Тумысынан біткен қасиет, өнер, дарын туралы. ~ Зиректік, ойшылдық, сезімталдық – ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер. Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді. І.Ес.~ Әлденеге асығады. «Бәрі де қараң қалсын. Мен– ақ намыссыз болайын. Шыдамым таусылды»,— деп әлденеше рет жүгіре жөнеле жаздаған. Әйтсе де, ана сүтімен біткен қыз намысы арын аттатпай ыстық қан боп басқа шауын, ірке берді. Осы қазір де жүзін қуаңдандырып, түсін қашырып тұрған сол. М.Сүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АНА СҮТІМЕН (ҚАНЫНА, СҮЙЕГІНЕ, БОЙҒА) СІҢДІ
Кішкентайынан әке-шешеден көрген тәрбие, өнеге, ерекше қасиет туралы. ~ «Әкесі достың баласы дос» деген қазақ дәстүріндегі қасиетті қағида Тауман сүйегіне де ана сүтімен бірге сіңген. Содан да өзімен мінездес, ер көңілді Қылышбай оның жан аямас досы. С.Дос. ~ Науан ұстаның бар күн көрісі – көрігі мен балғасы. Арманы – арғы бабасы Орақ пен Қияқ, Тұяқ салған әділеттік пен ерлік жолын адал ұстау. Ал халқы үшін жан қиған ерлер жайындағы ел аңызы оның ана сүтіменен қанына сіңген. І.Ес. ~ Сабыр ет,— деді орыс тілін сәл сындыра сөйлеп.— Әңгіменің ұзын–ырғасын шала–шарпы болса да ұғып отырмын. Оған ренжіме. Ана сүтімен сіңген ұғымы сол. Оған тар самолет ішінде ештеңені түсіндіре алмайсың. М.Қаб. ~ Менің өз тұстастарымнан бұрын қағынып, атқа ертерек мінуіме, бәлкім, ана сүтімен сүйегіме сіңген қара күшімнің, жұлымырлығымның да себебі болған шығар. Ж.Сәм. ~ Торығып жүрсіз бе? – деп естілер–естілм
АНА СҮТІН ШИКІ ЕМГЕН
Ана сүтіне жарымаған д.м. ~ — Ей, ана сүтін шикі емген аңқау неме! Мені сойғаныңда ғой, ішімдегі екі дана меруертке қарық
болар едің! И.Сап.
АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ
Жолы болды, рахатқа батты. ~ «Арада төрт жыл өткен болса, оның үстіне ит арқасы қияннан әкелген болсам – кім даулайды?» деп ойлаған ғой, төрт автордың алты өлеңін жалғыз өзі иемденіп, алшысынан түсе қалыпты. Арзан қалжа, мол олжа! Бейнетсіз еңбек, зейнетсіз атақ! Ғ.Қаб.~ Ал бүгінгі мендегі көңіл күй мүлдем басқаша. Алтайдың төрінде, тамылжыған табиғаттың аясында отырмын, туған жерімде алшымнан түсіп емін- еркін дем алып жатқан жайым бар. Ә.Асқ.
АЛЫСТАҒЫ САҒЫМДАЙ
Қол жетпес қиялдай. ~ Ақан үнсіз жатыр. Сонау бір жастық шағында Әлібек берген қыранымен өткізген серілік жылдар алыстағы сағымдай тағы да көңілі құлазып, жабырқағандай болды. С.Жүн. ~ Кеше ғана алыстағы сағымдай арман болған Мақпал емес пе еді. Оқуға түсе алмағаныма несіне өкінейін. Қ.Қази.
АЛЫМ ЖОҚ, БҰЙЫМ ЖОҚ /
Еш шаруасы болмаса да, жәйден-жәй. ~ … бұдан бірнеше жыл бұрын мені аудиториядан ертіп алып шыққан бетте кəдімгі Əуезов отырған орындық. Алым жоқ, бұйым жоқ, соның алдына кеп қаздиып тұрып қалыппын. Тұла бойым дел- сал, ішкі сарайым аяқ астынан құлазып қоя берді. З.Қаб. ~ … Исабеков күн сайын ат құрғатпастан орталыкқа, кітапханаға барады және алым жоқ, бұйым жоқ, тек әлгі қызды көру үшін ғана барады. Ш.Айт.
АЛЫП АЛТЫ, ЖЕП ЖЕТІ БОЛМАДЫ
Біреудің ақысын жеп байымайсың д.м. ~ Онсыз да ала көбең шаруаны күйттеген ағайыннан алып алты, жеп жеті болмасын көрегендікпен сезгендей екен. Ә.Асқ.
АЛЫП БАРА ЖАТҚАН
Пәлендей, айтарлықтай. ~ Ауылда алып бара жатқан жұмыс жоқ. Н.Дәу. ~ Мирланнан бес–алты жас үлкендігі де бар көрінеді. Алып бара жатқан сұлулығы да бұның көзіне түсе қойған жоқ. М.Мұқ.
АЛЫП ЖҮРЕ АЛМАДЫ
Әлдебір іс қолынан келмеді, игеріп әкете алмады, шамасы жетпеді. ~ Оның алдындағы болыс – оқуы жоқ, әпенделеу адам екен. Жұмысын алып жүре алмапты. Б.Тоғ. ~ Өзінің күткеніндей күрделі де өрелі өмірде мұндай істі шешуіне тек өзінің дәрменсіздігін ғана білетін адам, сондай-ақ өзінің қорғаушысы мықты екенін арқаланып дандайсыған арсыз әйелі, атап айтқанда, күнделікті тіршілікте өз бастарын алып жүре алмаған осы сияқты шалағайлар сабақ болуға тиіс пе екен! В.Шук.
АЛЫП ҚАЛДЫ
Аман сақтап қалды. ~ Әне, әжесін балалары жылап-жылап өлімнен алып қалды, – десе, қайран балалық, шынында да «Жылап-жылап, өлтірмей алып қалған екенбіз» — деп, әжептәуір болып қалатын едік. З.Нұр. ~ … біздің аманат тастаған Алтайлық азаматымыз әлі оралмады. Біз оның аманатын өртке де, дертке де бермей аман алып қалдық. Ж.Шәк.
