Ашуға булығып, өлердей жек көріп тұр. ~ Қалау қабағын қарс жауып, бірдеңе деп бұрқылдап отыр. Аузындағы астан қаққан анасына Төлеудің де атарға оғы жоқ. Ә.Нұрп. ~ … ауылдың кәрі-жастары қорған тақтайдың ар жағында жұдырықтай ғана болып, тәкаппар отырған Зәкеңді атарға оғы жоқ, әрең шыдар еді. О.Бөк. ~ Мәттақан қара бала Мөңкеге анда-санда оқ жыландай тесіле қарап, тынысы тарылып келеді. Атарға оғы жоқ. Жанарында жеп жіберерлік зәр бар. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АТАДАН БЕЗГЕН
Ата-баба салтына қарсы келген. ~ Атам қазақ айтқан — жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпайды. Өзі туған жұртына, халық ұстаған дініне найза ала ұмтылған жігіт қашан да ер емес, жер болмақ. Атадан безген, батадан безген жігіт көптің
қарғысына ұрынбақ. Алыстан, сапардан келіп ем, дейді Ақан. С.Жүн.
АТАДАН ЖАЛҒЫЗ
Бір атадан, бүкіл әулеттен бір өзі ғана тірі жүрген. ~ Бірақ осындай сырбаз жігіт тағдырға ренішті еді. Кедейлігі өз алдына, атадан жалғыз, ағайын-туысқансыз жалқы жігіт, оның үстіне өмірде оған бала құтаймады. Ер бала көрсе, бір жас, екі жасқа келіп өле береді. Тек маңдайына басқан жалғыз қызы ғана тұрып, ер жетті. Ол осы біздің Райхан… С.Жүн. ~ Жабы жауға аттанып, қару ұстап көрген жан емес. Атадан жалғыз екен. Мамыт көзінің қарашығындай жалғыз ұлын, ондай қатерлі жерге жібермейтін еді. З.Шүк.
АТАДАН ҚАЛҒАН
Ата-бабасынан жеткен жәдігерлік, көненің көзі. ~ Я, я, білетін болса рұқсат, тартсын балам, көпшілікке тартып берсін!-Екі шешесінің ең үлкені болып келетін Кәмиләнің да, атасының да алғашқы тілегін Серікбол, әрине жерге тастай алмайды ғой. Алыс жолдан шаршап келсе де, иба сақтап, өзі түрегеп барып атадан қалған қара қобызды қолына алды. Ғ.Біл.
~ Әлгі тергеушілерің не депті? Кейбіреулер сені орнынан алып тастайтын бопты, сол жақтан күзеліп қайтатын шығар деп айдарынан жел ескенде береке құтымыз қалмады ғой. — Е, алса алып тастар, атадан қалған жалғыз мұра Ақсудың лесхозы ма екен!.. Қ.Ысқ. ~ Кетіп бара жатып қалып бара жатқандарға айтыпты: «жаңбыр жауып тұр деп жылқыны жаңбырлы күні де суғармай қоймасын». Көрдің бе, інім, атадан қалған сол мұра-малсақтық бұл жерде де орнын тауып отыр. Б.Қыд.
АТАЙ КӨРМЕ!
Әлдебір пікірмен, ұсыныспен түбегейлі келіспеу. ~ Сол айтпақшы, қанша қарасаң да біздің үйдің сиқы осы. Дәмге ұяттымыз, шырақ. — Атай көрмеңіз, атай көрмеңіз! Ғ.Мұст. ~ Бар дәм болады ғой. – Атай көрме! Біздікіне келгесін малдың басын жемей, о не дегенің? Бір мал деппін-ау, өзің мұнда біраз күн жататын тығарсың? С.Мұқ. ~ «Кінәлі екен! Жоқ, жоқ, атай көрме!» деп қолын бір сілтеп, құдайына да, Қанатына да «сенсің, кінәлі» дегенді ішінен жолдап, Айкүміс адырында бір белдің басына шыққандай болған еді. Ғ.Сл. ~ Жоқ, пан офицер! Құдайым сақтасын, немісті атай көрмеңіз, полякпын… С.Ом. ~ Жо-жоқ! Атай көрме, ондай сұмдықты. Өмірдің маған сыйлаған ащысы онсыз да аз емес…» С.Дос.
АТАҚ-АБЫРОЙЫНА КІР КЕЛТІРДІ
Абыройын, беделін, жақсы атын сақтап қала алмады. ~ Уәліге некесі қиылғаннан — ақ әлі де «ханның әйелі», «әулиенің қызы» деген атақ-абыройына кір келтірмеуге бекінді. С.Мұқ.
АТАҚҚА ШЫҚҚАН
Аты елге мәлім, әйгілі. ~ Хат жіберуге екі оқты болған соң, мен демеп жібердім, өйткені ойында оңаша сөйлескенімде: «Атаққа шыққан жігіт қой, хат жазып көрсін, онша теріске кетпес» деп Зәйкүлдің айтқаны бар-ды. Б.Май. ~ Қоянкөк атаққа шыққан ат. Жаз болса бәйгіні бермейді, қыс болса қасқыр мен түлкіні құтқармайды. С.Мұқ.
АТАЛЫ ЖАУ
Ежелден қастасып келе жатқан дұшпан; белді, текті, күшті жау. ~ Алда– жалда орыстың әскер бастығын қолына қондыра алса Махсұт гуандайды да, шаңына ілестірмей кетер еді. Аталы жауынан бұрын атақ– айдынын қалай танытпақ? Сасан тұқымынан қағажу көріп жүргенде, бұлтағы көп, бұлыңғыр заманда биікке шығатын жалғыз аяқ жол тапқысы келген. Т.Рыс.
АТАЛЫ СӨЗ
Ежелден келе жатқан өнегелі, мағыналы, мәнді сөз, өсиет. ~ Әкем тағы да көптеген аталы сөз айтты да, сөз соңын Анаргүлге бұрды. — Ал сенің шешеңмен өзім көзбе- көз сөйлесемін. Б.Мом. ~ Жат жұртқа барғанда жүдемесін құлыным, тым құрымаса тойын жақсылап атқарайық дегенің аузыңнан шыққан бір тәуір аталы сөзің екен, шалым. С.Жүн.
АТАМ ЗАМАНҒЫ
Тозығы жеткен, көне. ~ Белекеңнің лекциясы – лекция емес, диктант. Атам заманғы ескі дəптерінің екі сағатта төрт бетін ежіктеп-айтып жаздырады да жөніне кетеді. Жазбасаң, ұрсады. З.Қаб.

