Айқын бедер, айрықша әдемі өрнек тәрізді. ~ Дауысымның көтерілер шықса тері, Болжаған жер шаршысын майталманмын, Жасымнан маған мағлұм қыз не дері. Алтын менен күмістің нақысындай, Міні жоқ, бізден шығар сөз бедері. «Біржан-Сара».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛТЫН СӘУЛЕ
~ Сол күнде, алтын сәулем, қолыңды бер, Жасытпа, жолым бастап, алдымда жүр. М.Жұм. ~ Суды атқан қуды атам деп аңғал мерген, Өмірде алтын сәулең осы көрген. М.Әу. ~ Ол Темірбекке қарап еді, күннің алтын сәулесі себілген беті сау, еркін көзіндей нұрланып кетті. С.Мұқ. ~ Өлмедік! Зар еңіредік, сабыр еттік, Шашатын алтын сәуле таңды күттік. Көп күттік, сөгілдік те, соғылдық та, Сатылдық та, тілекке ақыр жеттік! М.Жұм. ~ Сен болсаң жүрегімнің бір түкпірінде емес, бүкіл жүрегімдесің, бүкіл кеудеме толған алтын сәулесің. Анада алтын сәуле туралы айтып ем ғой, есіңде ме? Н.Сер.
АЛТЫН ТОЙ
Ерлі-зайыптылардың үйленгендеріне елу жыл болғанын тойлау дәстүрі. ~ Шалдар қызыл кеңірдек болып, шаршап барып шайға отырғанда, бұл табысым аз дегендей Пірәли «алтын той» өткізетінін жариялады. Ә.Тар. ~ Мәрзия қанша ақ жарқынсынғанымен бұл жолы бауырлардың сөзі жараспады, әке мен шешенің алтын тойы туралы хабарды Мәрзия үнсіз тыңдады, қуаныш білдіре қоймады, «өткізсек өткізейік», — деді де қойды, шай үстінде Нұр қарындасымен ренжісіп қала жаздады. Ә.Тар.
АЛТЫН ТҰҒЫР
Қасиетті орын, киелі тақ. ~ Қалқақтап жүріп күнелтіп, Үйсін Төле билердің Түйесін баққан құл едің. Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің. Бұқар ж. ~ Асқарға талпынып, аспанда шарқ ұрмақ қыран
қиялдың алтын тұғырындай жиырма бес бір есептен азаматтың талай – тағдырын, болашақ бағдарын айқындайтын сын сағаты да сияқты. С.Ақт. ~ Ауыл деген – жастық шақ, жарқын ғұмыр, Ауыл деген – салт-дəстүр, алтын тұғыр. Тұнықтан жаратылған болмысымсың, Өлеңмен асырайын нарқыңды бір. Е.Нұр. ~ — «Алтын тұғыр қойса да қаз қаңқылдап қона алмас» деген осы екен ғой. Ауызың асқа, иінің киімге жарып есіркегенді қоймай, біреудің аузындағысына таласқан нақ қортық сен емес пе, — деді Бөке де әр сөзін тістене сөйлеп. Б.Жұм. ~ Бұрынғы өткен аналар мұра етіп тастап кеткен алтын тұғыр – үлкендер өнеге көрсетіп, кейінгілер сайланып сарапқа түсер қасиетті төр – қастерлі орынға аяқ ба
АЛТЫН ДІҢГЕК
Әлдебір құбылыстың, ілімнің, отбасының, ұйымның (т.с.с.) негізін қалаушы, тірегі, темірқазығы. ~ Кейін ойласам, бұл бабалардың бабалары бізге қалдырған өсиеттің бір түрі екен. Ойын арқылы: «сен болашақ азаматсың, от басыңның иесісің немесе алтын діңгегісің, болашақ анасың, болашақ әкесің» деген ұғым білдіреді екен. Ш.Мұр.
АЛТЫНДАЙ БАҒА ЖЕТПЕС
Өте қымбат, құнды. ~ Әскербасы қостады: – Жанабымның Ұғыңдар шексіз ұлы даналығын. Алтындай баға жетпес әрбір сөзі – Тынысың, тіршілігің, алар үлгің. БС. «Кенжекей…»
АЛТЫН ЖАҒА (ЖАҒАЛЫ)
Шен-шекпен. ~ Дәл мынау сәт орыс мемлекетінің талайдан бергі бір арманының жүзеге асырғалы тұрған айтулы сәт екенін мына алтын жаға шонжарлар ұға ма екен? Ә.Кек. ~ Шағын топтың алдында – екі иығына зер шашақ секілді бірдеңелерді күлтелендіріп тағып алған алтын иық, алтын жаға жас жігіт. Ә.Кек ~ Мәшиненің артқы есігінен шеңбер ата дөңгеленіп совхоз директоры, оның артынша домаланып қозы қарын тағы біреуі түсті. Соған қарағанда, алтын жағалы шоң мықтылардың көктен түскендей келіп қалғанын жүрегі құрғыр сезді. Ә.Асқ.
АЛТЫНМЕН АПТАП, КҮМІСПЕН КҮПТЕДІ
Қымбат дүниелермен безендендірді, құлпыртты, әшекейледі. ~ Еһе, бұл жұрт өмір сүруді біледі. Қарашы, алдында жатқан ыдыс-аяққа шейін алтынмен аптап, күміспен күптеп тастаған. О.Сәр. ~ Жасауын жақсы жасапсыз ғой өзі. ـــ Құда жақта оңай жасамаған екен, сәукелесін көрдіңдер ме, алтынмен аптап, күміспен көптеген. Б.Жұм.
АЛТЫН ЖАҒА, АҚ КІРЕУКЕ
Билік нышаны. ~ Құрылтай сол жолы жарғы қабылдап, заңы мен жоралғысын мықтап бекітті. Ақ шараға қан құйып, қол малып, бата қылды. Бәтуаласып тарасты. «Цааджин бичіг», балам, халқыңның алтын жаға, ақ кіреукесіне де айналды. Жауға шапса – ұраны, жау тигенде – аттаны да болды. С.См.
АЛТЫННАН АРДАҚТЫ, КҮМІСТЕН САЛМАҚТЫ
Аса құрметті, қадірлі. ~ Қағаз-қаламды дайындап, Сияқұл не айтса соны жазайын деп мен отырмын. Ол қуыс жеңін сол қолымен уыстап алып: − Жаз, − деді. − Аса қадірлі, алтыннан ардақты, күмістен салмақты Кәлінін жолдас! − О кісі қазақша түсіне ме? − дедім мен күмәнданып. Ш.Мұр. ~ Хатты, сірә, жолдас жігіттерінің біреуі жазып берсе керек, өйткені: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, жақсы құрбымыз Ұлтуғанға…» — деп бастап, онан әрі өлеңдетіп әкетіпті, тіпті Орақ айта алады, Орақ құрастыра алады дейтін сөздер емес. С.Мұр. ~ Неге білмеймін? Мен сенен де жас кезімде киноактриса боламын деп сандалдым емес пе? Ақыры міне, біреуге тоқал болып тындым… Бұрын да айтқам, қазір де айтамын: алтыннан ардақты, күмістен салмақты адам керек. Б.Тоғ.
