екі түрлі көздері екі жаққа қисайып, сөредегі әзәзілдей арбаған шөлмектерге телміріп тұрғаны. Т.Сәу.
ӘЗЕР (АЗАР) ДЕГЕНДЕ
Әрең дегенде, зорға. ~ Қозбағар әзер дегенде сөйлей бастады. С.Ел. ~ Хан қамысты жанай шауып, Тарланкөгін әзер дегенде барып тоқтатты. І.Ес. ~ Ағайыншылықпен ушөскебайдың аузын басып, азар дегенде бетін әрмен қаратып жібердім, — деп төндіріп қойды. Қ.Ысқ.
ӘЗЕЛДЕН ӘДЕТІ
Ертеден дағды қылған, әдетке айналдырған іс-әрекеті, мінезі. ~ Жас көмген көз алды бұлдырап күміс толқын жүгірген ақ көделі, бозды, бидайықты жазықпен шошайып жалғыз келеді Хансұлу. Көкіректі қасірет қысқанда лай маң далаға мұңын шағу әзелден әдеті еді. Қазір солай… С.Ел.
ӘЗЕЛДЕ ЖАЗЫЛҒАН (ЖАЗҒАН, БҰЙЫРҒАН)
О бастан маңдайына жазылған (бұйырған) іс, тағдырдың жазмышы. ~ Бұл – Құдайдың жазуы, Өзгертпек пе жазуды?! «Анау көрім қазылған, Бұл әзелде жазылған»,– Де де, үндемей жүре бер! М.Жұм. ~ Бір жарқ ете қарағаннан жігіттердің жүрегін әуре-сарсаңға салатын Мария Терезаға талай мерген махаббат садағын кезеніп көрді, тек ешкім деп тигізе алмады. Енді тиді — ау дегенде, ол шетке тайсалып қалып, жебе ағашқа қадалды, не тасқа тиіп, күйреді, не босқа лағып кетті. Жүрек, сірә, әзелден бұйырғанын күтетін шығар. Міне, ол қазір тасадан шығып, қыз тағдырының ашық алаңына келіп түр. М.Кәр. ~ Жоқ, еркіммен дүниеде Болмас едім бөтендік. Жазса тағдыр әзелде… Қосса тәңірім: мен сендік… І.Жан. ~ Әзелде жазған пәрмені-ай! Тағы да сәлем айтайын. Қалың жатқан Сарымға, Бай менен жарлы көп жедім, Құдайдың берғен бағында. Шортанбай.
ӘЗ БОЛДЫ
Көрмей қалды, көзі соқыр болды. ~ Барлық денем сау, тек көзім әз боп қапты, — деді Балғын. С.Бақ.
ӘЗ (ӘЗІЗ) ТҰТТЫ
Қадірледі, құрмет тұтты, пір тұтты, әулие санады. ~ Бүркіттен «жын-шайтан» қашады деп қарағаны да анық. Бүркітті әз тұтып, балаларына Бүркіт деп ат қойғандар да кездеседі. Б. Жаб. ~ Қашанғы өзді-өзіңнен өш аласың? Қазекем, ойладың ба осы арасын? Ақын мен Атымтайға төрін беріп, Ақылды ел әз тұтпай ма босағасын?! И.Сап. ~ Қастерлеп, құрметтеді; ерекше қасиет иесіне балап, пір тұтты. ~ Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт. М-М.
ӘЖУА ҚЫЛДЫ (ЕТТІ)
Біреудің мазағына қалды; күлкі етті, мысқылдады. ~ Мына күлімдеп тұрған әзәзіл мұнараны көрген есі дұрыс адамның ештеңе ұқпауы, ұқса, мұны әжуа қылмауы еш мүмкін емес. Ә.Кек. ~ Орынсыз қан төккізгенді ерлікке кім санаған? – деп бастады ананы әжуа ете, қарт жырау. І.Ес.~ Әйел мұны әжуа қылып тұрғандай көрінді. — Орнына біргәдір басқарма болыпты. Енді соның айтқанымен жүреміз. Б.Нұр. ~ Оң қолы шаршаса сол қолын, сол қолы шаршаса оң қолын бұлғап бәйек болады. Бет-әлпетінен халықты әжуа етіп тұрмын-ау деген әбігерленушіліктің мысқалдай мазасыздығы байқалмайды, сондықтан да тұла бойымнан мемлекеттік мейірбандық, иман есіп тұр деп рақаттанатын тәрізді. К.Мырз.
ӘЖІМ ТАРТТЫ
Қартайды, бетіне әжім түсті. ~ Қаражан өз ісінен қысылғандай болды. Бұл күнде әжім тартқан сұрғылт жүзін сәл жадыратып, Абайға көзін сығырай-тып, күліп қарады. Орамды тілін, айтқыштығын бұл жерде ірке алған жоқ. М.Әу. ~ Жүрген жоқ көбелек те көп ербеңдеп, (Бұл тұста Басшы қазір көрермен тек). Бір қырын көлеңкеден Көрген айтар Көз асты әжім тартып көнерген деп. Ж.Мол.
ӘЖЕТКЕ ЖАРАДЫ
Пайдасы болды, әлдебір керекке жарап қалды. ~ Қайсы бірін атайық, бұл тізім мұнымен тоқ тап қалмайды. Тек әжетке жарата алмай жүрген кінәрат – өзімізде. БАҚ ~ Тегі, Үркіншіні мықтап домбытып тергей келе, «мойындау жағынан әжетке жарайтын азамат екен» деп құрсаулаған сияқты!… Қ.Шаб.

