АСТЫНАН ИТ ЖҮГІРТТІ

Қоқан-лоққы жасады, зорлық көрсетті. ~ … шыдамның да шегі болады ғой, қашанғы оның жүндеуіне көне бермек?.. Кейінгі кезде бұл Айтекең де осы байламға бекініп, тастай қатып, таспадай түйініп алған. Әттең, деп армандайтын Айтқали, сол сұмырайдың астынан ит жүгіртетіндей бірде есе тисе екен! Ә.Асқ.

АСТЫНАН ИТ ЖҮГІРТТІ Read More

АСПАНЫН БҰЛТ ТОРЛАДЫ

Басына қайғы үйірілді. ~ Оның бар тілегі: мынау қоңыр-төбел тірлігінің бұзылмауы, аспанын бұлт торламауы, бейбіт болуы, тапқаны жұтқанына жетуі, ешкімге көз алартпай, ешкімнің көз алартқанын да көрмей екі ұлын екі үй ғып шығарып, жарық дүниенің маңдайға жазған ырыс- несібесін теріп жеу еді. С.См.

АСПАНЫН БҰЛТ ТОРЛАДЫ Read More

АСПАНЫҢ АШЫҚ БОЛСЫН!

Басыңды бұлт торламасын, жамандық көрме деген мағынадағы игі тілек. ~ Әрдайым да ашық болсын аспаның! Тек тілекші
болып тұрсын достарың! Туған күнің туған күнге жалғасып, Жастарыңа қосылсыншы жастарың! Ғ.Қож. ~ Кеудемде тұр,
сеземін, Игі істерім тізілген. Нық басып мен келемін, Үлкендердің ізімен. Ашық болсын аспаның, Жарқырасын көкте күн,
Жаса мәңгі асқарлы Алтын ұям – мектебім. Б.Ауд.

АСПАНЫҢ АШЫҚ БОЛСЫН! Read More

АСПАП САЙЛАДЫ

Қаруланды. ~ «Бөжейдің қаралы көшіне шауыпты! Өлі аруақты да қорлапты!» деген хабар осы күні ана жақтың барлық ауылдарына тарады. Көштен бастап, түн бойы барлық еркек кіндікті аспап сайлап, атқа қонды. М.Әу.

АСПАП САЙЛАДЫ Read More

АС-СУДАН ҚАЛДЫ

Денсаулық кінаратынан тәбеттен айрылып, ас ішуден қалды; қатты жүдеді. ~ Ия, Бұқарбайдың Ақбозаты… Бұқарбай күтеді… Күн санап Ақбозат жақындап айнала бастады. Бұқарбай ас-судан қалып жүдеді, құр сүйегі қалды.«Енді тез…» – дейтін еді өз-өзіне. М.Жұм.

АС-СУДАН ҚАЛДЫ Read More

АС-СУЫН АЖЫРАТТЫ (АЙЫРДЫ)

Ішер тамағын тапты, күн көріс қамын жасады. ~ Қысқы азығымыз, аз ғана пішеніміз болатын. Өзімізде мал болмаса да, қыс ортасында әлді-малды ауылдардан күтімге арық-тұрағын алып барып жемшөп беріп, тым құрыса, ас-суымызды айырушы ек. Сұрау жоқ, келісу жоқ, келеді де бас салады жыл сайын. Бүгін осы қорлық еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, бар жеті ауыл боп бірлесіп кеп, бағана наразылық айтып ек.  М.Әу. ~ Сабақтан соң қосымша жұмыс істеп ас-суыңды өзің де ажыратарсың. Шешеңе алаңдама. Б.Тоғ. ~ Әкем байлардың көшетін, қонатын жерлерін, құдық қораларын жаяу жүріп аралап көріп, күні бұрын хабарлап тұруымен ас-суын айырған. Шешем бай үйінің жібін иіріп, алаша-сырмағын тоқып, қазан-аяғын көтерісіп күнелткен. Б.Тоғ.

АС-СУЫН АЖЫРАТТЫ (АЙЫРДЫ) Read More

АСТАМ КЕУДЕ

Өркөкірек, паң, менмен адам туралы. ~ Арқарлының алпауыты қитықты. Беделі көтеріліп бағы аспандағалы кең
қолтық мінезіне сызат түсіп, астам кеудеге ірілік біткен-ді. Ө.Кәр. ~ Қауіп-қатерді биіктен бақылайтын астам
кеудеден желік кетіп қуаты азайғалы бұл тәсіліне қатты бейімделіп тоселіп алған-ды. Ө.Кәр. ~ Арыс кеудеде
дүбір салған құмарлық әуенімен болған. Қызықшыл жастық әнін екілене шырқап, оңай қызыққа кенелген
астам кеуде тау тұрса да қағып өтердей еді. Ө.Кәр.

АСТАМ КЕУДЕ Read More

АСТАН-КЕСТЕНІ ШЫҚТЫ

Ойран-топыры шығып, бүлінді; алай-түлей болды. ~ «Жігіттер» квартетінің әншісі өмірінің астан-кестені шыққан уақытты еске алып, өзінің бойынан жындар табылғанын айтып берді. БАҚ ~ Әп-сәтте дүниенің астан — кестені шықты, жанға батқан мұң қасіретін сезсе де, соның мән-жайын түсіне алмаған Апай қожайынның аяғына оралып, жүріс-тұрысын бақты. А.Чех.

АСТАН-КЕСТЕНІ ШЫҚТЫ Read More

АСТАР БОЛМАДЫ (БОЛМАЙ ҚАЛАДЫ; АСТАРЫНА ДА КЕЛМЕДІ)

Тең келмейді, деңгейіне жетпейді, салыстыруға да болмайды. ~ Бұл — орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны — мынаған астар болмай қалды. Япырай? Бұ қызды енді қайтсе екен? Ж.Айм. ~ Оны көргенде Әмірқан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен. Бұрынғы дауысы астар болмай қалды. Ж.Айм. ~ Дуан аузына қарап Құсбек пен Майыр қаржасып, ңырғын салмаса жарар еді? Онда бар ма, көр де түр, мына сайлау тартысы астар болмай қалады оның қасында», — деп ойын айтады. Ы.Мұс.

АСТАР БОЛМАДЫ (БОЛМАЙ ҚАЛАДЫ; АСТАРЫНА ДА КЕЛМЕДІ) Read More