АТТАП ӨТУ

Әлдебір жағдайды не біреудің шенін, абыройын, атақ-даңқын, беделін ескермеу, құрметтемеу, есепке алмау. ~ Бірақ Қадырбайдың ренішінен аттап өту, Ділдәнің балаларын ұмыту, оңай істер емес. Осының бәрінің үстіне, Қуандықты ақылы сүйсе де, жүрегі оншалық бой тартпайды. М.Әу. ~ Бай білмейтін ақыл жоқ: ол ішті кісі. Орыстың, қазақтың ұлығы байды аттап өтіп көрген емес. Бай ұлықты күтсе есінен тандырады. Ж.Айм. ~ Ваше благородие, өзіңізбен ақылдаса келдік. Сізді аттап өтуге азаматтық ар-ұжданымыз бармады. С.Жүн. ~ Үстінде лыпасы жоқ тырдай адамға бетінің шым етер ұяты бар кісі жақындар ма? Ұяттан аттап өту оңай ма? Б.Қыд. ~ Қара бастың әлегін күйіттеп елдің елдігінен аттап өту, әуелі Керімбекке — әкеге сын. Ж.Ахм.

АТТАП ӨТУ Read More

АТОЙ БЕРДІ (САЛДЫ)

Ұрандады; рух көтерді.~ Суы қара барқынданып, жауырынын күжірейтіп, көк ала сең
арқалап, езуінен көбігі бұрқырап, екпіні үй жыққандай долы Ертіс. Әне бір сендер иін
тіресіп, үзеңгі қатысып келеді. Оның ар жағында аңдағайлаған жеке қара сендер атой беріп
зымырап барады, біріне-бірі мінгескендей үйдей шомбал кесек мұз майдандағы даулескер
батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соныдан жол салады. Ж.Айм. ~ Қырық құбылған
қоқыс материяның қырқылжың хикматтарына мәңгі бақи өз қалпында тұрғысы келетін
Адамдық Рух атой салып қарсы шығады. Ә.Кек. ~ Ол бебеулеген қыл ішекке бірде қиғаштай,
бірде туралап атой салса, тағы бірде секеңдеп әткеншек тебеді… О.Сәр. ~ Қуаныштан атой
салған Жүсіптің жүрегі атша тулады: «Сүйеді! Сүйеді! Сүймесе, неге сүйгізеді?» Б.Нұр.

АТОЙ БЕРДІ (САЛДЫ) Read More

АТТЕРЛІГІН ҚҰРҒАТПАДЫ

~ Қап, мынаны-ай!.. Өзі осындағы бір заводтың директоры көрінеді; баяғы ат терлігін құрғатпай, көршілес ауылдармен екі арадағы барымта-қарымтаға шауып тұратын ақ сойылдың заманы болғанда мына қорғасын бет… бұл ма, бұл заңғар бір қырдың астында ат жалына жабысып бұғып тұрар еді де, сосын ылғи қапыңды тауып, ұрымтал жерден айқаса кететін нағыз қаншеңгелдің өзі болар еді… Ә.Нұрп.

АТТЕРЛІГІН ҚҰРҒАТПАДЫ Read More

АТПАЛ АЗАМАТ (ЖІГІТ)

Ірі денелі, тепсе темір үзетін, кез-келген жауға төтеп беретіндей сенімді жігіт, ел қорғаны. ~ Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей атпал азаматқа ең жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына, тегіс сойылдарын тастатып, айбалта, найза бергізді. М.Әу. ~ Өз қайраттарына енді берік сенген атан жілік, атпал азамат Сәмен, Әбді, Мұқа үшеуі ожарланып, қатты ашумен түйіліп апты. Бұлар қатарынан ұмтыла атқып, есік сыртына шығып алды М.Әу. ~ Сом тұлғасымен көз сүріндіретін атпал жігіт өз күшіне сенетіндігінен болса керек, қол-аяғы байлаусыз Боранқұлды ымырт қараңғысында далаға алып шығып айдап жүрді де кетті. Ғ.Біл.

АТПАЛ АЗАМАТ (ЖІГІТ) Read More

АТПАС ТАҢҒА ҚАЛДЫ

Жағдайы мүшкіл болды; басына пәле үйірілді. ~ Мүгедектердің бәрі бүйте берсе, ойбай-ау, атпас таңға қалмаймыз ба! О.Сәр. ~ Айналайын, шырағым!.. Осындай бір атпас таңға қалдық… Амалың көп деуші еді… Осы пәледен бізді есебін тауып құтқарсаң пәлендей дүние берер едік, – деп зар жыласыпты. ҚЕ.

АТПАС ТАҢҒА ҚАЛДЫ Read More

АТТАҒАН (ӘР) ҚАДАМЫ САНАУЛЫ (ЕСЕПТЕУЛІ)

~ Апамның көзінше-ақ берейін. Аттаған қадамы санаулы біз бейбақтың қолынан бұдан басқа еш нәрсе келмеді. К.Қаз. ~ Әжемнің айтуынша, Серкебай көкемді матап ұстайтын көрінеді. Әр қадамы санаулы екен. Б.Мом. ~ Дос болмақ түгіл, сабырлы, салқын қанды, әр қадамы санаулы Иса мен бірде от, бірде су, кейде қыршаңқы, кейде ақ көңіл Әшір екеуі бір-бірін іштей жақтырмайды. М.Қаб. ~ Кәкіштің содан кейінгі әр қадамы — есептеулі содан кейін, Кәкіш құлпырып, жайнап сала береді, қызыл көрген қырандай «өз биігінде» самғай бастайды.. Ә.Тар.

АТТАҒАН (ӘР) ҚАДАМЫ САНАУЛЫ (ЕСЕПТЕУЛІ) Read More

АТТАЙ ҚАЛАДЫ

Жалынып-жалбарынып сұрады, қолқа салды. ~ Meн Павлодар облысына баратын болдым. Әдейі аттай қалап, сұрап алдым. Өйткені, онда Жанаржаным бар. Б.Соқ. ~ Кемелханнан осыны аттай қалап, атандай сұрап алған, тіпті, өзім едім-ау. Сөйтсем, басыма пәле болу үшін алған екенмін ғой. Б.Соқ.

АТТАЙ ҚАЛАДЫ Read More

АТТАМАЙ ЖАТЫП СҮРІНДІ

Ә дегеннен жаңылысты, қате жіберді. ~ Мана кабина ішінен қыстауға көз салғанда-ақ қайтар-қайтқанша біраз қатеге ұрынатынын іші сезген. Әйтсе де сол қателік бүйтіп тез басталады, аттамай жатып сүрінемін деп ойламаған. М.Қаб.

АТТАМАЙ ЖАТЫП СҮРІНДІ Read More