Жолы болды, рахатқа батты. ~ «Арада төрт жыл өткен болса, оның үстіне ит арқасы қияннан әкелген болсам – кім даулайды?» деп ойлаған ғой, төрт автордың алты өлеңін жалғыз өзі иемденіп, алшысынан түсе қалыпты. Арзан қалжа, мол олжа! Бейнетсіз еңбек, зейнетсіз атақ! Ғ.Қаб.~ Ал бүгінгі мендегі көңіл күй мүлдем басқаша. Алтайдың төрінде, тамылжыған табиғаттың аясында отырмын, туған жерімде алшымнан түсіп емін- еркін дем алып жатқан жайым бар. Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛЫСТАҒЫ САҒЫМДАЙ
Қол жетпес қиялдай. ~ Ақан үнсіз жатыр. Сонау бір жастық шағында Әлібек берген қыранымен өткізген серілік жылдар алыстағы сағымдай тағы да көңілі құлазып, жабырқағандай болды. С.Жүн. ~ Кеше ғана алыстағы сағымдай арман болған Мақпал емес пе еді. Оқуға түсе алмағаныма несіне өкінейін. Қ.Қази.
АЛЫМ ЖОҚ, БҰЙЫМ ЖОҚ /
Еш шаруасы болмаса да, жәйден-жәй. ~ … бұдан бірнеше жыл бұрын мені аудиториядан ертіп алып шыққан бетте кəдімгі Əуезов отырған орындық. Алым жоқ, бұйым жоқ, соның алдына кеп қаздиып тұрып қалыппын. Тұла бойым дел- сал, ішкі сарайым аяқ астынан құлазып қоя берді. З.Қаб. ~ … Исабеков күн сайын ат құрғатпастан орталыкқа, кітапханаға барады және алым жоқ, бұйым жоқ, тек әлгі қызды көру үшін ғана барады. Ш.Айт.
АЛЫП АЛТЫ, ЖЕП ЖЕТІ БОЛМАДЫ
Біреудің ақысын жеп байымайсың д.м. ~ Онсыз да ала көбең шаруаны күйттеген ағайыннан алып алты, жеп жеті болмасын көрегендікпен сезгендей екен. Ә.Асқ.
АЛЫП БАРА ЖАТҚАН
Пәлендей, айтарлықтай. ~ Ауылда алып бара жатқан жұмыс жоқ. Н.Дәу. ~ Мирланнан бес–алты жас үлкендігі де бар көрінеді. Алып бара жатқан сұлулығы да бұның көзіне түсе қойған жоқ. М.Мұқ.
АЛЫП ЖҮРЕ АЛМАДЫ
Әлдебір іс қолынан келмеді, игеріп әкете алмады, шамасы жетпеді. ~ Оның алдындағы болыс – оқуы жоқ, әпенделеу адам екен. Жұмысын алып жүре алмапты. Б.Тоғ. ~ Өзінің күткеніндей күрделі де өрелі өмірде мұндай істі шешуіне тек өзінің дәрменсіздігін ғана білетін адам, сондай-ақ өзінің қорғаушысы мықты екенін арқаланып дандайсыған арсыз әйелі, атап айтқанда, күнделікті тіршілікте өз бастарын алып жүре алмаған осы сияқты шалағайлар сабақ болуға тиіс пе екен! В.Шук.
АЛЫП ҚАЛДЫ
Аман сақтап қалды. ~ Әне, әжесін балалары жылап-жылап өлімнен алып қалды, – десе, қайран балалық, шынында да «Жылап-жылап, өлтірмей алып қалған екенбіз» — деп, әжептәуір болып қалатын едік. З.Нұр. ~ … біздің аманат тастаған Алтайлық азаматымыз әлі оралмады. Біз оның аманатын өртке де, дертке де бермей аман алып қалдық. Ж.Шәк.
АЛЫП ҚАШТЫ
Жігіттің қызды ырықсыз ұрлап әкетуі. ~ Жанка, сен қорықпа, біз ұзап кетті-ау дегенде, біздің үйдің алдына барып «ойбай алып қашты!» деп ойбайла, олар машина тауып бізді қуғанша біз де баратын жерімізге барып қалармыз. Ж.Шәк. ~ Ауылдың итін шулатып, жұрт ұйқысын бұза жеткен екі жігіт қыздың келісімі бойынша алып қашуға сайланып келді. Н.Әбд.
АЛЫП ҚАШТЫ СӨЗ (ӘҢГІМЕ)
Өсек әңгіме, дабыра сөз. ~ «Айналайын», «мен айтайынды» таза тоқтатқан. Анда-санда ғана аузына алады. Онда да күші, қызуы жоқ, көшпенді «айналайын», «мен айтайын»… Ал педагогикалық кеңес туралы алып қашты сөз — пішен. М.Қаб. ~ Менің ен алғаш көрген үлкен қалам осы Үркіт қаласы болды. Бір кезде ел ішінде «Үркітке айдатыпты, Тескен тау өткізіпті» дейтін алып қашты әңгімеден естіген қалаға өзім бардым. С.Бег. ~ Троллейбуста адам әдеттегiден лықа екен. Елдiң аузында әртүрлi алып қашты әңгiме. Әйтеуiр, өле жатқаны да Қонаевтың атын бiр атап өтедi. Ә.Ыб.
АЛЫП СОҚПА
Мінезі шатақ, қызба. ~ Ашушаң, алып соқпалау көрінгенмен, көбіне турашылдықтан аспайтын, сол себепті оқушы балалар оның сөзін жерге тастамайды… О.Сәр.
