Жалынып-жалбарынып сұрады, қолқа салды. ~ Meн Павлодар облысына баратын болдым. Әдейі аттай қалап, сұрап алдым. Өйткені, онда Жанаржаным бар. Б.Соқ. ~ Кемелханнан осыны аттай қалап, атандай сұрап алған, тіпті, өзім едім-ау. Сөйтсем, басыма пәле болу үшін алған екенмін ғой. Б.Соқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТҚА МІНДІ
1. Ел қатарына қосылды деген мағынада. ~ Бұрынғыдай емес, әсіресе, Алтынай тұрмысына енді ырза. Ырза болмай не ғыпты? Байы атқа мініп, кісі болды. Кісі болғалы, үйі үй болып келеді. Ж.Айм.
2. Билікке қолы жетті. ~ Ел ішінде аталы ауылдың баласы биылғы жылы партия басы болып, елінде атқа мінген жігіт. М.Әу.
АТҚА ТАҚЫМЫ ҚАТПАҒАН
Атқа отырып дағдыланбаған. ~ Атқа тақымы қатпаған ашамайдағы балалар жылқы айдауға барамын деп жыласа, атқа жүре
алмайтын немені алып қайтеміз деп қыз, бозбала мазақтап қашады. Шыға бере жарыс! Аттың басын жіберіп отырып, төгумен келіп,
неше ілгері шығарып жіберген жылқыны тауып аласың. А.Байт.
АТҚАН ОҒЫ ЖЕРГЕ ТҮСПЕЙДІ
Асқан мергендік туралы. ~ Атқан оғы жерге түспей сақасы алшысынан түсіп тұрған сол заманда осы қоңыр таулардан алты сілеусінді бір жолда соққанын қариялар тамсана әңгімелеуші еді. Ж.Шәк. ~ Кеше Алтай жақтан Үрімжі айналып келген біреумен тілдесіп қалдым, соның айтуынша Алтайдан Оспан деген батыр шығыпты. Ол ақ боз атымен құйындатып жүріп атысқанда атқан оғы жерге түспейді екен. Т.Рыс. ~ Ол мақтан етердей атпал азамат. Атқан оғы жерге түспейтін мерген. Т.Рыс.
АТҚАН ОҒЫ ҚҰРЫ КЕТПЕЙДІ
Құралайды көзден атқан құла мерген. ~ Сосын сөз арасын дереу басқа жаққа бұрып жіберді: “Атқан оғы құры кетпейтін сұр мерген болсаңыз, анау көрінген шағылдың теріскей бетінде екі үйір арқар жүр”, деп, атын тебіне берген. Н,Дәу. ~ Сонау “Қараой” жазығында дуадақ, арыдағы Сораң тауында арқар бар. Шалдың атқан оғы құры кетпейді, арқар іздеп, елік аңдымаған өрістен жолыққан майда аң-құсты жібермейді. Н.Дәу.
АТАСЫ ӨЛГЕН СӨЗ
Құны жоқ, жәй айтыла салған сөз. ~ Ох, әттеген-ай, Бақы өткен жылғы кикілжіңінде айтқан уәдесінде тұр екен-ау! Мен оны айтыла салған, атасы өлген сөз болар деп едім. Кейін қайтпасам болмайды, — дейді Тұрмамбет санын өкініштен бір соғып. А.Өт.
АТҚАН ОҒЫ, ШАПҚАН ҚЫЛЫШЫ
Біреудің айтқанын істеп, айдағанына жүретін қолшоқпары д.м ~ Міні, «Алашорда» әскері мен милициясының жұмыстары осындай. Бірақ бұларға не кінә бар?.. Хан бұйырады, ұлық жұмсайды. Әскер мен милиция — хан мен ұлықтың атқан оғы, шапқан қылышы. Олар қайтсін!.. С.Сей. ~ Жазықсызды жазалау жарыместік емес пе? Ал егер де олар Саймаранның маған қарсы атқан оғы, шапқан қылышы болса ше? Айтағына еріп қабатын иті болса ше? Ә.Әб.
АТАСЫНДА КӨРМЕГЕНДІ БОТАСЫНДА КӨРДІ
Әлдебір қуанышқа, бақытқа кенелді. ~ Атасында көрмегенді ботасында көрген Оспан аз күндік семіздікті көтере алмағандай ырғалып, ата қаздай қаздаңдай басады. О.Бөк. ~ Тәуелсіздік алған атажұртыңызға келіп жүрсіз. Сол туралы тілегіңізді, әсеріңізді айтыңыз! – деп арық қара қыз енді оралман шалдардан тезірек құтылғысы келіп, әлденеге асығып тұр. – Балам-ау! Той болғанда қандай! Атамызда көрмегенді, ботамызда көргендей болдық… Т.Рыс.
АТҚАН ОҚ АЖАЛДЫҒА КЕЗ БОЛАДЫ
Адам тағдырдың жазғанын көреді д.м. ~ Бөкей, Мәкежан деген аса ержүрек аяулы жігіттерім еді, атқан оқ ажалдыға кез келеді. Қайтейін, қалғандарың аман болыңдаршы! Ғ.Біл. ~ Атқан оқ ажалдыға кез болады. Түлен түрткен темір құзғын қақалып қалғандай дабысы өзгере қалды да, артынан бұрқ еткен боз түтінді саңғырып жіберді. Ғ.Біл.
АТАСЫНЫҢ (ӘККЕСІНІҢ) КЕГІ КЕТКЕНДЕЙ
~ …бірде бірін–бірі түсіне алмай, түсінбек түгілі бір көргеннен кірпідей жиырылып, қарадай жауығып, атасының кегі кеткендей кеңірдектесіп жататыны; келесіде сезім сәулесі жараса үйлесіп, шүйіркелесіп, сүйіспендік дертіне ұшырап бір–біріне ұмтылатыны тіршілік заңы. Д.Дос. ~ Ол ала қағаздың соңына әкесінің кегі кеткендей түскен Нүркеннің өзін әлгіндей қылғанда, он алтыға жеткенше өңкиіп партада отырып, алтыншы класты тауыса алмай қойған қауақ бас Жақанды қай ауруына дәрі қылсын… Ә.Кек.

