АСЫН ІШІП, АЯҒЫН БОСАТТЫ

Жақсылығын көргеннен басқа пайдасы болмады д.м. ~ Әне, әне, біздің әпке осы. Әпкем болмаса Күлім Әжем өліп қалғасын ғой, иемденіп жүргені, әйтпесе маған жоламақ түгіл, алыстан көз салуға қорқатын. Қайтейік, әпке-әпке деп алдарқатып, асын ішіп, аяғын босатып жатырмыз. М.Қаб.

АСЫН ІШІП, АЯҒЫН БОСАТТЫ Read More

АСЫН ІШІП, СЫРМАҒЫН (ТЕКЕМЕТІН) ТІЛГІЛЕДІ

Арам ойын ішіне жасырды.
~ Үйіме келіп, бағанадан адал асымды ішіп, сырмағымды тілгілеп отыр екенсің ғой. Ә.Шәр. ~ Қараң батқыр, қараң батсын сенің! Асымды ішіп, текеметімді тілді деген осы! Шыдап жүрсем, мілисаға хабарлағаны несі — ай?! Н.Сер.

АСЫН ІШІП, СЫРМАҒЫН (ТЕКЕМЕТІН) ТІЛГІЛЕДІ Read More

АСЫНА ИТ ТИДІ

Адал асын арам қылды, қорлады. ~ Ержанның адал асына ит тигендей болды. Бірақ айыпты Раушанның өзі емес пе? Сырты қызарып албырап тұрған алманың іші құрт болғаны ма? Т.Ахт. ~ Шағанның бойын шаңдатып, Кешегі кеткен ит ноғай Жұртына тірі тастап кеткені, Есімнен қалмас бүйткені! Ақжүністей аруым, Болғаныма мұнан да Ит тигендей арам ас. «Алпамыс б.»

АСЫНА ИТ ТИДІ Read More

АСЫНА ҚАРАЙ ҚАСЫҒЫ

Не нәрсе де әркімнің шама-шарқына қарай; әркім өз көрпесіне қарай көсіледі д.м. ~ Юлаевнаның қолтығына кіріп үлгерген Қарашаш: — Апай-ау, асына қарай қасығы, әр заманның өз қатты-тәттісі бар, — деп, әзілге сүйеп жатыр. М.Қаб.

АСЫНА ҚАРАЙ ҚАСЫҒЫ Read More

АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ

Әлдебір мөлшерден артық, асып түседі. ~ … Шілденің ми қайнатқан ыстығы. Термометр көлеңкеде қырық градустан асып
жығылып тұр. Аспаннан күн, астыңнан асфальт қыздырғанда арқаңнан аққан тер балағыңнан сорғалайды. Қ.Ысқ. ~
Тәулсіздік жылдары әртүрлі ғылым салалары бойынша шығарылған сөздіктердің жалпы саны жүзден асып жығылады. БАҚ. ~
Мұның тұқымының әдетте жүні кере қарыс, еркек қойдың салмағы жүз килограмнан, саулығы 60-70 килограмнан асып
жығылады. С.Баяз.

АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ Read More

АСЫП ТӨГІЛЕДІ

1. Мол; артығымен жетеді. ~ Үй анау, дүние-мүліктерің де бір бастарыңнан асып төгіледі. Мал анау, жылқыдан үйір салып, сиырдан перме ақшаларың келе ме енді. Қ.Ысқ. ~ Ал олай асып төгілмей-ақ ошағыңның басындағы қызыл қарындарды ырзалауға ғана жарап жатса да, мынау ұлан дүниеге келіп-кеткеніңнің бекер болмағаны. Ә.Кек.
2. Кемерінен асып кетті. ~ Тіпті бір кездері байлығы ернесінен асып төгіліп жататын Қожабергеннің қыздары болғанын бәрі де жадынан шығарып алғандай. О.Көш. ~ Штраустың вальстері Алматының ресторанына сыя ма? Москваның пәлен этажды националдарына сыймай асып төгілетін Штраустың толқынды өзені емес пе! Б.Бұл.

АСЫП ТӨГІЛЕДІ Read More

АСЫП ТУДЫ

Тумысынан ерекше, елден асқан. ~ Ешкімнің де ақымақ болғысы жоқ. Алайда ақыл айтқанның бәрі асып туған ақылман емес. И.Сап. ~ …өз әкең Баһрам деген әрі ақын, әрі батыр кісі еді, өзің де соларға тартып кесек жаратылыпсың, тіпті олардан асып туған түрің бар, мұсылманша да, орысша да оқып офицер шеніне жетіпсің… Ата-бабаңның аруағы қолдай берсін, шырағым! Халқың үшін қызмет ет! Б.Тоғ. ~ Бошжан да кісі-ақ еді еске құтпан, Айымбет асып туған талай жұрттан. Махшарда қисап күні тексерсе Хақ, Есілдің Мабу залым ұрқын құртқан. «Үркін — Қорқын».

АСЫП ТУДЫ Read More

АСЫР САЛДЫ

Алаңсыз, емін-еркін ойнап-күлді. ~ …Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Шәк. ~ Балалар алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнап, шуылдасып, асыр салып, қой күзетіп, өлең айтып, думан қылып жатқанда «Таңертең оянбайсың, жат!» — деген байдың зекуін естіген соң, қара інгеннің қолаңса сасыған жабуын оранып, үй жанында бүк түсіп жатқаным. Ж.Айм. ~ Құлақ сарсытып ұлып тұрған жел… Күллі кеңістікті бір өзі иемденіп, асыр салып ойнақтап жүрген шаң-тозаң… Ә.Кек. ~ Мынау жалпақ әлемдi жалғыз екеуi жайлағандай, еркелей асыр сап, сақылдай күлiп мәз-мәйрам. Т.Сәу.

АСЫР САЛДЫ Read More

АСЫРА СІЛТЕДІ

Шамадан тыс кетті, шаш ал десе, бас алды, мөлшерін білмеді. ~ Соны көріп, тым асыра сілтеп, тым артық кетіп қалғанын сезіп, абдырап құты кетіп, баланы көтерген қалпы, сасқанынан бір айтқан сөзін міңгірлеп қайта қайталап, Зәрипадан алыстай берді. Ш.Айт. ~ Мұрат «осы адамды қайдан көрдім» деп өткен-кеткенді есіне түсіріп қарманып қалды. Бірақ есіне түсіре алмай, жауынгерге тіл қатты. — Асыра сілтеп алдың. Жұмыс уақытында баяндамас болар. Т.Ахт. ~ Қателессек те, асыра сілтесек те, асығып-аптығып ағат кетсек те, білместіктен бұра тартсақ та, інім, көш жүріп келе жатқан сайрақтан алыс кетпеген едік, мұратымыз да, мақсатымыз да, бет-бағдарымыз да дұрыс еді. Ілгері жылжып бара жаттық. Б.Қыд.

АСЫРА СІЛТЕДІ Read More

АСЫЛ МҰРА

Ата-бабадан қалған киелі жәдігерлік, рухани байлық. ~ Оған қоса Көкшетауды ән-жырдың ордасына айналдырған сал-сері
бабаларымыздың да артта қалдырған асыл мұрасы баурап алды. К.Сал. ~ Ана тіліміздің ғасырлар бойы толассыз
толығып, жеті атадан, жеті пұштығы асыл мұра боп ауысып келе жатқан ұшан-теңіз байлығы- ның бір ұшығы
ата кәсібімізбен сабақтасып жатыр. Ә.Қайд.

АСЫЛ МҰРА Read More