АНАҢНЫҢ (ЕНЕҢНІҢ) АҚ СҮТІ ҰРСЫН!

Ана сүтін ақтамаған оңбаған жанға айтылатын қарғыс. ~ Егер антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын! І.Ес. ~ Сыйың, жетті. Күттің. Өзің осындай сыйға жолық! Сен менен тумаған екенсің. Ниетің қарайған екен. Өзім аш жүріп, сені тоқ қылған күндерім, жетілген соң есіңнен шыққан екен! Көзіңнен шықсын, ниетіңнен тап! Енеңнің ақ сүті ұрсын! Жүр қатын, елде өлейік. Сағынған жүрек адыра қалсын, бекер сағынған! С.Мұқ.

АНАҢНЫҢ (ЕНЕҢНІҢ) АҚ СҮТІ ҰРСЫН! Read More

АЛЫСТАН ТОЯТ ТІЛЕДІ

Алдына биік мақсат қойды. ~ Керей Қожаберген жыраудың Абылайға айтқаны – Абылай! Сен мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа Қызметкер болған ұл едің, Үйсін, Төле билердің Түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде Ақсұңқардай түледің, Алыстан тоят тіледің. Ақтан болды күніңіз, Арсы менен күрсіге Дау таласты үніңіз, Енді сенің бұл күнде, Бір көшеге сыймайды Азаткер де құлыңыз. А.Байт.

АЛЫСТАН ТОЯТ ТІЛЕДІ Read More

АНАУ АЙТҚАНДАЙ (ЕМЕС)

Пәлендей (жақсы, жаман д.с.) емес. ~ Расында да колхозшылардың әл-тұрмысы анау айтқандай емес-ті. Шайтан шырақтай қылп-қылп етіп отырған әйтеуір бір өлмес тірлік. Қанды соғыстың ауыртпалығы алыстағы момын ауылдың да жүрегін сыздатты. Т.Бер. ~ …жаяу жылжысам ана жаққа қашан барып жетерімді де, қашан қайтып ораларымды да құдай біледі: өйткені, шыным сол, жаяу жүріске анау айтқандай алғыр емеспін. Серв. ~ Мен әйелдерді өмір бойы зерттеп келем, мен білмегенде кім біледі! Сонысымен катар, оларды зерттеу дегеніміздің өзі анау айтқандай тым қиын да нәрсе емес. О.Уай.

АНАУ АЙТҚАНДАЙ (ЕМЕС) Read More

АМАЛ (АЙЛА) ЖОҚ

Басқа істер әрекет, әдіс қалған жоқ, шара қалмады. ~ Ақылдан асар амал жоқ, Батылдар алмас қамал жоқ. М-М. ~ Аурусыз жанға айла жоқ, Аурулы жанға дәрi бар. Аурусыз адам қайда жоқ, Аурудың онда бәрi бар. Шәк.

АМАЛ (АЙЛА) ЖОҚ Read More

АМАЛ ҚАНША

Не шара бар. ~ … бүгін Әлімнің жолға кеткеніне он алты күн, Арыстан кездескен таныс машинистен Сапар үйіне сәлем айтып жіберіпті: бұл мәрте Мәскеуден бір- ақ қайтатын көрінеді, бұдан бұрын да бір рет солай болған екен. Амал қанша. Ә.Тар. ~ Жаны кірсіз таза, ары сүттей ақ намысқой, іштей тәкаппар Бірлән, өзін өзі сынағандай, мұндай сөзді біреуге айтамын деп ойлап па еді? Амал қанша, махаббат не істетпеді. Шын жүректен сүймесе, ол Сырымға бұл сөздерді айтар ма еді?.. І.Ес.

АМАЛ ҚАНША Read More

АМАЛ НЕ

Не істерсің д.м. ~ Амал не, сүйекке сіңді әдет: дүниеқорлық, ашкөзділік, жемі бардың шырқ айналған тауығы болуға жаралған мінез өз дегенін істеп тынды… сүйгенін сүйекке айырбастап кетті. О.Бөк. ~ Біздің елде бәрі бар. Бірак, ең бастысы – аркалы акын жоқ. Қырық уәзірім мен мың кызметшіміді аузы дуалы бір ақиық ақынға айырбастар едім, әттең, дүние арман–ай, амал не? – деп өзегін өртеген патша өз бармағын өзі шайнап, сұп–сұр болып сазарып отырып калыпты. С.Дос.

АМАЛ НЕ Read More

АМАЛ НЕШІК

Не шара бар, қайтерсің, амал жоқ. ~ Қаншама өмір сүрдім — соншама ажалмен алыстым! Амал нешік, күнді түн, жарықты түнек жеңді… Ендігі үміт — Таңда! И.Сап. ~ Ол мәселені басқарма мәжілісінде шешерміз, — деді Шымболат. — Басқарма, мүмкін, кешірер де, өйткені, қолдан өлтірген емес, даланың аңы жеген малға амал нешік. С.Мұқ. ~ Қай күні сол үйге кірмесем бе екен деп те ойлаймын. Амал нешік, бармай тұрмайсың. Тілімді алсаң қой. Б.Қыд.

АМАЛ НЕШІК Read More

АМАЛЫ (АЙЛАСЫ) ҚҰРЫДЫ

Істер айласы қалмады, шарасы таусылды. ~ «Тарт алға! » дедім.Тұзаққа түскен пәшестің амалы құрыды. К.Сег. ~ Жеңіліс тауып, жан жарасын сыздатып оралған Ердене- Батыр хонтайшының амалы құрыды. С.См. ~ Мейірхан басына тас тигендей болып сандалып, әрі– бері аласұрып жүрді де, аяғында айласы құрып отыра қалып, хаттың үстіне ірі жазумен: «Бармаймын, тойың құрысын! » деп, қысқа түртіндісін қондыра салып, отырып қалды. М.Әу. ~ Адаспаған шығар ол. Айласы құрып, шарасыздықтан сөзге ілініп кетуі мүмкін. Сонысын аңғар. С.Дос.

АМАЛЫ (АЙЛАСЫ) ҚҰРЫДЫ Read More

АНА АЛАҚАНЫНДАЙ

Мамықтай жұмсақ, мейірі мол. ~ Манаураған таңғы тыныш таза қыр өлкесі бұны жуас торғын самалымен аймалайды. Аялайды. Ана алақанындай арқауын босатып маужыратады. С.Ел. ~ Сырым керемет күй үндерінен осы ұлы далада өмір сүрген, қуанған, қайғырған, айқастарда жауын жеңген, кейде өзі жеңілген туған халқының теңіздей ырық бермес күшін, ана алақанындай жұмсақ жақсылығын, күн сәулесіндей мәңгі сөнбес махаббатын ұқты, шалқып кеткен қиялына қанат етті. І.Ес.

АНА АЛАҚАНЫНДАЙ Read More