Алаңсыз, емін-еркін ойнап-күлді. ~ …Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Шәк. ~ Балалар алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнап, шуылдасып, асыр салып, қой күзетіп, өлең айтып, думан қылып жатқанда «Таңертең оянбайсың, жат!» — деген байдың зекуін естіген соң, қара інгеннің қолаңса сасыған жабуын оранып, үй жанында бүк түсіп жатқаным. Ж.Айм. ~ Құлақ сарсытып ұлып тұрған жел… Күллі кеңістікті бір өзі иемденіп, асыр салып ойнақтап жүрген шаң-тозаң… Ә.Кек. ~ Мынау жалпақ әлемдi жалғыз екеуi жайлағандай, еркелей асыр сап, сақылдай күлiп мәз-мәйрам. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АСЫРА СІЛТЕДІ
Шамадан тыс кетті, шаш ал десе, бас алды, мөлшерін білмеді. ~ Соны көріп, тым асыра сілтеп, тым артық кетіп қалғанын сезіп, абдырап құты кетіп, баланы көтерген қалпы, сасқанынан бір айтқан сөзін міңгірлеп қайта қайталап, Зәрипадан алыстай берді. Ш.Айт. ~ Мұрат «осы адамды қайдан көрдім» деп өткен-кеткенді есіне түсіріп қарманып қалды. Бірақ есіне түсіре алмай, жауынгерге тіл қатты. — Асыра сілтеп алдың. Жұмыс уақытында баяндамас болар. Т.Ахт. ~ Қателессек те, асыра сілтесек те, асығып-аптығып ағат кетсек те, білместіктен бұра тартсақ та, інім, көш жүріп келе жатқан сайрақтан алыс кетпеген едік, мұратымыз да, мақсатымыз да, бет-бағдарымыз да дұрыс еді. Ілгері жылжып бара жаттық. Б.Қыд.
АСЫЛ МҰРА
Ата-бабадан қалған киелі жәдігерлік, рухани байлық. ~ Оған қоса Көкшетауды ән-жырдың ордасына айналдырған сал-сері
бабаларымыздың да артта қалдырған асыл мұрасы баурап алды. К.Сал. ~ Ана тіліміздің ғасырлар бойы толассыз
толығып, жеті атадан, жеті пұштығы асыл мұра боп ауысып келе жатқан ұшан-теңіз байлығы- ның бір ұшығы
ата кәсібімізбен сабақтасып жатыр. Ә.Қайд.
АСЫР-ТҮСІР СӨЙЛЕДІ
Мәймөңкелемей, турасын айтып салды. ~ Жалтаруға енді дәрмен жоқ. Қалайда «Қорланды» сүйемелдеуге дайындалу керек. Сабақтан келісімен мандолині — қолында, сарнатады да отырады. Өзгеден дайындықты тез бітіреді де, ермек қылатыны — осы. Асыр-түсір сөйлейтін Әбітай бір күні: — Сен осы ғашық болғаннан саумысың? Тым сарнауық болып кеттің, — деді. — Байқа, оқуды тастап, үйленіп кетіп жүрме. К.Қаз.
АСЫЛ МҰРАТ
Көксеген ізгі арман, алдына қойған игі мақсат. ~ Семья құру арманы мәңгі тозбайтын адамзаттың ең ардақты, ең
асыл мұраттарының бірі. С.Ғабб. ~ Көп-ау шіркін, асыл мұрат, Арман атты биіктер, Сағым болып қашса арманың,
Самал болып қуып көр. М.Айт.
АТ (АТТЫҢ) ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙДЫ
Атты еркінше билеп-төстейтін, шабандоз. ~ Қазақтың бес жасар баласы ат құлағында ойнауды ешбір мектептен оқыған жоқ. Тұрмыс үйретті. Техниканы да тұрмыс солай үйретеді. Ғ.Мұст. ~ Алайда, ат құлағында ойнайтын, сілтеген сойылы мен шапқан қылышы, атқан оғы мүлт кетпейтін епті де ержүрек қазақтарды жер бетінен жойып жіберу мүмкін болмапты. С.Дос. ~ Қалада қалам деген сөзің бір есептен жөн сияқты, бірақ көңіліңе келмесін, сен аттың құлағында ойнайтын ер азамат емессің, төмен етекті әйелсің, мына заманның ыңғайы белгісіз, жел оңынан тұра ма, солынан тұра ма? С.Мұқ. ~ Нұреке, мына атыңыз көшеге жегуге жайлы болмас. Өйткені, бұған аттың құлағында ойнайтын мықты кісі керек қой, — деп едім. С.Бег.
АСЫЛ СЕЗІМ
~ Иә, мынау жарық дүние болғалы осы киелі атты қадірлеп, асыл сезімді ардақтай білгендер қаншама десеңізші! Ә.Ысқ. ~ Бит екеш битке де өкпелеген дархан қазақ болған-ау шамасы жер бетінде. Не деген асыл сезімдер деші. Ы.Дәб. ~ Күй арқылы тілдесіп, бар асыл сезімімді шабыт кернеп, шаттық кернеп кететін кездер болушы еді. К.Қаз.
АТ (АТТЫҢ, АТЫНЫҢ) ЖАЛЫН ҚҰШТЫ
1. Оққа ұшты: ат үстіндегі адамның арқасынан тиген оқтан не соққыдан алға қарай, аттың мойнын құшақтай құлауы. ~ Есеней сол аяғын үзеңгіге салып көтеріле бергенде, садақ оғы келіп қадалды. Есеней ат жалын құшып қозғала алмай қалды. Ғ.Мүс. ~ Тағы гүрс етті мылтығы. Алақтап сайға қарай ұмтыла берген Пахраддин осы арада артына жалт қараса түйе қуалаған дұшпанның тағы бірі ат жалын құшқан екен. С.Ел. ~ Көп жігіттер ат жалын құшып, бірден жан тапсырды. І.Ес. ~ Молаға екі шақырымдай қалғанда мылтық даусы сатыр-сұтыр етті. Жазаңқайды түтін қаптап кетті. Жігіттердің бірсыпырасы жарқ берді, кейбірі аттың жалын құшты, кейбірі түсе қалды. Ж.Айм. ~ … Мысалы астындағы ат о дағы ұшты, Ескендір де атының жалын құшты. Абай.
2. Аттың мойнына асыла құлады, жатып алды. ~ Бірақ сонда да тоқтаған жоқ. Аттың жалын құшып алып, тек қана құлап қалмасты ойлап, шаба берді. М.Әу. ~ Осы кезде тарс етіп мылтық атыл
АСЫЛ ТАС
Бағалы тас — алтын, күміс т.т. ~ Қазір ру басылары: жұрт жылына бір-ақ рет бәрі бір мезгілде он күнге тауға барып асыл тас теретін болсын, сол жолы тапқан олжасын, қанша болса да, бір жылға мәпаха қылсын деп патуаласыпты. Ә.Кек.
АТ АЗДЫРЫП, ТОН ТОЗДЫРЫП
Алыс жолдан шаршап-шалдықты, әзер жетті. ~ Нысеке, былай ғой, сонау Қарқарадан ат арытып, тон тоздырып, қыстың көзі қырауда, … алдыңызға келгенде, бұл Елшібек мырзаң қызыңызды өзіне айттыруға келген. Былтырғы келісінде қызды ұнатып, іштей үкі тағып кеткен-ді. Ш.Құм.
