Он екі де бір гүлі ашылмаған балғындық хақында. ~ Сол бір
сұрқия ойдың иесі Сақан: — Өзіңнің оспадар қазан
бұзарлығыңды қызға жауып, біреудің аршылмаған қауын,
ақтарылмаған боқшасын масқараламақпысың. Ал қыз сөзінен
танды делік, сонда қыз үйінің қақпасын қиратып, қамбасын
бұзатын қай бассыздығың! — деп қиқылдай түйілді. С.Бег.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРЫНА ДАҚ (КІР) ЖАҒЫЛДЫ (КЕЛТІРДІ)
Абыройынан айрылды, ұяттан кетті. ~ …Ақбілек ақ әскерлерінен, «қара мұрттан» қашып құтылғанымен, жүрегін жаншыған жарадан, арына жағылған дақтан арыла алмаған. Аулына аман– есен оралғанымен, көзге шыққан сүйелдей сорлы бейбақ ел түрткісіне айналған. Ж.Айм. Жолдыбайдың өзі ұнатқан қыз баланың басы жақсы болған соң, кет ары болмаған еді. Оның бер жағында он екіде бір гүлі ашылмаған Қымбатты өсекке қалдырып, арына дақ келтірген де Жолдыбайдың өзі. «Ақылды тентек» аталып жүріп, «содыр тентек» атанған жері бар. Т.Рыс. ~ Әдебиет үшін болса армандары болмас еді ғой. Алла адастырғанда пендешілікпен алысқандары арына кір келтірді. Ж.Шәк.
АРШЫН БОЙЛЫ
Дембелше денелі, орта бойлы. ~ Қайдар келгенде Дәметкен мен Жұмакүл үй іргесіне қазық қағып, арқан салғалы жатыр еді. Қарулы Жұмакүл тоқпақпен қос қолдап екі-үш рет сілтегенде, аршын бойлы қазық жерге сіңіп ақ кеткені. Б.Май.
АРЫНА ЖҮГІНДІ
Ұятын ойлады, тәубаға келді. ~ Өзі ше? Еркектер ше? Өткен күндер еншісінде қалған айып- күнәларынан қуыстанар ма? Сонысынан жиіркеніп, арына жүгініп, кінәсін мойындап, келешек күндер аясына әйелдерше тазарып, сауығып аттауға ұмтылар ма? Әй, қайдам! C.См.
АРУАҒЫ КӨТЕРІЛДІ
Рухтанды, айбатына мінді. ~ Әсіресе, осының бәрін қолға түсіріп алған Теріс таңбаның аруағы көтерілді. Ғ.Мүс.
АРУАҒЫ ТАСЫДЫ
~ Әкелері Ескелді бай ерте өліп, мыңғырған мал, абдыра-абдыра алтын, күміс қалды. Ердің аруағын тасытатын тағы бір ұлы қазына – өнер, жомарт Құдай оны да осы екеуінен аямапты. Екеуі аттан ат таңдады, жүйрік тазы, алғыр қыран, ойхой, дүние-ай десеңші, солай күркіреп жүріп жатты. Ж.Нәж.
АРУАҒЫ ҰСТАДЫ
~ Тұлпар аруағы ұстағандай құлағын қайшылап, жалы күдірейіп шыға келеді. Ә.Кек.
АРУАҒЫ ҰШТЫ
~ Қыран бүркіттің түрпілі саусақтарындай, күшті темірдей жұдырықтарын түйіп, кәрін тігіп, кіжініп: — А-а!.. Қандай қылайын! — деп төніп келсе, жөпшенді кісінің аруағы ұшып кететіндей азамат. Хамит салт атты. Үстінде мұздай қазақша киім. Басында қоңыр елтірі тымақ. Аты сұлы жеп жүрген, мейіздей қатқан, сұлу Құбақан ат. С.Сей.
АРУАҚ АТТЫ
Қарғысқа ұшырады. ~ Қайғырушы болмады. Бәрі де Дүйсенбай марқұмның аруағы атты деп шешкен. М.Мағ.
АРУАҚ ҚОНДЫ
Ата-бабасының аруағы жебеді, қасиеті дарыды. ~ Шал да қарап отырмай, Күңіреніп жылады: «Бәрің таппай тұрасын, Беліндегі бес қару, Тал бойына жарасқан. Екіталай жерлерде, Ерлігі асқан Алаштан, Батыр Сайын болмас па? Үстіне аруақ қонбас па? Тамақ жақсы жиылып, Соны тауып қоймас па?» А.Бай. «Ер Сайын» ~ Күнде басып жүретін сақал-мұртының бір қапталы көгала, бір қапталы жез, самайына шапқан ақты да Бескемпір бүгін көргендей. — Аузыңа ала жүннен күйек байлағанда аруақ қонады дедің бе?! Қ.Ысқ. ~ Арғы атасы Сыр бойының аруақ қонған кәрі жырауларының бірі деп есітетін. Ә.Нұрп. ~ Бiз еңсе көтере алмадық, серiппемiз басылып, iштей булықтық; қарсылығымызды қанжардай жұтып, қорлық пен тепкiге үнсiз көндiктiк. Ал, сен құлыным, тәңiрдiң таңдауына iлiктiң. Ерекше нұры түсiп, аруақ қонды… Т.Сәу.
