АРАЛАСЫ БАР

Аралас-құралас, қарым-қатынасы бар; қатысы бар. ~ Оязбен араласы бар қаланың саудагер байлары, молда, қазіреттер, даланың жуан аулынан шыққан жуан кісілері; жуан ауылдан тұрған болыстар — бұлар оязбен ауыз жаласады. І.Жанс. ~ Некелері қиылған жастарға сол флигель оңаша тиді. Күту жабдықтарына араласы бар әйелден басқа адам үйге аяғын аттаған жоқ. С.Мұқ. ~ Вера ойда жоқ жерден сілесі құрып, сансырап, ештеңеге зауқы соқпай енжар тартып қалғанын сезді. — Иә, — деді ол тұнжырап. — Бұл іске еркектің араласы бар. А.Крис.

АРАЛАСЫ БАР Read More

АРА ҚОНДЫ

Жетер жерге жолшыбай орта жолда бір түнеп бару. ~ «Содан ары ертең Бұғылыны аралап, Машанға еркiн жетiп, ерте, түсте
барамыз. Күн ашықта жайласамыз. Бүгiн жетемiз деп өктемейiк. Асықпай, ара қонып-ақ барайық» дескен-дi. М.Әу. ~
Сыпатай мырза саспады, қайта, ризашылық білдірген. Ол — Найзатас деді. Етегі толы бұлақ. Аттыға — күндік, көшке ара қонып
жетер жер. М.Мағ. ~ Арбаға жегілген арық ат бір күнде алып бара алмайды. Ара қонып, ертең жетеміз деген жоспармен
шығып келеміз. Б.Соқ.

АРА ҚОНДЫ Read More

АРАЛАСЫМЫ МОЛ

Қолы ашық, қонақжай, сыйлы кісі. ~ Әйелі Ханым қол-аяғы балғадай, бойлы-сойлы, өңді кісі. Дөңгелек отты көзінің нұры жұмсақ. Ағайын-жекжатқа да араласымы мол. Ә.Кек.

АРАЛАСЫМЫ МОЛ Read More

АПШЫСЫН ҚУЫРДЫ

Дікіңдеп, есін шығарды; қатты састырды; қорқытып-үркітті, әңгір таяқ ойнатты, қысты; берекесін алды. ~ «Қарама көкке! Күлме бірің! Мерт боласың!.. Тырс етпе!» деп ақырып, отырған топты бір шолып, сүзе қарап, апшысын жұрттың қуырды. Ж.Айм. ~ Келе тарс-тұрс. Үріктірді, бүріктірді, елдің апшысын қуырды. Ж.Айм. ~ Шабуылдар – ақ сойыл суылдаған, бір-бірінің апшысын қуырды адам. Семсер менен найзаға түйрелсе де, жығылмаған, жықпаған туын далам. Ф.Оңғ. ~ Ал бүгін мынау тәмпіш кемпір апшысын қуырып алдынан қуып шықты. Б.Мом. ~ Барған сайын бұлт тұтасып, көк жүзін құрсап, кең даланы тарылтып, адамдардың апшысын қуыра түсті. Е.Мұх.

.

АПШЫСЫН ҚУЫРДЫ Read More

АПЫ КІРІП, КҮПІ ШЫҒЫП

1. Әбігер болды, сасқалақтап қалды. ~ Ертеңіне таң атқан соң-ақ дүрбелең басталды. Біздің үйдің іші түгелімен әжемнің өлімін қайғырып отырған шақта, апы кіріп, күпі шығып Қайрақбай келді. Асығыс мінезді ол, есіктен сүріне-қабына кірді де, ентіккен дауыспен: — Ойбай, жығайық үйді!— деді. С.Мұқ. ~ Саржалақтың (Есқалидің ерні үнемі шыт– шыт боп жүретін) үйіндегі оймақ ауыз келініміз де апы кіріп, күпі шығып жатқан көрінеді. Әли келіншек әкепті. Уһһ!.. — Томашадай сары кемпір қолындағы өзі қарайлас ондық самаурынды подносқа шықыр еткізіп қоя салды. С.Ас.
2. Шатақшыл, қызба мінезді адам туралы. ~ «Ескі құрағанның есі кетеді» демекші, мінезі тік, жоқ нәрсеге апы кіріп, күпі шығатын баяпар қара шалдың қасына ешкім батып бармайды. С.Жүн.

АПЫ КІРІП, КҮПІ ШЫҒЫП Read More

АПЫРАЙ ДЕ (ДЕСЕҢШІ, ДЕЙМІН-АУ)

Айтушының бірдеңеге қатты таң қалғанын білдіретін тіркес. ~ Апырай де! Арғы тегімізде аты шулы ақ етек ишан болды, әулие болды, ақылы дана кемеңгер болды деп әншейінде көкіп көйлегіңе сыймай жүресің. Ә.Нұрп. ~ Бір жолы, апырай десеңізші, шіркеуіміздің қоңырау мұнарасына шығып алып, айқайды салып әкесінің жалшыларын шақырсын келіп, сонда селодан бір шақырымдай жердегі танапта жүрген әлгілер оның дауысын бейне мұнара іргесінде тұрғандай анық естіпті. Серв. ~ Ал, енді тыңдаңдар,-деп, бар мұқтажын жайғастырып алған Су Құсайын сөзге кірісті,- Апырай деймін-ау, бұлай болар деп кім ойлаған. С.Жүн.

АПЫРАЙ ДЕ (ДЕСЕҢШІ, ДЕЙМІН-АУ) Read More

АР ЖАҒЫНА ЕЛ ҚОНДЫ

Ауқаттанып алды. ~ Сонан соң «арғы жағына ел қонғаннан» кейін қанжығада жүрер қара шәугімге су толтырады да, отқа
қойып, жыққан аңның қызылын асықпай жілік- жілік қып бұтарлауға кірісер еді. К.Сег.

АР ЖАҒЫНА ЕЛ ҚОНДЫ Read More

АР ЖАҚ — БЕР ЖАҚ ҚЫЛДЫ

~ Қысқы күн дарияның арғы бетіндегі алыс көкжиектен төбесі жаңа-жаңа қылтиып келеді екен. Дүниені ар жақ-бер жақ қып екіге қақ бөліп тұрған дария қазір тұла бойын шынымен қаптап тастағандай шыңылтыр. Ә.Нұрп.

АР ЖАҚ — БЕР ЖАҚ ҚЫЛДЫ Read More