АУЗЫ МАЙЛАНДЫ

Олжалы болды; көлденең пайдаға кенелді. ~ Талайдан қора тасқа қара қатын келген жоқ еді. Жаз бойы тоқты-торым болмаса, үлкен олжаға аттанбай, Бақтығұл бұны ашықтырып келген. Енді сан түндердің оразасы бітіп, аш қарынға да дән түсіп, аузы майланып, қандалатын сағат жаңа келді, жаңа туды. М.Әу.

АУЗЫ МАЙЛАНДЫ Read More

АУЗЫ ЖЕҢІЛ

Сыр сақтай алмайтын, өсекке үйір, жөнді-жөнсіз сөйлей беретін адам турады. ~ Ал, Жанболат ағаң болса, ол енді аузы
жеңіл кісі ғой: «Е, біздің Бекболат енді о қызды алмайды, орыстың сарқытын неғысын!» деп, үйіне келген, кеткен кісіге
«перот» соғып отыратын болса керек,— деді. Ж.Айм. ~ Керімбала, жұрт аузы жеңіл ғой! Ұшқары қалжың құрбыңа ауыр
тиіп, жазықсыз жаманат келтіруі мүмкін. Ондай сөзге жұрт алдында сақ болу керек емес пе? — деді. М.Әу. ~ Апатай, сіздің
айтқан сырыңызды ешбір жанға тіс жарып айтпауға уәде берейін. Өзіңіз білесіз, мен аузы жеңіл адам емеспін. Айта
беріңіз. Ә.Шәр. ~ Түсің қашып кетті ғой. Аузым жеңіл мен бейбақ әлденені шаттым ба? — деп Сәлима көзі жыпылықтай,
телміре қалды. М.Сүн.

АУЗЫ ЖЕҢІЛ Read More

АУЗЫ ОРАЗА

Аузы береке, ораза тұтып жүр. ~ Сәукеле сақалды болыс омырауын желпіп, жібек көрпенің үстіндегі семіз ақ жастыққа жаттайды. Аузы ораза. Бет-аузы шөлден шаңытып, қайта-қайта түкіреді. І.Жан.

АУЗЫ ОРАЗА Read More

АУЗЫ КЕППЕДІ

Ішіп-жеуден аузы босамады; маскүнемдікке салынды. ~ Зүбәржат, сен маған «маскүнемге, нағыз аузы кеппейтiн алқашқа айналып барасың», деп ренжушi ең ылғи. Жүрегiңде сезiм жоқ, сенiмнен айырылған адам қалай ғана қалыпты өмiр сүрмекшi. Ж.Шағ.

АУЗЫ КЕППЕДІ Read More

АУЗЫ САЛЫМДЫ

Жолы болғыш, жоқ жерден нәсіп бұйыратын адам туралы. ~ Бірдеме ілікті ме қолыңа?— деп сұрады Шынар. ~ Қысылмай жата бер, кемпірім! Ақындардың аузы неге салымсыз болсын! Ғ.Мүс. ~ «Аузының салымдысын қарашы. Қараторының әдемісіне тап бопты. Көзі жайнаңдап тұр. Ә.Кек.

АУЗЫ САЛЫМДЫ Read More

АУЗЫ КӨПІРДІ

Көп сөйледі, мылжыңдап мазаны алды. ~ Сам жамырай қалаға кіресің. Қапты ақтарып, қатының қылаң ұрады. Сені естіп, жолдастарың да келеді. Көрген- білгеніңді сұрайды. Еділ мен Жайықты аралап келгендей, аузың көпіріп, соғасың. Ж.Айм. ~ Келіп қалды жекіріп, Бұрқырап аузы көпіріп. Ж.Жаб. ~ Лаж жоқ жұрт әрекетке кірісті. Бірақ оларынан ештеңе манди қоймады. Содан Құдабай аузы көпіріп атқа мінген. – Астық салығы қайда? – деп зікір салып белсенді. Н.Дәу.

АУЗЫ КӨПІРДІ Read More

АУЗЫ КҮЙГЕН

Бұрын әлдебір жамандыққа ұрынып, соны қайталаудан қорқып қалған. ~ Еменалы өз еліне өзі енді ғана әрең сыйысып келеді, Ұлпан. Мен аузы күйген адаммын. Мені тағы бір сөзге ілектірмеші, айналайын. Ғ.Мүс. ~ Соңына он-он бес жігітін ертіп алып, күнде ауыл аралап, ән салып, сауық құратынды шығарды. Ақтоқтыдан аузы күйген Қорамса, баласын бірдемеге соқ болар ма екен деп, іштей күйзеліп, аяғына бұғау салуды ойлады. Соның есебін кейін тапқан сияқты. С.Жүн. ~ Сағыныштарын айтуға тіл жетпейді. Екеуінде де үн жоқ. Құшақтары ашылады. Құшақтары табысады. Неткен шырын бақыт! Бірін бірі жұтып қоярдай ұмтылып сүйеді кеп. Шөлдері қанар емес. Бұл да түс боп кетіп жүре ме деген күдік мазалайды. Талай аузы күйгені бар. С.Ел.

АУЗЫ КҮЙГЕН Read More

АУЗЫ КҮЙДІ

Қате басып, опық жеді; ендігәрі қайталамастай болды; шекесіне тиді. ~ Желіктірген бос сөзден байдың үйінен бір тостаған саумал ішкенін артық көреді ғой жұрт. Былтыр жасақтың арты қандай болды? Ұмыттың ба? Аузы күйіп қалған кедейдің өмірі басын қоса алар ма екенсің? Ж.Айм. ~ Жин Шурын мұның анық-қанығын Баймолладан сұрағанда алдыңғы жолы аузы күйіп, Әліпке деген өкпесі қара қазандай болған ол «менде солай естідім» деп амалсыз бас шұлғыған болатын. Ж.Шәк. ~ Ішімдегіні сыртқа шығармай, орайы келгенде ғана айтуды табиғат маған жазбаған. Осы әдеттен талай жерде аузым да күйді, қайтейін, етпен жаратылған сүйекпен кетеді де. Б.Тоғ.

АУЗЫ КҮЙДІ Read More

АУЗЫ ҚАЛАЙ БАРАДЫ

Ондай сөзді айтуға не қақысы бар, ұялмай ма д.м. ~ Үйде отырған әйелдер Айтолқынды қатты сөгіп, қарғап сілеп алды. — Ант ұрғанның қарғысы қандай жаман еді! Қалмақ басқырдың ауылы деуге аузы қалай барады екен? Ғ.Мүс. ~ Ендігі әке-шешең мен боламын, өзім барда қиыншылық тартқызбаймын, обал сауабың менің мойнымда, сендерді ержеткізу, ел қатарына қосу жауапкершілігін шешең алдында мен үстіме алғанмын» деген сияқты көмейіне келіп, қайтып тұрған сөздердің бірде бірін аузынан шығара алмады. Ақ қой сойып, ақбата жасалмаған, ата жолымен атастырылып үлгірмеген сәби қызды келінім деуге аузы қалай барсын?! Ғ.Біл.

АУЗЫ ҚАЛАЙ БАРАДЫ Read More